EXPO жапон ғажайыбын әлемге паш еткен
EXPO жапон ғажайыбын әлемге паш еткен
Сонау 1851 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон шаһарында құлашын кеңге жайған EXPO дүниежүзілік көрмесі әлемнің көрнекті қалаларында ұдайы түрде өткізіліп келеді. Соңғы жеті жылда кең ауқымды халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне Жапония (2005), Испания (2008), Қытай (2010), Корея (2012) ие болды. Әр мемлекеттің географиялық ерекшелігі, экономикалық өресі, қоғамдық жүйесіне қарай EXPO да әр алуан форматта өткізілгені белгілі. Біреуі артық, екіншісі кем деуге болмас, әр көрменің оны ұйымдастырған елге байланысты өзгешелігі болады. Техникалық даму көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында тұрған Жапонияның Нагоя қаласында 2005 жылы өткізілген EXPO дүниежүзілік көрмесі барша жұртты таңғалдырған еді. Табиғат даналығын ұқтырған Күншығыс елі EXPO-2005 көрмесін өткізуге Токай экономикалық аймағының бас қаласы, Айчи префектурасының орталығы Нагояны таңдады. 2,17 миллион халқы бар бұл шаһар Токио мен Осакадан кейін тұрған елдің үшінші ірі қаласы саналады. Нагояда әйгілі Тойота корпорациясы орналасқан. Тойотаның Отаны саналатын Айчиде автомобильдің атымен аталатын Тойота шаһары бар. Яғни, «Toyota» маркалы тауарлар Тойота деген жерден шыққандықтан осылай аталған. 2005 жылдың 25 наурызы мен 25 қыркүйегі аралығында жұмыс істеген халықаралық көрме Нагоя шаһарының екі ауданына орналасты. Аумағы бар болғаны 158 гектар болатын Нагакутэ мен 15 гектарлық Сэто аудандарына әлемнің 121 мемлекетінің павильондары салынды. Алақандай жерге өткізілген аумақты шара кезінде бірде-бір төтенше жағдай немесе елдің тынышын бұзар жағымсыз көріністер болмапты. Ың-шыңсыз өткізілген, «Табиғат даналығы» деп аталатын бұл көрмеде Жапонияның шынымен де дүниежүзі бойынша технологиясы қарыштап дамыған өркениетті ел екеніне жұрттың көзі жетті. Тіпті көрме аяқталып, павильондарды жинап әкеткеннен кейін сол орындағы жасыл желекті алқап қайтадан бой көтерді. Бұл әрине, жапондардың тиянақтылығы мен табиғатқа аялап қарауды алдыңғы кезекке қоятын саналылығы деп білген жөн.
Адамның қоршаған ортаны сыйлауын о бастан негізгі принципке айналдырған жапондар Нагакутэ ауданындағы өз павильонын бамбук талшықтарынан құрастырды. Өйткені бамбуктің адам денсаулығына пайдасы зор, экологиялық таза әрі зиянсыз. Бұл павильонды салғанда Ecology Dry System (EDS) әдісі пайдаланылған. Бамбук талшықтары EDS лабораториясында әзірленіп, жапон қолөнер шеберлері ұлттық стильді таныту мақсатында дәстүрлі әдістерді пайдаланып, 6000 шаршы метр аумақты алатын павильонды қолмен құрастырған.
Жеті миллион халқы бар Айчи префектурасының әкімі Канда Масааки: «Айчи префектурасында басқа аймаққа қарағанда мол өнім өндірілсе де, жоғары технологиялық авиация мен автомобиль өндірісі мейлінше жетілсе де, көркем табиғи зоналарды көздің қарашығындай сақтап отырмыз. Көрменің тақырыбына сәйкес ХХІ ғасырдағы кең ауқымды бұл шара жасыл желекті орманымен көз тартар шаһарда өткізіліп отыр», деген болатын жұртшылыққа арналған үндеуінде. 70 пайыз жері орманды алқап болып табылатын Жапонияның табиғат қорғаушы мамандары экологиялық мәселелерді дүниежүзілік деңгейде шешу керек деп есептейді. Жер шарының табиғатына үлкен көңіл бөлініп отырған бұл мемлекеттің тұрғындары әр түп ағашты қастерлеп, күтіп-баптап отырғанын көрдік. EXPO-2005 көрмесі өткізілген Нагакутэ мен Сэто жерінің жартысынан көбі жасыл желекке оранған. Адамның өмір сүруі үшін ыңғайлы жағдайлар жасай отырып, табиғи байлыққа яғни ауаға, суға, орманға, т.б. титтей де зиян тимеу жағын жапондар бірінші ойластырады.
