755
Мереке Құлкенов: Сән-салтанаты, байлығы тасыған жерден қазақ тілін таппайсың
Мереке Құлкенов: Сән-салтанаты, байлығы тасыған жерден қазақ тілін таппайсың
– Сізбен ұлық мерекеміз Тәуелсіздік күні қарсаңында сұхбаттасудың реті келіп тұр. Мұндай ұлттық мейрамдарымызды тойлауда нені ескерген жөн?
– Тәуелсіздік алғалы Құдайға шүкір, қазақтың рухын көтеретін мейрамдар көбейді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Соның ішінде Тәуелсіздік жарияланған күннің әрине, орны бөлек. Дегенмен сол азаттығымыз үшін жанын пида еткен, жазаға тартылған боздақтарымызды еске алатын күніміздің жөні бір басқа. Сондықтан ойланып-толғанып бұл ұлық мерекеміздің мән-мазмұнын, ұйымдастырылуын өзгерту қажет деп ойлаймын.
Қазақ үшін дербестік алған күннен артық ұлы той, ұлан-асыр қуаныш болмақ емес. Алайда Желтоқсан көтерілісі оның көлеңкесінде қалмауы тиіс. Қайта оның мазмұнын қоюландырып, салмағын арттыратын тағдырлы тақырып – Желтоқсан. Аталған оқиғаны қазіргі жастар ұмыта бастағандай. Себебі біз кеңестік жүйеге қарсы 1986 жылғы бас көтеруді айтуды сиретіп барамыз. Екіншіден, Желтоқсан көтерілісі жайлы жақсы көркем шығарма туған жоқ әзірге. Болашақта жазылар деп сенемін. Себебі қаламгерлер уақыт өте келе, жаңа көзқараспен қайта қорытып, ерекше дүниелер туғызады.
– Әңгіме ұлттық мейрамдарымыз жайлы болып отырғанда туатын сауал, жалпы осы той, тойшылдық саясатының әлі де қазаққа берері мол деп ойлайсыз ба?
– Әрине, бұл үлкен саясат. Мәселен, 2020 жыл дүниежүзі халқына, соның ішінде қазаққа да өте қиын жыл болды. Вирустың беті әлі қайтпай тұр. Соған қарамастан Президентіміз өзі бас болып, ғибратқа толы мақала жазып, ұлы Абайдың туған күнін тамаша атап өттік. Абай даналығын жас ұрпаққа сіңіруге Үкіметтен бастап қарапайым адамдарға дейін атсалысты. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Алтын Ор-даның 750 жылдығы да аталып өтті. Ерекше айтар жайт – Алтын орданы мектеп оқулықтарына дұрыстап енгізуіміз қажет. Ол біздің шын тарихымыздың бастауы. Скиф-сақтардан басталатын тарихымыз өз алдына, қазақтың қазақ болып қалыптасуында Алтын Орданың үлесі үлкен. Алтын орданың негізін қалаған Жошы қазақ жерінде жатыр. Оның ұрпақтары Еділ-Жайық бойына қаншама қалалар салды. Ол – біздің тарихымыз. Қазақ мемлекеті – Алтын орданың тікелей мұрагері. Демек, Алтын Орданың 750 жылдығы – төл мерекеміз.
Қазақтың тойшылдығында бір тұрғыдан асыра сілтеп жіберетін көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Бірақ біз секілді батырларын, жазушылары мен өнер адамдарын, ғалымдарын елеп-ескеріп отыратын халықтар дүниеде көп емес. Тіпті, алпауыт көршіміз Ресей де көптеген жазушыларын ұмыт қалдырды. Баяғыдай мықты қаламгерлерін ұлықтап жатқан жоқ. Бұл орайда қазақ қаламгерлерінің мерейтойлары аталып өтіп келе жатқаны – тікелей Қазақстан Жазушылар одағының ең үлкен жұмыстарының бірі.
– «Ана тілі» газетінде бас редактор болдыңыз, сосын сол газеттен бастап біраз басылым құрамына енетін «Қазақ газеттері» серіктестігін басқардыңыз. Ал қазір сол қызметтен кеткеніңізге де бір мүшел (12 жылдан асты). Мемлекеттік тіл саясатында ілгерілеу байқала ма?
– Мемлекеттік тіл саясаты, айта-айта жаңағы әзірде өзің де айтқандай әбден жауыр болған тақырып. Солай екен деп қазақ қаламгерлері айтпасқа тағы лажымыз жоқ. Тіл үшін күрес сонау Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов заманынан жалғасып келеді. Сол заманнан мұсылман мектептерін ығыстырып, азайтып, орыс мектептерін ашу ісі үздіксіз жүргізілді. Ол Жәңгір ханның, Абай мен Шәкәрімнің тұсында Патша үкіметі арнайы қаржы бөліп, қолға алған шаруа. Ұлт тілін қолданыстан шығару мәселесін кеңестік идеология аса іскерлікпен жалғастырды. Кеңес Одағы ұрпақты орысша тәрбиелеуге жетпіс жылда үлкен еңбек сіңірді. Соны көріп өстік. Менің қорқатыным – сол үрдіс әлі жалғасып келе жатқандай. Өз тілімізді қолдауға тым сылбыр, немқұрайлы қараудан айыға алмай келеміз.
Мемлекеттік тіл саясаты – Президентіміз өзі басында тұрған мемлекеттік саясат. Сондықтан оған қатты көңіл бөлуіміз қажет.
