222
Балалалар арасында кавасакиге ұқсас синдром артуы мүмкін
Балалалар арасында кавасакиге ұқсас синдром артуы мүмкін

«Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева осылай деді.
Дәрігер ҚазАқпаратқа берген сұхбатында: «Коронавирус инфекциясы кез келген жасқа, балаларға да, ересектерге де жұғатынын атап өткен жөн. Балалар да коронавирус инфекциясымен ауырады. Дегенмен, оларда ересектерге қарағанда ауру біршама жеңіл өтеді. Балалар көбіне симптомсыз түрін тасымалдаушы болады. Яғни, оларда аурудың ешқандай белгісі байқалмайды. Алайда, коронавирус инфекциясымен ауырған балалаларда 2-4 апта өткеннен кейін мультижүйелі қабыну симптомы пайда болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет. Мұндай кезде бірқатар ағза мен жүйе зақымданып, баланың жағдайы өте ауыр болады. Дене қызуы үнемі жоғары болып, дәріге де түспейді. Теріде бөртпе пайда болып, өкпе, бас миы, буындар қабынады. Сондықтан да балаларды коронавирус инфекциясын жұқтырып алмауы үшін барынша қорғаған дұрыс болар еді», – деді.
Осы ретте дәрігер ел азаматтарын мамандардың кеңесіне құлақ асуға шақырды.
«Әрине, балалар ойнағысы, достарымен кездескісі келеді. Дегенмен, олар вирус жұқтырып алмауы үшін барынша қорғау қажет. Кей адамдарда «балалар қазір ауырып алсын, содан кейін оларда тұрақты иммунитет қалыптасып, ауырмайтын болады», – деген жақсақ пікір бар.
Сонымен қатар ол балалалар арасында кавасакиге ұқсас синдромның өту мүмкіндігі бар екендігін де жасырмады.
«Кавасакиге ұқсас синдром бойынша тәртіптік комиссиясының мүшесімін. Бүгінде балалар арасында мұндай синдромның өсімі байқалып отырған жоқ. Бірақ, аурудың сәл кейінірек, яғни белгілі бір уақыттан пайда болуы мүмкін екенін де естен шығармауға тиіспіз. Осынау эпидемиологиялық циклдің өз заңы бар. Сондықтан салғырттыққа жол беруге болмайды. Барлық уақытта сақтық шараларын қаперден шығармай инфекционист дәрігердің ұсыныстарын ұстану қажет», – деді Динагүл Баешева.