Жанармайсыз, дөңгелексіз және жүргізушісіз автобустар
Болашақтың көліктері автоматты түрде өздігінен жүрмек. Қиялдағы бұндай көлік түрлеріне жапондар қазірдің өзінде қол жеткізді. 2005 жылы Айчи префектурасына барған ел ХХІ ғасырдағы жаңа көлік түрлеріне міну бақытына ие болды. Бұл көліктер тек көрме үшін жасалмапты, жапон қоғамына жанармай орнына ауамен жүретін немесе табиғи газды пайдаланып қозғалатын, дөңгелексіз һәм жүргізушісіз, теңіз бетімен жүйткитін автобус түрлері таңсық емес. Сондай таңғажайып автобустар EXPO-2005 кезінде елге қызмет етті. Үш машиналы Linimo автобус-поезына 244 жолаушы сияды, сағатына 100 шақырым жүреді. Дөңгелексіз бұл көлік рельс үстінен 6 мм биікте қозғалады екен. Көрме қонақтарын қонақүйден павильондарға осы Linimo тасыды. Жапонияда бұндай поездар ұзын қашықтыққа да пайдаланылады.
Шет елдіктерді таң тамаша қалдырған жапон көлігінің тағы бір түрі Intelligent Multimade Transit System IMTS — интеллектуалды көлік жүйесі деп аталатын серияға жататын автобус. Бұл көлік адамның көмегінсіз, яғни жүргізушісіз өздігінен жүреді. Автобустың ішіндегі 16 ұзын орындыққа 50 жолаушы отырады. EXPO-2005 кезінде IMTS жүйесіндегі үш интеллектуалды автобус қызмет көрсетті. Табиғи газбен жүретін IMTS автобустарын Жапонияның шағын қалаларынан көруге болады. Автобустың алдыңғы орындығында оператор қызметін атқарушы бір адам отырады. Ол автобусты айдамайды, автоматты түрде өзі жүретін көлік жолдан кісі немесе ит, мысық, т.б. көлденең өте қалған жағдайда көлікті тоқтату функциясын ғана атқарады.
Көрме павильондары орналасқан Нагакутэ мен Сэто аудандарының арасы 3,5 шақырым. Қос ауданның арасын жалғауға FCHV атобусы пайдаланылған. Бұл көлік оттегімен немесе батареямен қозғалады. Түзу жолмен жүргенде оттегін жұтып зымырайтын автобус төбе, жоталарға шыққанда батареясын іске қосады екен. Жалпы, Жапониядағы қоғамдық көліктердің ешқайсысы түтін шығармайды, іші-сырты айнадай жалтырап тұрады. Яғни, жолаушыға да, қоршаған ортаға да еш зияны жоқ, пайдасы болмаса.
Көрме өткізетін Нагакутэ ауданына көлікке отырып, бес минут жүрсеңіз, «Тойота» мұражайына тап боласыз. EXPO-2005 көрмесінің негізгі иесі саналатын Тойота корпорациясының мұражайында 1900 жылдан бергі автомобильдер қойылған. Халықаралық көрмеге өз павильонын салған компания өнімдерімен жұртшылықты кеңінен таныстырды.
Сэто аймағы ежелден қыш ыдыстарымен танымал. 1873 жылы ақ, көгілдір фарфор бұйымдары Венада өткен халықаралық көрмеде алтын медальға ие болған. Ұлттық таным білігін қашанда биік ұстайтын жапондар EXPO көрмесіне символ етіп аңыздардан алынған орман рухы мен оның ұрпағы Моридзо, Киккороны таңдады. Синтоистік таным бойынша табиғатта әр нәрсенің өз киесі бар, орманның да пірі болады. Сондықтан ағаш кесіп аларда орман иесі назаланбас үшін рұқсат сұрау мақсатында діни ғұрыптар атқарады. EXPO-2005 көрмесі кезінде мифтік мағынадағы орманмен байланысты қос символ шаһардың нақышына айналды.
Көрме кезінде IMTS интеллектуалды автобустарының алдына да Моридзо мен Киккоро «отырды». IMTS жүйесімен жүретін атвобустардың қозғалу тәртібі басқалардан бөлек. Жолға бір мезгілде бірінен соң бірі үш автобус шығады. Төтенше жағдай бола қалса көлікті тоқтататын оператор алдыңғы автобуста ғана отырады. Артқы екеуінде жолаушылардан басқа ешкім болмайды. Жапониядағы мұндай көліктерінің билет құны 300 иен (шамамен 3 доллар). IMTS автобустары көрінген жолмен жүре бермейді. өзіне арнайы төселген трассамен қозғалады. IMTS-тың жолымен басқа көлік түрлерінің жүруіне тыйым салынған.
