Кеткендер көп, келгендер аз

Кеткендер көп, келгендер аз

Кеткендер көп, келгендер аз
ашық дереккөзі
645
Биыл қаңтар-қыркүйек аралығындағы 9 ай ішінде елден 21 мың адам біржола көшіп кеткен. Бұл ақпарат – Ұлттық статистика бюросының дерегі.  Қоныс аударғандардың басым көпшілігі Ресейге кеткен, олардың саны 18 мыңнан асады. Екінші орында – Германия. АҚШ үштікті түйіндеп тұр. Осы 9 айда елге 9 233 адам көшіп келіпті. Айырмашылық – 11 846 адам. Осылайша көші-қон сальдосы теріс көрсеткішке шықты. Тек биыл ғана емес, 2017 жылы 37 704, 2018 жылы 41 894, 2019 жылы  45 231 адам шетелдің азаматы атанған. Ал жалпы халық саны керісінше, табиғи өсімнің ықпалынан артып жатқаны мәлім. Бірақ келім-кетімдегі теңсіздіктің теріс көрсеткішке ауып кеткені сарапшыларды алаңдатып отыр. Олардың пікірінше, бұл жердегі басты мәселе санда ғана емес, эмигранттардың көбеюі сапаға да кері әсер етіп жатқан көрінеді. Енді Түркиядан баспана алу сәнге айналыпты. Жастар да сәті түссе елден кетіп қалуды мақсат тұтатын болған. Неліктен қазақстандықтар шекара асуға, шет елге көшуге құмар?

Сандар сөйлесін

Қаңтар-қыркүйек аралығында ел­­ден кеткен 21 079 адамның 19 032-сі ТМД елдеріне көшкен. Ал олар­дың 18,6 мыңы Ресейді таңдапты. Одан бөлек, Гер­манияға 1 399, Америка құрама штат­тарына 170 қазақстандық қоныс ау­дар­ған. Осы 9 ай ішінде елге 9 233 адам ке­­­ліпті. Мигранттардың 54,4 пайы­зы  қа­зақтар болса, 21,1 пайызы орыс­тар, 4,4 пайызы өзбектер екен. Ал эмиг­­рант­тардың 71,2 пайызы орыстар, 7,9 пайызы немістер, 7,1 пайызы ук­раин­­дар және 4,3 пайызы қазақтар. Эмигранттардың саны бес жыл қатарынан өсіп, мигранттардан басым болып келеді. Соңғы рет ресми ста­тистика бойынша сыртқы көші-қон­­ның оң сальдосы 2015 жылдың ақ­­пан айында байқалған. Бір жыл бұ­рын­ғы жағдаймен салыстырғанда Қа­зақ­станға келгендердің саны 15,4 пайыз­ға ұлғайған, ал республикадан кет­кендердің саны 38,4 пайызға қыс­қар­ған. Бұған пандемияның әсері бар, әйт­пегенде биыл да жат елге қоныс ау­дарушылар саны бұрынғыдан артық бол­маса, кем түспес еді. Коронавирус инфекциясының та­­ралуына байланысты транс­ше­каралық жолаушылар қатынасы шек­телді. Пандемияға дейін, қаңтар-нау­рыз аралығындағы 3 ай ішінде 7,3 мың адам, ал қаңтар-маусым аралы­ғын­дағы деректер бойынша 10 977 адам кеткен. Карантин уақытындағы соң­ғы үш айда 3 600-ден астам адам ғана көшіпті, бұл алдыңғы үш аймен салыстырғанда 2 еседей аз. Осы себепті 2020 жылдың сәуірінде соңғы бес жыл­да алғаш рет Қазақстанға келгендердің саны елден кеткендердің санынан асып түсті. Сәуір айында республикаға тұ­рақты тұруға 92 адам келіпті, ал шет­елге 34 адам кеткен, яғни сыртқы кө­ші-қонның оң сальдосы 58 адам бол­ған. Мамыр айында сыртқы көші-қон саль­досы тағы да оң болды. Алайда, ка­рантин шараларының жеңілдетілуі маусым айында сыртқы көші-қон саль­досының қайта теріс көрсеткішке шығуы­на (-1 204 адам) ықпал етті. Шіл­де және тамыз айларында бұл көр­сеткіш тіпті өсіп, -2 708 және -2 635 адам­ға дейін жеткен.

