QR код арқылы мемлекеттік ұйымдардың бюджетін біле аласыз

Қарағанды облысында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске асырылып жатыр.

Ақпарат нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Картаның көмегімен әлеуметтік нысандарға – мектеп, аурухана, балабақшажәне т. б. қанша қаражат жұмсалғанын білуге болады. Бірыңғай платформада бюджет қаражатының жұмсалуы туралы мәліметтер орналастырылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адалдық алаңы« жобасының аясында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» платформасы құрылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысының осы бағыттағы жұмысын атап өтті. Оның ішінде ақпараттық жүйеде ұйымның парақшасына сілтеме жасай отырып, QR код орналастырылған ғимараттардың қасбеттерінде тақтайшаларды орнатуға оң баға берілді», – деп хабарлады «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Мәлика Күсенбаева.

Қазіргі уақытта картада Қарағанды облысының жалпы сомасы 898,3 млрд теңге 1 331 ұйымының бюджеті орналастырылған. Мұның бәрі – мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер.

Қарағанды облысында мемлекеттік ұйымдар ғимараттарының қасбеттерінде QR коды бар 500-ден астам тақтайша орналастырылған. Бұл бастама алғашқы болып Саран қаласына енгізілді. Содан кейін ол басқа аймақтарға таралды.

Мәлика Күсенбаева онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте жобалық кеңсенің қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг туралы айтып берді.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік органдар жұмыстың сервистік моделіне көшеді. Бұл мемлекеттік қызметтерді алудың сапасы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында қазірдің өзінде «Ореn әкімдік» 14 сервистік орталығы жұмыс істейді. Ауылдық округтерде 202 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы құрылған.

Осы аптада Саран қаласы мен Ақтас кентінде сервистік орталықтар ашу жоспарланып отыр. Желтоқсан айының соңына дейін тағы үшеуі ашылады: Балқаш, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында.

Back to top button