234
Тәжікстан парламенті "Рақымшылық туралы" заң қабылдады
Тәжікстан парламенті "Рақымшылық туралы" заң қабылдады
Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы 24 тамыздағы кезектен тыс отырыста "Рақымшылық туралы" заң жобасын мақұлдады. Құжатты депутаттарға Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон таныстырды.
Тәжікстан социалистік партиясының депутаты Абдухалим Гаффоров, заң жобасын талқылау кезінде, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ауруға шалдыққан сотталушылардың бостандықта тиісті ем қабылдауын қамтамасыз етуді ұсынды.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 17 тамызда парламентке "Рақымшылық туралы" заң жобасын жолдады. Құжат 9 қыркүйек - Тәжікстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орай ұсынылды.
Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, "алдын ала есеп бойынша, заң 12 мың сотталушыны, айыпталушыны және күдіктіні қамтиды". Атап айтқанда, 3 мыңнан астам сотталушы түрмеден босатылады және 4 мың шартты жаза алғандар жауаптан босатылады. 5 мың адамның қылмыстық ісі жабылып, тағы көптеген адамның жаза мерзімі қысқартылады.
Президент әкімшілігінің мәліметі бойынша, рақымшылық әйелдерге және кәмелет жасқа толмағандарға, 55 жастан асқан ер кісілерге, мүгедектерге, ісік және жүрек ауруларына шалдыққандарға, ҰОС ардагерлеріне, Чернобыль ардагерлеріне, мемлекеттік сыйлық иегерлеріне және шетел азаматтарына жарияланады.