Жалпы, Жапонияда көліктердің барлығы біртіндеп жүргізушісіз жүйеге көшірілуде. Шинкансэн мен ұшақтардың экипажы жүргізушілік емес, операторлық функция атқарады. Метро мен монорельсті көліктер толығымен атвоматты түрде жұмыс істеуге бейімделуде. Жапон мамандарының пікірінше, халқы тығыз орналасқан шаһардың бір бағытта сағатына 5 мың жолаушы жүретін жолдарында автоматты IMTS көліктері өте ұтымды көрінеді. Ал кәдуілгі автобустар сағатына 2,5 мың адам жүретін жолдарға ғана жарайды. IMTS автобустары алғаш рет 2001 жылы Осака маңында жүре бастады. EXPO көрмесі үшін «Тойота» зауытының инженерлері бұл автобустардың құрылымына біраз өзгерістер енгізген. Жолаушылар айналаны көріп отыру үшін әйнегі ұлғайтылып, жеп-жеңіл корпусы пластикпен қапталған. Автобустың төбесіне сығылған газ толтырылған баллон орнатылған, бұл двигательдің жұмысы үшін керек. EXPO-2005 жұмысына осындай 13 атвобус қамтылды.
Көрмеде гуманоид роботтар қызмет көрсетті
Есімі ежелгі Ушивакамару деген аңыз кейіпкерінен алынған, төрт тілде (жапон, қытай, кәріс, ағылшын) еркін сөйлейтін Mitsubishi Havy Industries компаниясының Вакамару есімді роботы қоғамдық шараларда гид қызметін атқару үшін, келушілермен қарым-қатынас жасау мақсатында, сондай-ақ ересектер жұмысқа кеткенде үйде қалған жас сәбиді «бағу» үшін жасалған. Бұл робот адамға интернеттен қажетті ақпаратты тауып бере алады, иесі болмаған кезде үйді күзетеді. Вакамару адам шақырғанда бетін бері бұрып, сұрақ қойғанда жауап қайтарады. EXPO-2005 кезінде гуманоид робот келушілерді қарсы алып, павильондағы заттармен таныстырумен айналысты.
Жапонияда роботтың атасы «каракури» деп аталатын қуыршақ. 1300 жыл бұрын шйогундар (қолбасшы) мен самурайлар каракуриге шай дайындатып, ұсақ-түйек заттарды тасытқаны туралы тарихи деректерден білеміз. Сол каракуридің жұмысын жапон инженерлері жетілдіріп, интеллектуалды гуманоид робот дәрежесіне жеткізіп отыр. Кабуки ұлттық театрында пайдаланылған каракуриді қазіргі жапондар лақтырып тастамапты. EXPO-2005 көрмесіне жапондар 18 метрлік үш бағанды мұнара салған. Мұнараның шамдары тербеліп тұрады да, адам жақындағанда каракури робот қошеметпен қарсы алады екен.
Сая есімді роботтың жапон компаниясында хатшылық қызмет істейтіні туралы көпшілік онша біле бермек. Жүргізуші, хирург, күзетші, өрт сөндіруші, құрылысшы, т.б. функцияларды атқаратын роботтарды құрастырған жапондар бойы 120 см, салмағы 35 кг болатын музыкант роботты да сахнаға шығарды. Әлемде алғаш рет 2013 жылдың жазында кілең роботтан құралған рок топ Жапонияда концерт берді. Робот музыканттар болашақта дүниежүзін гастрольдік сапармен араламақ. Тойота компаниясы EXPO-2005 көрмесіне бойы 100 және 120 см болатын екі музыкант роботты әкелді. Түрлі аспаптарда ойнайтын роботтар секіру, жүгіру «қабілетіне» ие.