Өзің айтқан газетте жұмыс істеп жүрген жылдарда, әр облыста тіл басқармалары бар еді. Қазір солардың біразы жабылып қалды. Неге олай? Түсініксіз. Кезінде үлкен қоғам құрылды. Оның жұмысы да бар мен жоқтың ортасында. 2020 жылға дейінгі арнайы бағдарлама бойынша Қазақстан халқы биыл жүз пайыз қазақша сайрап кету керек болатын. Олай болмады. Өкінішке қарай бұл тұжырым үлкен мінберден айтылған болатын. Мемлекеттік тіл туралы заң мен бағдарламалар меніңше 70-80 пайыз орындалған жоқ. Қазақстанда бірде бір заң қазақша жазылған емес. Тіл туралы заң қазақша жазылды деп мақтанатындар бар. Өтірік. Өтірік екенін мен білемін.
Бұл бағытта ілгерілеу бар ма дейсің, ілгерілеу мектептен, балабақшадан басталады. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов балабақшаларды түгел қазақшалайық деді. Ол жасалмады. Барлық облыстың іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы да бастамасы болған. Батыс облыстар соған көше бастаған. Қазір қайтадан орысшаға ауысты. Іс қағаздарын да алдымен орысша жазып, қазақшаға аудару, аудармашы ұстау үрдісі де аталмыш саясаттың ілгері басқан аяғын кері кетіретін қиямпұрыс әрекет. Мемлекеттік қызметкер ме, ол іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізуге міндетті.
Күні бүгін дүкендерде, орталықтарда, мейрамханаларда хабарламалардан ас мәзіріне дейін бәрі-бәрі орысша. Сән-салтанаты, байлығы тасыған қандай жер бар, сол жерде қазақ тілі жоқ. Өйткені ондай құрылымның егесі – үлкен олигархқа қазақ тілі керек емес. Ал заң бәрімізге ортақ. Соларды мойындатпай жағдайымыз жақсармайды.
– Латын әліпбиіне көшу жайында күдік-күмән жоқ емес. Ең бастысы, Ресей ықпалына қатысты бұл шаруа аяқсыз қалмас па екен деген де қаупіміз бар (?)
– Олай болғанда Тәуелсіздігіміз қайда қалады? Басталған іс тоқтамайды деп ойлаймын. Кирилицамен шыққан мұраларымыздан қол үзіп қаламыз деушілер бар. Меніңше қате пікір. Технология дамыған қазіргідей заманда, жалғыз күнде сол алфавитке ауыстырып аламыз. Ал әліпбидің мемлекеттік тілге әсері жайына келсек, алдымен қазақ тілділер, сосын орыс тілділер де кезең-кезеңімен өтеді деп ойлаймын. Сонда бір алфавит болады. Осы біртұтастық мемлекеттік тілдің де пәрменділігін арттыруы тиіс.
– Сіз соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеп жүрсіз. Енді ұлттық әдебиетіміздің қам-қарекетіне ауыссақ. Баспагер ретінде немістермен және басқалармен араласып жүргеніңізді білеміз. Оларда әдебиеттің дамуы, кітап бастыру ісі қалай жолға қойылған? Солардың ізімен жүретініміз анық қой.
– Әлемдік ақпарат құралдарында «Қағаз бетіне шыққан әдебиеттің күні өтіп барады» деген пікір айтылып жүр. Меніңше ұшқары айтылған сөз. Кітапсыз адам баласының мәдениеті дамымайды. Ал қазақ қаламгерлері басқаша ізденуіміз қажет. Қалай болғанда да қазіргі заманауи әдебиетке жақындай түспей болмайды. Еуропада немістер бар, басқасы бар әдебиеттері өсу үстінде. Өмірдің тек қара жағын жазуда да емес, жарқын беттерін көрсетуде де олар алға озып кетті. Өте ауыр, адамның жан дүниесіне тиетін психологиялық туындылар бой көрсетуде. Фантастиканы да жан-жақты дамытуда. Бізде фантастикалық шығармалар мүлдем жоқ. Психологизм, қым-қуыт оқиғалы детектив бәрі-бәрін дамытуымыз керек-ақ. Қазақ балалар әдебиеті де біртүрлі бір жерде тұрып қалғандай, әлде өз шеңберін өзі айналып қана жүргендей әсер қалдырады. Сол мені қатты ойландырады.
Кітап, баспа мәселесіне келсек, шетелдерде жазушы баспамен келісімшартқа отырады. Мысалы, америкалық Элизабет Костова деген жазушымен, «Тарихшы» деген романын шығару үшін 23 елдің баспагерлері келісімшартқа отырған. Оның ішінде орыстар да бар. Сондай-ақ еліміз кітап дүкендерінің кез келгенінен табуға болатын Милан Кундера деген тегі чехословакиялық, бірақ Францияға кетіп қалып французша жазған жазушы бар. Оны да орыс баспагерлері шығарған.
Орыс баспагерлерінің артықшылықтары көп. Қазір әлемге бейтаныстау бір жазушы Нобель сыйлығын алса, ертеңінде соның шығармалары орысша шығып жатады. Олар солай қалыптасқан. Біздер олардың қасында дүниежүзі халықтарының тілдеріндегі небір керемет шығармаларды, өз тілімізге әлі күнге аудара алмай жүрміз. Орыстарды асырап отырған ТМД елдеріндегі оқырмандар. Орысша кітап данасы да азайды. Бес-алты мың. Ұзағанда он мың. Қазақша мықтағанда 100-200 кітап өтеді. Жақсы кітаптарға жарнама керек. Қазақ телеарналары кітап жарнамасына ден қойса, кітап өтер еді. Ол да тауар ғой. Соның арқасында баспалар дамып, авторлармен келісімшартқа отыратын халге жетер едік. Халықтың рухани деңгейі көтерілер еді. Ұйымдастыра алсақ, талай жетістіктерге жетуге мүмкіндігіміз бар. Қалай дегенмен де, өз тізгіні өз қолындағы елміз ғой.
Әңгімелескен
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