5203
Коронавирус жұқтырған оқушы көп: БҚО-да бес мектеп карантинге жабылды
Коронавирус жұқтырған оқушы көп: БҚО-да бес мектеп карантинге жабылды
Батыс Қазақстан облысында желтоқсан айында 29 оқушыдан індет шығып, бес мектеп карантинге жабылды.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың 12-сінде ауру белгілері болған, қалған 17-сінде симптомсыз өтуде.
Коронавирус бес мектептің 8 сыныбында анықталуына байланысты науқастармен қарым-қатынаста болған оқушылар мен мұғалімдер үйлерінде оқшауланды. Орал қаласы мен аудандардың бас санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес бес мектеп карантинге жабылды. Оқушылар індетті отбасы мүшелері мен туысқандарынан жұқтырған. Балабақша мекемелерінде желтоқсан айында ковид тіркелген жоқ.
Сондай-ақ өңірдегі медициналық мекемелер де штаттық режимде жұмыс жасауда.
Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, облыста 1 желтоқсаннан бері барлығы 370 адамның ауырғаны тіркелсе, соның 215-і немесе 58,1 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сол секілді Бөрлі ауданында – 54, Бәйтеректе – 49, Ақжайықта – 10, Теректіде – 7, Тасқалада – 6, Жаңақала мен Бөкей ордасында – 5, Шыңғырлауда – 4, Сырымда 1 адам сырқаттанған. Жәнібек пен Қаратөбе аудандарында бұл айда індет тіркелген жоқ. Облыс бойынша жалпы індет жұқтырғандар саны 8447-ге жетіп, соның 7505-і сауығып шықса, 144-і көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 119 мыңға жуық адамның сақтандырылмағанын жазған болатынбыз.