Африкалық оба өршіді: Ресейден шошқа өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды

Ресейде шошқаның африкалық обасы белең алуына байланысты елімізде сақтық шаралары күшейтілді.

Солтүстік Қазақстан облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, Ресейде бүгінгі таңда шошқаның африкалық обасы шығып, мал қырылып жатыр. Осыған орай Ауылшаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті шошқа мен жабайы қабандарды, олардың етін, өнімдері мен жемазығына дейін шекарадан кіргізуге тыйым салды.

«Автокөліктерді өткізу бекетіндегі ветеринарлық-санитарлық бекетте ел аумағына өтетін барлық тауарлар мен автокөліктер тексеріледі. Омбы облысында шошқаның африкалық обасы пайда болған елді мекенде 24 желтоқсанға дейін карантин енгізілді. Жағдайды қадағалап отырмыз. Шектеу шаралары эпизоотиялық жағдай түзелгенше дейін алынбайды», – дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Қауіпті ауруға байланысты СҚО-да арнайы бағдарлама қабылданды. Обаның алдын алу үшін шошқа өсіретін шаруашылықтар мен жекеменшік мал иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, шошқа обасы адамға жұқпайды. Бірақ, ауырған мал емделмейді, тек жою керек. Оған қарсы вакцина әлі табылмаған. Ауру белгілері 2-9 күн ішінде пайда болып, ауырған мал бірнеше сағаттан кейін өледі екен. Обаны жұқтырған шошқаның қызуы көтеріліп, жем жеуден қалады, терісі көгеріп, өкпесі қабынады.

Бүгінде СҚО-да 235 мың шошқа бар.

 

Back to top button