Ел экономикасын тәуелсіздікке жетелеген реформа
Ел экономикасын тәуелсіздікке жетелеген реформа
Қазақстан экономикалық тәуелсіздігін 1993 жылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық валютаны айналымға енгізу туралы Жарлық шығарғаннан кейін алды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің телерадиокешені дайындаған «Назарбаев факторы» атты жаңа деректі фильм барысында айтылды. Экономика және Тәуелсіздік. Бұл – еліміз үшін маңызды ұғымдар. Елбасы Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыруда ел экономикасының еңсесін тіктеуді назарға алды. Өйткені экономикасыз Тәуелсіздік болмайды. «Егемендік алған уақытта барлық байланыс, одақтық кәсіпорындар жойыла бастады. Қазақстан өнеркәсіп әлеуетінің 54 пайызын жоғалтты. Экономикасыз егемендік болмайды. Ал ұлттық валютасыз экономикалық тәуелсіздік орнауы мүмкін емес. 1992 жылы жаңа банктік инфрақұрылым ісі қолға алынды. Мұндай дүние Қазақстанда бұрын-соңды болмаған еді», – дейді қоғам қайраткері Ғалым Байназаров. Жағдай шұғыл реформа қабылдауды талап етті. Өйткені Қазақстан экономикалық тұрғыда тәуелсіздікке қол жеткізуі керек. Қазақстан экономикалық тәуелсіздігін 1993 жылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық валютаны айналымға енгізу туралы Жарлық шығарғаннан кейін алды. «Ел ретінде экономикалық егемендікті теңгені айналымға енгізгеннен кейін алдық. Ұлттық валютаны енгізу объективті қажеттілік болды. Ал екінші жағынан, бұл – Қазақстанның экономикалық қаржылық тәуелсіздігін алуы», – дейді Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко. Теңгені айналымға енгізу реформа жүргізу ісін жеделдетті. Осылайша, 1996 жылы Қазақстан экономикасы оң нәтижеге қол жеткізе бастады. «2000 жылдары шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа технология, ноухау Қазақстан экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етті. Өсім көрсеткіші 9-10 пайыз болды», – дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.