Байлық салығы: бар болса, бөліс

Байлық салығы: бар болса, бөліс

Байлық салығы: бар болса, бөліс
ашық дереккөзі
561
Әлемде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Байлардың дәулеті жыл өткен сайын, жыл емес-ау, күн өткен сайын еселенсе, жарлылар бұрынғыдан бетер кедейлене түскен. Жуырда Oxfam халықаралық қайырымдылық ұйымы жариялаған статистика сөзімізге дәлел: дүниежүзіндегі 4,6 миллиард адамның қаражаты 2 153 әлемдік миллиардердің дәулетіне жетпейді. Тіпті, олар ғұмырының соңына дейін күніне 10 мың доллардан жинаса да, ат төбеліндей топтың жиған дәулетінің ширегіне де жетпейтін көрінеді.

 АҚШ байларының дәулеті – 34,2 трлн доллар

Oxfam ұйымы санаулы миллиардердің аста-төк байлыққа иелік етіп, қалған миллиардтаған адамның мұндай дәу­летке қол жеткізе алмауын әлемдегі экономикалық модельдің әді­летті құрылмауының салдары деп есептейді. Мәселен, АҚШ-та ең бай 50 адамның дәулеті елдің жарты халқының байлығына тең. Bloomberg дерегіне сүйенсек, Құрама штаттар халқының 1 пайы­зын құрайтын байлардың дәулеті 34,2 триллион долларға тең. Ал 165 миллион америкалықтың табысын қосқанда 2,08 триллионға әрең жетеді. Ең дәулетті 50 адам өз дәулетін жыл сайын 339 мил­лиард долларға еселеп отырады. Сарапшылардың пікірінше, ко­ро­навирус пандемиясы АҚШ-тағы байлар мен кедейлер арасындағы ал­шақтықты бұрынғыдан бетер ұлғайтты. 1981 жылдан 1996 жыл­ға дейін туылған ұрпақ мемлекеттің негізгі жұмыс күші бол­ғанына қарамастан, АҚШ-тағы байлықтың тек 4,6 пайызын ба­с­қарады. АҚШ-тың демократиялық партия­сы­ның мүшесі Элизабет Уоррен сайлау ал­дында Америкада байлыққа салық енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Алайда бұл ұсыныс жаппай қолдауға ие болған жоқ. Тіпті, америкалық миллиардерлердің наразылығын да тудырды. Oxfam сарапшыларының пікірінше, аста-төк байлықтың себебі – бай­лар мен ірі корпорацияларға салық мөл­шерлемесінің төмендеуі және олардың са­лық төлеуден жалтаруы. 1945 жылдан бас­тап АҚШ-та табыс салығының ең жо­ғары мөлшерлемесі 90 пайызға жеттті. 1980 жылдарға қарай ол 70 пайызға дейін төмендеді, ал қазір 40 пайыздан аспайды. Да­мушы елдерде табысқа салынатын са­лықтың ең жоғары мөлшерлемесі тіпті тө­мен – 28 пайыз. Кейбір елдерде жарлы­лар салықты байлардан да көбірек төлейді. «Мен салықты қарамағымдағы қызмет­кер­лердің қай-қайсынан да азырақ төлейтін сияқ­тымын». Аты аңызға айналған амери­калық миллиардер Уоррен Баффеттің осы сөзінен соң әлемдегі экономикалық мо­дель­дің әділетсіздігін дәлелдеудің қажеті бо­ла қоймас. Салықтық міндеттемелерінің 30 пайы­зынан жалтаратын дәулетті адамдар әлемдік салық түсімдерінің не­бары 4 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Копенгаген университеті ғалымдары­ның зерттеуіне сүйенсек, салық мөлшер­лемесі төмен елдерде компаниялар­дың са­лық ретінде төлеген әрбір доллары олар­дың бизнес жүргізіп отырған жерінде 5 доллар үнемдеуіне мүмкіндік береді. Кор­пора­тивтік табыс салығы мөлшерлемесінің тым төмендігі акционерлерге өз диви­дендтерін көбейтуге көмектеседі, бірақ қарапайым азаматтардың әл-ауқатына еш әсер етпейді дейді Oxfam сарапшылары: 2011-2017 жылдар аралығында G7 елдерін­дегі орташа жалақы тек 3 пайызға, ал дивидендтер 31 пайызға өскен.

