316
Антикор мен «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Антикор мен «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл Агенттігінің алаңында ведомство басшысы Алик Шпекбаев пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастықтың мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру.
А.Шпекбаев атап өткендей, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қоғамды кеңінен тарту ел басшылығы мен Агенттіктің негізгі басымдығы болып отыр.
Бұл – азаматтардың талаптарына және жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі алғышарты. Жемқорлық – індет, оны жою бәрімізге ортақ міндет».
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінде азаматтық қоғаммен сындарлы әріптестіктің үздік тәжірибесін көрсетіп отыр. Бұған «Адалдық алаңы», арнайы мониторингтік топтар, ақпараттық-ағарту штабтары, «Адал көмек» жобасы мен жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстары сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға тартылған 100 мыңға жуық қоғам өкілдері – еріктілердің қолдауы дәлел болды.
Өз кезегінде Исламбек Салжанов: «Сыбайлас жемқорлық біздің моральдық негіздерімізге кері әсерін тигізіп, әлеуметтік әділеттілігімізге нұқсан келтіретін және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін қоғам дерті. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізі сыбайлас жемқорлық орын алып жатқан оқиғаларға азаматтардың салғырт қарамауында», – деді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты жою жолында әр қазақстандықтың қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.
Шара соңында қатысушылар барша азаматты еліміздің әл-ауқатын көтеріп, гүлдендіру мақсатында сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырды.