Қазақстанның алты қаласында қоқыстан энергия өндіретін зауыт салынады

Қазақстанның алты қаласында пилоттық режимде тұрмыстық қатты қалдықтарды өртеу арқылы энергия өндіретін зауыт салынады.

Жоба сәтті жүзеге асса, зауыт құрылысы басқа қалаларда да басталмақ.  Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.

Министр қалдықтарды өңдеу деңгейін арттыру үшін заңнамалық деңгейде Waste to energy технологиясы енгізілетінін еске салды. Бұл дегеніміз, қоқысты жағу арқылы электр энергиясы өндіріледі, сосын ол жалпы электр желісіне сатылады. Жуырда президент тиісті заңға қол қойған.

«Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған пилоттық жобалар бірінші кезенде алты қалада жүзеге асады. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент. Бүгінгі күні әкімдіктермен бірлесіп, жер учаскелері, инфрақұрылым және зауыттардың қалдықтармен кепілді жүктелуі мәселелерін пысықтап жатырмыз», – деді Мырзағалиев үкімет отырысында.

Пилоттық жобалар сәтті жүзеге асса, зауыттар басқа қалаларда да салынады.

Осы технологияның арқасында біз 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30%-ке,  яғни орта еуропалық деңгейге жеткіземіз, деп толықтырды ведомство басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button