254
Оқулықтардың 99 пайызы мектептерге жеткізілді
Оқулықтардың 99 пайызы мектептерге жеткізілді
Жаңа оқу жылы қарсаңында оқулықтарды жеткізу 99%-ға жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сұханбердиева ОКҚ-де өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді деп жазды ukimet.kz.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында оқулықтарды жеткізу 24 тамыздағы жағдай бойынша 99%-ға жүзеге асырылды. 14 өңірде оқулықтарды тасымалдау бүгінгі таңда аяқталды, екі өңірде жалғасып жатыр: Оңтүстік Қазақстан облысында - 96%, Ақтөбе облысында – 93%», - деді вице-министр.
Э. Сұханбердиева баса айтып өткендей, оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылауында тұр.
«Жалпы білім беру жүйесі жаңа оқу жылының басталуына дайын. Бүгінгі таңда кейбір сұрақтарды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешуді жоспарлап отырмыз. Бақылауды ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жеке мойнына алды. Әлеуметтік салаға жауапты әкім орынбасарлары, және білім беру басқармаларының басшылары күн сайын оқулықтар, жеткізу және тамақтану бойынша есеп береді. Жалпы бәріміз де балаларды жаңа оқу жылының басталуына қабылдауға әзірміз», - деді Э. Сұханбердиева.