Эмигранттардың басым бөлігі – тарихи Отанына оралып жатқандар

Қоныс аударғандардың саны жа­ғынан Қарағанды облысы, Ре­сеймен шекаралас Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары көш бастап тұр. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, эмигранттардың 71,2 пайызы орыс ұл­тынан және Ресейге қоныс аударған­дардың үлес салмағы басым. Яғни, ел­ден кеткендердің басым көпшілігі – өздерінің тарихи Отанына оралып жат­қан орыс ұлтының өкілдері. Бірақ сарапшылардың біразы эмигранттардың басым бөлігі жоғары білімді азаматтар екенін алға тартып, ми күші азайып қалуынан қауіп­теніп отыр. Жалпы, эмигранттардың елдегі бі­лім сапасының төмендеуіне қан­дай да бір ықпалы бар ма? Жалпы адам­дарды елден біржолата көшуге не итер­мелейді? Осы орайда сарапшы Мақ­сат Имандосовтың пікірін білген едік. «Әркім әртүрлі жағдаймен елден ке­теді. Соған қарай себеп те сан алуан. Кей­біреулер оқып, білім алу үшін, енді біреулер жұмыс істеу үшін кетеді. Не­гізі­нен басты екі себепті атап өтер едім. Ал­ғашқы себеп – ішкі жүйедегі кем­ші­лік­тер, жағдайдың жасалмауы, жұмыс ор­нының тапшылығы деген сияқты. Бізде осы жұмысқа орналасу жағынан қиын­шылықтар көп. Ал шетелдерде біз­бен салыстырғанда өндіріс болсын, бас­қа сала болсын өркен жайып, да­мы­ған, сәйкесінше жұмыс орындары да көп. Екіншіден, негізі елден көшіп жат­қандардың басым бөлігі орыс ұлтының аза­маттары. Олар тарихи Отанына ора­лып жатыр. Десек те, екінші жағынан, мұн­дай жағ­дай тек қана бізде емес, бүкіл әлем ел­дерінде бар. Тіпті, Гер­ма­ния, АҚШ сияқ­ты алпауыт елдерден де жыл сайын қыруар адам кетіп жатады. Ал эмигранттардың білім көр­сет­кішіне келетін болсақ, онда алаң­дай­тын­дай ештеңе жоқ. Олардың ара­сын­да жоғары білімділер де, орта білімі бар­лар да, білімі жоқтар да бар. Яғни, алаң­дайтындай ештеңе жоқ. Бірақ бәрібір де, елімізде әлі де бол­сын жақсы өмір сүруге то­лық жағдай жасалмағанын ұмытпауы­мыз керек. Батыс елдерінде жалақы жо­ғары, өмір сүру деңгейі де соған сәй­кес. Мысалы, инженерді шетелде мүл­де жоғары бағалайды. Шетелде оқы­ғандарға сол жақтан жұмыс ұсын­са, әлбетте өзге елді таңдайды», – дейді Мақсат Имандосов.

Негізгі себептердің бірі – жұмыссыздық

Расымен де, жұмыссыздық  жас­тар­дың жолын бөгеп, жігерін құм ететін бас­ты проблемалардың бірі болып тұр. 2020 жылдың II тоқсанындағы қоры­тынды бойынша, елімізде 453 971 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал 2018 жылы ЖОО түлектерінің 60 пайызға жуы­ғы мамандығы бойынша жұмысқа ор­наласа алмаған. Осының бәрі айна­лып келгенде, жастарды несібесін өзге ел­ден іздеуге итермелейді. Көшіп кет­кен қазақтардың басым көпшілігін шет­елдерге қызмет, жайлы өмір туралы арман жетелейді. Онымен қоса, бізге шет­ел көбінесе жарнама арқылы та­ныс. Туристерге де ол жақтың тек күн­гей тұстарын көрсетеді. «Бәлен жерде ал­тын бар, барсаң бақыр да жоқ». Жал­пы, мінсіз өмір болмайтыны қаперден шы­ғып кетеді. Солайша, шетелде жаза­тайым жағдайға ұшырап жатқандар да жоқ емес. Еңбек мигранттарының әлемдік армиясы кеңейіп, қазір 164 мил­лион адамнан асқан. Бұл – Ресей хал­қының санынан көп көрсеткіш. Әлем бойынша әрбір бесінші қызмет­кер шетелдік екен. Дамыған елдер бар­­лық еңбек көші-қонының 68 пайы­зын құрайды. Жалпы, бізде ғана емес, әлем бойын­ша, эмигранттар мен миг­рант­тардың басым бөлігі өзге елден екі қолға бір күрек іздеушілерден құра­лады. Жұмыссыздықтан кейін біт­пей­тін баспана мәселесі бар. Қалтасы қа­лың байлар мен шенеуніктердің шет­елден жарысып үй салуы басқа мәселе, қа­зір жағдайы жеткендердің көбі Түр­киядан үй алуды «трендке» айнал­дыра бастады.