Әлемде 735 млн адам кедейлік шегінде өмір сүруде

1980-2016 жылдар аралығында ғалам­шарымыздағы ең бай тұрғындардың 1 пайы­зы әлемдік кірісті ұлғайтқан әр дол­лардан 27 цент табыс тапса, ал кедейлердің 50 пайызы тек 12 цент пайда көрді. Бұл – Париж экономика мектебінің профессоры Том Пикеттидің есебі. «Егер экономикалық жүйе алдағы уақытта да дәл осылай жұмыс істейтін болса, біз ешқашан кедейліктен құтылмаймыз», – дейді ғалым. Оның сөзінше, әлемдік теңсіздік – циклді үрдіс: 1950–1970 жылдары ең дәулетті адамдар­дың 10 пайызы капиталдың 50-60 пайы­зына иелік етсе, 1980 жылдардан бастап теңсіздік қайта тереңдей түсті, ал салықтар, керісінше, төмендей берді. Табыс теңсіз­дігінің ұлғаю немесе қысқару циклі орта есеппен 40 жылға созылады. Демек, қазіргі цикл тек 2050 жылы аяқталуы мүмкін, дей­ді Renaissance-тің бас экономисі Чарльз Робертсон. Дүниежүзілік банк дерегінше, егер мемлекеттер жыл сайын табыс тең­сіздігін 1 пайызға қысқартатын болса, 2030 жылға қарай кедейлік шегінде тұрған 100 млн адамды құтқаруға болады. Бұл үшін әлем елдері салық мөлшерлемесін кө­тере алады: егер 1 пайыз бақуатты адам­д­ардан алдағы 10 жылда әдеттегіден 0,5 пайыз­ға артық салық жиналатын болса, бі­лім беру, денсаулық сақтау салаларында 117 млн жаңа жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік тумақ. Әзірге әлем халқының 46 пайы­зы күніне 5,5 доллардан аз (дамыған елдердегі кедейлік көрсеткіші) қаржыға өмір сүріп жатыр, ал кедейлік деңгейі 2013 жылмен салыстырғанда екі есе баяу төмен­деуде. Кедейлік шегінде, яғни тәулігіне 1,9 доллар қаржыға 735 млн адам күнелтіп жүр. Қазіргі таңда әлемдегі ең дәулетті адам – Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос. Оның байлығы – 182 миллиард доллар. SpaceX және Tesla компанияларының басшысы, кәсіпкер, өнертапқыш Илон Маск та биыл дәулетін айтарлықтай арттырып, әлемдегі ең бай екінші адам атанды. Bloomberg Billionaires Index (BBI) мәліметіне сенсек, ол аталған рейтингте Microsoft-тың негізін қалаған Билл Гейтсті де басып озған. Масктың қазіргі байлығы – 127,9 миллиард доллар. Осылайша Билл Гейтс 127,7 миллиард доллар дәулетімен рейтингтің үшінші сатысына төмендеді. Сондай-ақ әлемдегі ең ауқатты адамдар бестігінде Louis Vuitton Moët Hennessy компания­сы­ның президенті Бернар Арно мен Facebook-тің қожайыны Марк Цукерберг бар.

Байлық салығын енгізуге не кедергі?

