«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмысын Түркістан облысы Қазығұрт тауының етегіндегі «Кеме қалған» алаңында «Ауылдықтар атқа қонды, қолдайық!» атты акциямен бастады. Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанының басталғанын осындай символикалық реңкте паш етті.
«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Қарлығаш Аралбекова мен ақын Дәулеткерей Кәпұлы құттықтау сөз сөйледі.
Әли Бектаевтың айтуынша, аңызда адамзатты су тасқынынан құтқарған Нұх кемесі осы Қазығұрт тауына тоқтаған. Сондықтан адамзат баласының өсіп-өнуі дәл осы жерден бастау алады дейді аңыз.
«Сондықтан қасиетті Қазығұрт жерін жаңғыру және жаңару мекені деп атауға болады. Сол себепті «Ауыл» партиясы өзінің үгіт-насихат науқанын осы жерден бастауды ұйғарды. «Атқа қону» ұғымы халқымыздың мүддесін қорғау үшін күш жұмылдыруды білдіреді. Атқа қонғандар жақсылықтың жаршысы, партияның жоспары мен ұсыныстарының хабаршысы болады. Барлық кандидаттың бірінші кезектегі міндеті – партияның сайлауалды бағдарламасын әр ауылға, әр қазақстандыққа жеткізу» – деді ол.
Ақсақалдар атынан мемлекет және қоғам қайраткері, «Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының басшысы Исмат Тұрсынқұлұлы тілек білдірді.
Ал отандық эстрада өкілдері – Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамкүл Тантабаева, Бәкір Бектұров, «Мегаполис» триосы, Павел Ким ауыл жайлы, Отанға деген сүйіспеншілік туралы әндер шырқады.
Іс-шара «Ауылдықтар атқа қонды» шеруімен аяқталды.