Баспана үшін басқа жұртқа

Қазақстан жұлдыздарының Түркиядан жарысып баспана алып жатқаны туралы әлеуметтік же­лілерде ақпарат өріп жүр. Жарнамалап, бағасының арзан екенін айтып, елдің құлағына алтын сырға үлестіріп жүр­ген­дер де бар. Бірақ не дегенмен, біздің елде баспаналы болу – бұйыруы қиын бақ сияқты. «Түркиядан үй алып жатқан қазақ­стан­дықтар көп. Өйткені бұл жақта үй ба­ғалары Нұр-Сұлтан мен Алматыға қара­ғанда әлдеқайда арзан. Мысалы, люкс кешендерде (хауыз, фитнес, кон­сьержі бар) екі бөлмелі пәтерді 16-17 миллион теңгеге алуға болады. Кәдуілгі көп кабатты жаңа үйлерден екі бөлме­лі пәтерді 8-11 миллион теңге шама­сын­да таба аласыз. Яғни, Нұр-Сұлтан қа­ласынан бұл бағаға бір бөлмелі пә­терді алу да мүмкін бола бермейді. Та­был­са да, көңілге қонымды, сапалы жөн­деу жұмыстары болмауы мүмкін. Үй сатып алуда қиындық жоқ. Тек қана 3 пайыз мүлік салығы, 3 пайыз риэлтор кызметі үшін ақы тө­­­ленеді. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері барлық алым-сатым риэлторлар ар­қылы жасалуы керек  деген заң бекі­тіл­ді. Шетел азаматтары тағы да мем­ле­кеттік органнан үй бағасын растай­тын кызмет үшін де экспертке ақша тө­лейді. Бұл шетелдіктерді алаяқтардан қорғау үшін ойластырылған», – дейді Измир қаласының тұрғыны Толғанай Төлеубай. Ал бізде баспана алу машақат, со­дан соң қарызын жабу да – машақат. Иә, баспанаға қатысты бағдарламалар көп, жарнамалары да жер жарады, бі­рақ көп нәрсе әлі де болса ескерілмей ке­­леді. Банк тарапы қойған талап екі­нің біріне оңай емес. Пәтер жалдап тұ­ру­дың өзі көп адамның қалтасына едәуір салмақ түсіріп отыр бүгінде. Ха­лық тапқан-таянғанының жартысын, тіпті одан да көбін пәтерақыға төлейді. Жастар үшін бұл екі есе қиын. Осы жылдың наурыз айында ел­дегі және әлемдегі дағдарыс­қа қарамастан, елімізде жылжымайтын мүліктің бағасы одан әрі өскен. Мәсе­лен, көп қабатты үйлердегі жаңа пә­тер­лердің шаршы метрінің құны бір ай­да 0,1% пайызға, бір жылда 7 пайыз­ға ұлғайып, 1 шаршы метрдің құны 297,2 мың теңгеге жеткен. Сондай-ақ наурыз айында пәтер­лер­ді жалға алу ақысы да бір айда 1,6 пайызға және жылына 7,9 пайыз­ға өсіпті. Біздің елге келуші мигрант­тар­дың бар­лығы дерлік қандастар екені белгілі. Осы баспана мәселесі қан­­­­дастардың да бас ауруына айнал­ға­лы қашан.

Қандастарға кедергі көп

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 10,9 мың қандасымыз қандас мәр­те­бе­сін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері елі­мізге 1 миллион 68,3 мың этни­ка­лық қазақ оралыпты. Бірақ бұрын­ғы­дай емес, қандастардың көші біраз сая­бырсыған. Қандастардың алаңсыз, қа­персіз елге келуіне басты кедергі құ­жат мәселесі екені белгілі. Оған қоса қан­дастарға бөлінетін квотаның саны да жылдан-жылға азайып келеді. Аза­маттық алу, ықтияр хат мәселелері де бөлек әңгіме. Әйтеуір азаматтық ал­дым-ау дегенде алдарынан баспана проб­лемасы кесе-көлденең тұрады. Жұмыспен қамтылатынына да ешкім ке­пілдік бермейді. Оған қоса, енді ғана кө­шіп келген қандасты жұмысқа қа­былдамай қою фактілері де жиі кез­деседі. Соның салдарынан шеттен кел­ген қандастардың арасында баспа­на­сыздар мен жұмыссыздар саны кө­бейіп жатыр. Ал биыл келген қандас­тар­дың 62,7 пайызы – еңбекке жарам­ды. Тағы бір айта кететін нәрсе – жер­гілікті зейнеткерлер мен қан­дас зейнеткерлердің екеуі де Қазақ­стан азаматы болса да, еңбек еткен жылдарын есептеу нормасы әр басқа. Қордаланып келіп, үлкен проб­ле­­­маға айналып отырған осы қатарлы мәселелер қандастардың елге келуінің саябырлауына әкеліп отыр. Қандастар мәселесінің түбегейлі ше­шілуі әлі де болса біраз уақытты талап ететіні анық. Бір елден бір елге қоныс аудару – сананы өзгерту, мәдениетті, менталитетті ауыстыру. Яғни, атажұрты болмаса, адамға туған жерін, өскен ортасын тастап, бөтен елге, жат жерге кету оңай емес. Бірақ біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген тағы бар.  Дегенмен де көші-қонның ел экономикасы мен демографиясына ықпалы зор екені белгілі. Әсіресе, біз үшін әрбір адам құнды да қымбат.

Ділда УӘЛИБЕК

Серіктес жаңалықтары