645
Жезқазған мыс қорыту өндірісінің әлеуеті жоғары
Жезқазған мыс қорыту өндірісінің әлеуеті жоғары
ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өңірдің металлургиялық даму әлеуетін бағалады деп жазды ukimet.kz.
Кәрім Мәсімовке мыс электролизі цехы алаңында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бахтияр Қырықпышев компанияның құрылымдық бөлімшелерінің және түсті металлургияның әлемдік нарықтағы және еліміздегі әлеуеті жөнінде мәлімдеді.
Өткен жылы корпорацияның бөлімшелері, оның ішінде Жезқазған мыс қорыту зауыты шамамен 223 мың тонна катодты мыс өндірді. Бұл жоспардағы көрсеткіштен 3%-ға артық. Әлемдік экономиканың қиындығына, сұраныс пен бағаның төмендігіне қарамастан, кәсіпорын тобы мыс өндірісін 2014-2015 жылдардың көлемімен бірдей деңгейде ұстап тұруға ниетті.
2016 жылдың алғашқы жарты жылдығында корпорация бөлімшелері 111 мың тонна катодты мыс өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық.
2014 жылы зауыт күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуден өткізу жұмысының жалғасы ретінде зауыт төмен сұрыпталған (құрамында металл аз шикізат) кеннен мыс өндіруші инновациялық өндіру технологиясы жобасын жүзеге асырып жатыр. Құрамында металл аз кенді қайта өңдеу Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Себебі жаңа технологиялар кеніштерде жиналып қалған балансталған кенді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кәсіпорын ескі технологиялар – пирометаллургияны (электр балқыту) қолдану арқылы мыс өндіреді. Мұнымен қатар, төменгі сұрыпталған гидрометаллургиялық қайта өңдеу шикізаты арқылы катодты мыс алу үшін сынақ жұмыстары жүргізіледі.
Б.Қырықпышевтың айтуынша, инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде металлургиялық өнеркәсіптер шикізат базасын қайта құруға және 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған өндірістің тиімді жұмыс істеуін кеңейтуге мүмкіндік алады. Ал ең бастысы халықты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Компания Қазақстанда мыс концентратын өндіру бойынша екі гидрометаллургия зауытын салуды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков Премьер-министрдің алдында Жезқазған өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру жөнінде есеп берді. Оның мәлімдемесі бойынша, 2020 жылға дейін өнеркәсіптік кәсіпорындарды жөндеуден өткізу, инфрақұрылым құрылысы, геологиялық барлау жұмыстары жөнінде 88 іс-шара өткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 28 іс-шара аяқталып, осы жылы тағы 7 жоба жүзеге асырылады.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге бағытталған.
ИИДМБ бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында металлургия бірінші кезекте тұратын 6 өңдеуші өнеркәсіп салалары іріктеліп алынды. Сонымен қатар, химия, мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тағам өнеркәсібі басты назарда тұр.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарының Қазақстандағы үлесі – мыс концентраты 85%-ды,тазартылған мыс 90%-ды құрайды. Қазақстандық мыс негізінен Қытайға, Ресейге және Өзбекстанға экспортталады. Бүгінде компания Қазақстандағы шикізат базасын Бозшакөлдегі (Павлодар облысы) және Ақтоғайдағы (Шығыс Қазақстан облысы) жаңа кен орындарын игерудің есебінен кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Елімізде мыс кенін өндіру жұмыстарын «Қазцинк» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Майқайыңалтын» АҚ жүргізіп жатыр.