Қызыл кітапқа енген ағашты заңсыз кескендер 2,6 млн теңге айыппұл төлейді

Қызыл кітапқа енген ағашты заңсыз кескендер 2,6 млн теңге айыппұл төлейді

Қызыл кітапқа енген ағашты заңсыз кескендер 2,6 млн теңге айыппұл төлейді
ашық дереккөзі
220
Қызыл кітапқа енген ағашты заңсыз кескені үшін салынатын айыппұл 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.  «Соңғы кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алғаны белгілі. Осыған байланысты министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтады. Бірінші, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көшеттерді күтіп ұстау мен қорғаудың қағидаларына толықтыру енгізіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке жәнге заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. Оның айтуынша, бұдан бұрын бұл нормалар осы қағидаларда болмаған. «Екінші, Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Үкімет қаулысының тиісті жобасы да осы аптада қабылданды. Оған сәйкес, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір ағашты заңсыз кескені үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, базалық ставкалар ағаш түрі мен жасына қарай елді мекенде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу кезіндегі залалды өтеу мөлшерін айқындау жөніндегі жаңа, жеке қосымшамен толықтырылды. Үшінші, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу көзделуде. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексіне дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды келесідей арттыру ұсынылады. Жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ұсынылады. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодексіне де өзгерістер енгізу көзделіп отыр», - дейді ол.  

Серіктес жаңалықтары