Жапонияда гуманоид роботтар қоғамдық орындарда ғана емес, үйде қариялардың шаруасына көмектеседі, ауырған адамды жедел жәрдем көлігіне көтеріп апарып жатқызады, ауыр заттарды тасиды. SONY компаниясының инженерлері таң алакеуімнен түн ортасына дейін тынымсыз еңбектену нәтижесінде ит сенсорлы роботты жасады. Робот жасаушы инженерлердің жұмысын жанкештілікке балауға болады. Ит роботты құрастыру кезінде мамандардың демалуға да уақыты болмаған, олар тіпті зауыттың дәлізіне жатып, тәулігіне үш-төрт сағат қана ұйқтаған. Бұл роботтың тірі мақұлықтан еш айырмасы жоқ, иттің әрекетін түгел істейді, заты темір болмаса. Сол сияқты гуманоид роботтар EXPO-2005 кезінде Тойотаның павильонында келген елді таңдай қақтырды. Сол роботтарды кейін Хакатадағы робот орталығынан да көрдік. Инженерлер бес жасар баланың қабілет қарымын роботқа айнытпай көшіріп, салмағы 10 кг, тұрқы 45 сантиметрік титтей роботқа ән айтқызып, би билетті.
Жапонияда балаларды ғылыми мұражайларға, робот орталықтарына ата-аналар жиі апарады. Робот орталығында балалар роботпен әңгімелесіп, ойнап отырғанын көрдік. Ifbot деп аталатын робот қызықты әңгімелер айтып, кісінің көңілін аулайды. Бұл робот бет әлпеті арқылы 40 түрлі эмоция білдіреді. Жапониядағы көрмеге Ifbot роботы балаларды ойнату үшін павильонға арнайы қойылған. Бір ерекшелігі гид роботтан басқа гуманоид роботтардың барлығы тек жапон тілінде сөйлейді және бұл өнімдер шет елге сатылмайды. Жалпы, Жапонияда технологиялық жетістіктерді басқа елге сатуға рұқсат берілмейді. Тіпті, электроника дүкендерінен шет елдіктер ұялы телефонды да сатып ала алмайды. EXPO-2005 кезінде көрменің тақырыбына сәйкес павильон сахналарындағы роботтар космос пен адамзат туралы, қоршаған орта жайлы танымдық әңгімелерді айтып, көрермендердің көңілін аулады. Бұл роботтарды қалай жасайтыны туралы сұрап білгісі келетіндерге компания мамандары коммерциялық құпия екенін айтып, жауап беруден бас тартқан.
Көрмеге жапондар техникалық жетістігінің үлгісі, жаңа дәуірдің көлігі i-Unit деп аталатын кресло пішінді машинаны да таныстырды. Кемпірқосақ сияқты шұғыла шашқан «креслоға» бір адам ғана отырады, көлік тауықтың сирағы сияқты аяқпен жүреді. Жапонияда адымы ең үлкен роботтың есімі i-Foot. «Тойота» құрастырған кресло-көлік көшеде адамды алып жүрумен қатар баспалдақтармен де көтерілетін көрінеді.
Денсаулықты тексеретін дәретхана
Иә, бәрі тазалықтан басталады. Денсаулық, тазалық, жанға жайлы атмосфера – Жапониядағы сантехника өнімдерін шығаратын компаниялар осыны әрдайым есте ұстады. Олар тіпті қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тексеріп беретін дәретхананы да жасап шығарды. Жапониядағы мекемелер ғана емес, тұрғын үйлердің көпшілігінде пайдаланатын бұндай дәретхананы EXPO-2005 көрмесіне барған еуропалықтар алғаш көріп, қатты таңданған. Кейбір Ресей журналистері унитаз жапон тілінде тіл қатқанда не дерін білмей, тосылып қалғанын да ақпарат құралдарында жазды.