Бай-бағландардың қай-қайсының да қаржы айналымдарының қозғаушы күші – тұрып жатқан елі. Сондықтан табы­сының көлеміне қарай сол елмен салығын да лайықты бөлісу – әділетті шешім. Бай­лық салығы механизмін енгізу бастамасын кө­теріп жүрген сарапшылар дәулетті адам­дарды ашкөздене дүние жиюдың орнына қо­ғамға пайдалы, елге қажет денсаулық сақ­тау, білім секілді салаларға инвестиция салуға, адамдардың өмір сүру деңгейін кө­теруге шақырып келеді. Аста-төк дәулет иелеріне салынатын бұл салықтың мәні – байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайту, сол арқылы бюджет тапшылығын белгілі бір дәрежеде жабу және байларды әлеу­меттік жауапкершілікке үндеу. Қазақстанда байлық салығын салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Естеріңізде болса, өткен жылы да Ұлттық экономика министрлігі осы мәселені қарастырып, тағы да кейінге қалдырған. Бұған сала мамандарының күмәні мен күдігі себеп болса керек. Сол уақытта экономистер байлық салығын енгізу салықтан жалтару­шылардың көбеюіне әкеліп соғатынын, салдарынан елде көлеңкелі экономиканың үлесі артатынын алға тартқан еді. Байлыққа, сән-салтанатқа арнайы салық енгізу мәселесі биыл тағы кө­терілді. Өткен айда Салық кодексіне енгі­зілетін өзгерістер легі талқыланған Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтияр­ұлы: «Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек» деген болатын. Бұл мәселені шешудің көптеген жолы бар. Соның бір жолы ретінде байлыққа салық салуды енгізуді қарауға болады. Мұндай халық­аралық тәжірибе көптеген елде бар. Бюд­жетке түсетін түсімдерді сән-салтанатқа арнайы салық енгізу бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып саналады. Ауқатты қазақ­стан­­дықтар халық алдында әлеуметтік жауап­кершілікте болуға және өз байлығын елдің дамуына бағыттауы тиіс. Тәуелсіз­діктің 30 жылдығының ішінде халықтың бай мен кедей топтарының арасындағы ал­шақтық айтарлықтай өскенін көріп отыр­мыз. Бұл жерде мәселе яхталар, ұшақ­тар, элиталы жылжымайтын мүліктер, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар секілді сән-салтанатты заттарға салық салу­ға қатысты болып отыр. Байлық салы­ғын енгізу салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп есептеймін», – деп өз пікірін ортаға салды. Бұл мәселеге байланысты депутат Ұлттық экономика министрі Руслан Дәле­новтің ұстанымын сұрады. Оның пікірінше, қазіргі жаңа Салық кодексінде онсыз да әділетті және айқын принциптер қарастырылған. «Салық салу – табыстарды теңестірудің тиімді құралдарының бірі. Онда екі бағыт бар. Бұл – мүліктің бағасына қарай жоғары са­лық салу және тапқан табысқа салық салу. Табысқа салық салу немесе жеке та­быс салығы бойынша елде 10 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме қолданылады. Бірақ төмендетілген мөлшерлеме де бар. 70 мың теңгеге дейінгі табыстарға қосымша ше­герім­дер қолданылады. Яғни, бұл ретте та­быстарға төмен салық салынады. Осы­лайша жеке табыс салығы бойынша диф­ференцияланған әдіс қолданылады. Салық кодексінде көлік салығы, мүлік салығы бойынша үлкен айырмашылық бар. Мүлік­тің құны жоғары болса, оған салынатын са­лықтың да мөлшері жоғары болады. Кө­лік салығы бойынша айырмашылық 8 мың мен 600 мың теңге аралығында тұр. Ме­нің ойымша, салық салудың бұл әдісі тиімді құрал. Салық салу арқылы тең­сіз­дікті төмендетуге болады», – деді елдің бас экономисі. Соңғы 10 жылда Қазақстанның Салық кодексі күрделі өзгерістерге ұшы­рады. Осы аралықта ол бірнеше рет қай­та жазылып, оған 130-дан аса толық­тыру енгізілді. Десе де, әзірге елімізде асып-тасыған байдан да, орта немесе айлығы шай­лығына жетпейтін төменгі таптан да – бәрінен бірдей табыс салығы ұсталады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына оралу туралы ұсынысының қоғамда талқыланып қана қойғаны қын­жылтады. Бұл шкала 2007 жылдың 1 қаң­тарына дейін қолданылды, бірақ кейіннен тегіс шкалаға ауыстырылған еді. «Прогрес­сивті бағалаудың мәні мынада – аз жалақы алатындар аз төлейді. Ал өте көп табатын және біздің шарттарымыз бойынша бай деп есептелінетін азаматтар көбірек салық төлеуі тиіс. Менің түсінігімде, егер адам 200 мың теңгеге дейін табыс тапса ол 10 пайыз емес, 7 пайыз салық төлеуі керек. Орта тап бұрынғыдай 10 пайыз салығын тө­лей береді», – деді Президент. Алайда сарапшылардың сөзінен ұққанымыз, прогрессивті салық – бүгін-ертең енгізе салатын жүйе емес, оған кемінде 2-3 жыл дайындық қажет. «Соңғы үш жылдықта салықтан босату ре­жимі жасалып жатыр. Оның басты мақ­саты да – көлеңкелі экономикадан ары­лып, ашықтық позициясына шығу. Тір­кел­меген кәсіпкерлер тіркеліп, жұмыс­шы­ларын да тіркеп, табысын көрсете бастай­ды. Осыдан соң кәсіп бастайтын заңды тұл­ғалардың саны өсіп, өнім көлемі артуы керек. Тиісінше, бұл өсім шағын және орта бизнеске серпін береді. Міне, сол кезде барып прогрессивті салықты енгізу ойға сыйымды», – дейді GSB зерттеу орталығы­ның сарапшысы, қаржыгер Әділет Бағдат.

Қазақстандық байлардың жиғаны қанша?

