268
Мектеп табалдырығын 370 мыңға жуық бала аттайды
Мектеп табалдырығын 370 мыңға жуық бала аттайды
Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мың оқушы барады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті.
«Биыл Қазақстан мектептеріне 2,8 миллионнан астам оқушы барады, сонымен қатар мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер саны 370 мыңға жуық. Жергілікті атқару органдарының ақпаратына сүйенсек, жаңа оқу жылында жұмыс істейтін мектептер саны 7 126-ны құрайды. Ағымдағы жылы 92 мектепті пайдалануға беру жоспарланса, 1 қыркүйекке дейін 60 нысан тапсырылады, ал 2016 жылдың соңына дейін 32 мектептің құрылысы аяқталады», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, биыл пайдалануға берілетін 92 нысанның ішінде 31-і үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге, 29-ы апатты нысандарды алмастыруға және 14 мектеп оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға негізделген. Сонымен қатар 13 мектеп лайықталған ғимараттарды алмастыруға, тағы бесеуі мектептері жоқ елді мекендерде салынуда.