Жапон мамандары адам денсаулығы үшін өте маңызды зат, яғни денсаулыққа қызмет ететін заманауи унитаз жасап шығарып, дүниежүзін таңқалдырып отыр. Жапондардың өздері таңданбайтын, қарапайым нәрсе деп қабылдайтын жаңа унитазды да интеллектуалды деп атасақ болғандай. Иә, қарапайым нәрсені таңғажайып етіп жасауға жапондар машықтанған. Көбінесе қонақүйлерден көрінетін бұл унитаздың қақпағы адам жақындаған сәтте өздігінен ашылады. Үстіне отырғанда адам өзінің дене температурасындай жылылықты сезінеді. Дәретханалардағы саф ауа, қоңырсалқын атмосфера нағыз тынығуға арналғандай. Кісі отырған сәтте флеш жадыға енгізілген МР3 форматындағы көп әуеннің бірі ойнай бастады. Адам денсаулығын басты орынға қоятын жапон мамандары екі аяқты пенденің дәретханаға кіріп, қажетін өтеу процесінің өзін оның денсаулығына өте пайдалы болатындай етіп ойластырған. Toto, Inax, Matsushita Electric (Panasonic) сияқты компаниялардың сантехникалық өнімдері осыны аңғартады. Лас қалдық толық шығу үшін адамның жаны жайланып, рахат сезімге бөленуі керек екен. Дәретхананың әсем әуен шығаратын жады сол үшін орнатылыпты. Қалдық шығып біткен соң төменнен телескопиялық зат шығып, жылы сумен жуып, тазалап береді екен. Яғни, бұндай дәретханада дәретхана қағазы деген атымен болмайды. Дәрет алып та әуре болмайсыз, арнайы аппарат қажет жеріңізді жуып-шайып береді. Содан соң унитаздан шыққан фен жел соқтырып, жуылған жерді лезде құрғатады. Тіпті отырған кісі унитазға судың қалай дыбыссыз құйылып, бәрін жуып, тазалап тастағанын байқамай қалады екен. Кісі орнынан тұрғанда мұнтаздай боп қалған унитаз таза жапон тілінде адамнан тағы қандай қажеттілігі бары жөнінде бірнеше сауал қоятын қабілетке ие. Сол унитазды жасап шығарған Inax компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Масаширо Игучи: «Жапон үйінде адам жападан жалғыз отырып, жаны рахатқа бөленетін жалыз орын – дәретхана» деген сөзі рас болса керек. EXPO-2005 көрмесіне қатысқан Matsushita Electric (Panasonic) компаниясының дәретханасында ауа температурасы жарты минутта 7 градусқа өзгереді.
EXPO-2005 кезінде жұрт өнімдеріне куә болған Toto унитазы тұтас медициналық лаборатория деуге болады. WellyouІІ деп аталатын бұл қондырғыны үйіне орнатқан адам емханаға барып әуре болмайды. Дәретханадағы механикалық манипулятор шағын қалақшамен зәрдің анализін алады және зәрдің қант деңгейін автоматты түрде өлшейді. EXPO-2005 көрмесінде Жапонияда жасалған медициналық супер дәретхана таныстырылды. Бұндай унитазды жасаудағы мақсат жапон қоғамында қариялардың саны артып барады, олар ұдайы медициналық қадағалауды қажет етеді. Унитаздың қақпағы адамның салмағын әр граммына дейін дәл өлшейтін көрінеді. Қан қысымы мен жүрек соғысын тексеретін қондырғы да осы унитаздың қақпағында. Ал унитаздың ішіндегі минилаборатория қант пен альбуминнің зәрдегі мөлшері мен қанды тексереді. Зәрдің ағысына қарап жүрек жұмысына анықтама беруге болады екен. Унитаздағы үш өлшемді детектор зәрді тексеріп, баллистикалық кардиограмма құрады. Супер унитаз адамның жүрек жұмысы жайында қорытынды есепті интернет арқылы автоматты түрде арнайы медициналық орталыққа жібереді.
EXPO-2005 көрмесінде Жапония төл идеяларымен танылды
EXPO-2005 көрмесін ұйымдастырушылар үш мәселені басты назарды ұстады: 1. Аталмыш көрмеге келген әр адам қоршаған орта, табиғат ресурстары, энергетика, т.б. жөнінде өзін толғандырған сұрақтарға жауап табуы керек. 2. EXPO-2005 адам мен табиғат достығының әлемдік лабораториясына айналуы қажет. 3. EXPO-2005 көрмесінің тағы бір мақсаты – әлемдік қоғамдастықта Азия елдерінің рөлінің өсуіне байланысты адамзат назарын Азиялық дамуға аудару.
Жапон жерінде өткен халықаралық көрмеге қарапайым тұрғындар да атсалысқан. Жобаларды ұйымдастырушы Кавата Синахоның айтуынша, жеке кісілерден 195 жоба келіп түскен. Жер шарын жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен «Global Village» Үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гото Хисанори 30 жоба жасағанын айтады. Болашақтың технологиясын бүгін жасап, жүзеге асырып, көзге көрсетіп отырған Жапония EXPO-2005 көрмесінде техникалық жетістіктерін ел назарына жеткізіп берді. Толығымен Жапонияда, жапон мамандарының қолымен жасалған технологиялық туындыларға әлем жұртшылығы таң қалды. Ұраншылдық, науқаншылдық, көз бояушылықты білмейтін жасампаз елдің EXPO-ны өткізудегі өнегесін одан кейін көрмені ұйымдастырған Испания, Қытай мен Корея негізге алды. EXPO көрмесін өткізетін әр ел төл идеясымен, өз өнімдерімен танылса, игі.
Шарафат Жылқыбаева