Елімізде орта тапқа кіретіндер саны өте аз. Экономистердің есебінше, бұл санатқа жататындар еңбекке жарамды халықтың небары 1 пайызын құрайды. Өйткені орта тапқа жату үшін айына 500 мың теңге табыс табу керек. Статистика ко­митеті жариялаған ресми дерекке сүйен­сек, 2020 жылғы ІІI тоқсанында елі­мізде орташа жалақы 204 330 теңге болған. Ал бейресми көрсеткіш бұдан әлдеқайда тө­мен. «Прогрессивті салықты енгізуге қа­тыс­ты пікір білдіре келе, Президент кірісі 300 мың теңгеден аспайтын адамдарға табыс салығы аз салынуы керек деді. Ол 100 мың теңге табатындардың 1 миллион теңге та­ба­тындармен бірдей 10 пайыз салық тө­леуі дұрыс емес деп есептейді. Мен мұны қол­даймын. Айына 300 мың теңге таба­тындар 6-7 пайыз төлесін, 100 мың теңге­ден төмен алатындар, тіпті де салықтан босатылсын. Ал жылдық табысы 25 мил­лион теңгеден асатын дәулеттілер үшін та­быс салығын 15 пайызға дейін көтеру әділ шешім болар еді», ‒ дейді экономист Мақ­сат Халық. Дегенмен, сала мамандарының көп­шілігі бай-бағландарға салынатын салық мөлшерін арттырмас бұрын жал­пыға бірдей табыс декларациясын енгізу қа­жет деген пікірде. Әр қазақстандық қан­ша табыс табатынын ашық көрсетсе, бәрі әділ болмақ. Адал еңбекпен нәпақасын тауып жүрген орта таптағы азаматтар та­бысын жария етуден қашпасы анық. Алай­да заңсыз жолмен дәулет жиғандар өз мүлкін жасырып бағады. Елімізде табыс дек­ларациясын енгізу мәселесінің үнемі кейінге шегерілуіне де байлыққа адал жол­мен жетпегендердің жаппай қарсылығы себеп. Елімізде элиталық топ өкілдері кө­бірек салық төлеуге келіспейтіні түсінікті. Қазақстандықтар байи қалса, шетелден зәулім үй алуға, қымбат көлік, ях­та, жеке ұшақ мінуге әуес. Қоғамға пай­да­сын тигізуді, елдегі бастамаларға қолдау көр­сетуге ықылас танытатындары саусақ­пен санарлық. Сыныққа – сылтау демекші, қит етсе, пандемия салдарынан онсыз да табыстары кеміп қалғанын алға тартатын байлар көбейген. Forbes-тің биылғы рей­тин­гіне сүйенсек, Қазақстандағы ең бай 50 адамның жиынтық дәулеті өткен жылғы­дан 3,62 млрд долларға кеміп, 25,08 млрд доллар болған. Отандық миллиардерлер клубының қатарынан биыл адам шығып қалды. Егер 2019 жылы олардың жиынтық жағдайы 16,4 млрд доллар болса, биыл – 12,7 млрд доллар. Бай-бағландардың орта­ша дәулеті – 501,7 млн доллар, бұл өткен жыл­ғыдан 72,3 млн долларға кем. Осы­лайша пандемия және шикізат құнының құлдырауы қазақстандық ірі бизнесті 5 жылға кері шегіндірді: 2015 жылы еліміздегі ең дәулетті 50 адамның жиынтық табысы 25,52 млрд доллар болған еді. Аталған со­малар тапқаны негізгі қажеттіліктерінен көп артыла қоймайтын орта тап өкілдері мен айлықтан-айлыққа дейін өмір сүріп, жыртығын жәрдемақымен жамап жүрген тұрғындардың түсіне де кірмейді-ау, сірә. Кез келген қоғамды алға ілгерілетуші топ – дәулетті азаматтар. Батыс ел­де­рін­де ғылыми зерттеулердің көп­шілігін байлар қаржыландырады, ал қа­зақ­стандық ғалымдар мемлекеттік грантқа ға­на байлаулы. Байлардың дәулеті артса, отан­дық ғылымды дамытуды емес, ұлына ел көрмеген көлік мінгізуді, қызына бала­масы жоқ көйлек кигізуді ойлайды. Сон­дықтан салықты көбірек төлеуге міндеттеу ар­қылы ғана олардың қоғамға пайдасы тимек. Десе де, прогрессивті салық немесе байлық салығының бірін енгізсек, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық қыс­қарады дегенге сену қиын. Сарапшылар екеуін қатар енгізу арқылы ғана теңсіздікті жоюға мүмкіндік бар деп есептейді. Мә­селен, әлемде бай мен кедей арасындағы ал­шақтық ең төмен саналатын Сканди­навия елдерінде прогрессивті салық та, бай­лық салығы да енгізілген. Ел қазына­сына ауқатты адамдардан көбірек, ал та­бысы аздардан азырақ алу арқылы қоғам тең­дігін орнатуға жақындай түспекпіз.

Серіктес жаңалықтары