1104
Іліктің әлегі
Іліктің әлегі
Орыс тілінен калькалану салдарынан қате қолданылып жүрген бір форма – қазақ тіліндегі ілік септік тұлғасы.
«Кімнің? Ненің?» деген сұраққа жауап беретін қазақ тіліндегі ілік септік – орыс тілінің «Чей?» деген сұраққа жауап беретін родительный падежіне ұқсас.
Ал осы родительный падеждің «кого?» деген сұрағы осы формада басқа падежда да кездеседі, бірақ ондағы қызметі бөлек. Винительный падеждің «кого? что?» деген сұрақтары біздегі табыс септігінің «Кімді? Нені?» деген сұрағына ұқсас.
Бірақ орыс тіліндегі осы екі септік қосымшасы жалғанып жасалған сөз тіркестері қазақ тіліндегі меңгере байланысқан сөз тіркесіне бара-бар. Яғни, табыс септіктегі сөз бен етістіктің байланысы.
Айталық, әрқайсымыздың қолымыздағы WhatsApp қосымшасының қазақша интерфейсінде «Хаттардың (ненің?) синхронизациясы үшін...» деген нәрсе бар. Ол орысшасында «Для синхронизации писем (чего?)» болса, қазақша дұрысы «Хаттарды (нені?) синхрондау үшін» болуы керек.
Сондай-ақ әуежайда айтылатын хабарламадағы «Жолаушылардың тіркеуі мен қол жүктерінің рәсімдеуі» деген хабарландырудағы «Регистрация (кого?) пассажиров и оформление (чего?) багажа» қазақшаға «Жолаушыларды (кімді?) тіркеу және қол жүгін (нені?) рәсімдеу» болып аударылуы керек.
Саяси науқандар кезінде айтылып, жазылатын «Президенттің сайлауы (Выборы президента)», «Парламенттің сайлауы (Выборы парламента)» деген қателер қазақ тіліне осы орыс тіліндегі екі падеждің қызметін түсінбей аудару салдарынан келді. Ал дұрысы: Кімді сайлау? Президентті сайлау, Нені сайлау? – Парламентті сайлау.
Тағы бір мысал. Аурулардың диагностикасы. Диагностика (чего?) заболеваний. Қате аударылған нұсқада диагностика ауруларға тиесілі болып тұр. Ал дұрыс аударса, «Ауруларды диагностикалау», «Ауруларға диагноз қою» болуы керек.
Сондай-ақ орыс тіліндегі бұл форма қазақ тіліне «курстың қатысушылары», «бағдарламаның қатысушылары» сынды қате нұсқаны әкелді. Дұрысында – «Курсқа қатысушылар», «Бағдарламаға қатысушылар» болуы керек.
Осы падежді аударудан пайда болған тағы бір қате: «бір қаланың мысалында қарастыру», «бір жағдайдың мысалында түсіндіру» сынды тіркестер.
Бұл – орыс тіліндегі «на примере города», «на примере ситуации» (кого? чего?) дегеннен калька.
Біріншіден, «пример» мысал ғана болмауы, үлгі болуы да мүмкін. Ондай болғанда «Бір қаланың үлгісінде қарастыру» дәлірек болар еді. Екіншіден, «бірдеңенің мысалында» стилистикалық тұрғыдан да қате.
«Бір қаланы мысалға ала отырып», «Бір қаланы үлгі ретінде алып», «Бір қаланы мысал/үлгі қыла отырып», «Бір жағдайды мысал/үлгі қыла отырып/үлгі ретінде ала отырып» десек – мәтін орысшадан аударылғаны білінбей де қалады.
Бұл қате 2020 жылы Президент табыс салығын есептеудің жаңа жүйесін әзірлеуге тапсырыс бергенде ерекше көрінді.
Новая система учета (чего?) подоходного налога дегенді қазақ БАҚ-тары мен блогерлері «Табыс салығының (ненің?) жаңа есептеу жүйесі» деп аударып алды. Шын мәнінде: Нені есептеу? – Табыс салығын есептеу болуы керек.
Бір автосалонның маңдайшасында тұрған «Европа (ненің?) өндірісінің автокөліктері» деген жазу да – калька. «Машины европейского (чего?) производства» дегеннен қате аударған. Дұрысы – «Еуропада жасалған көліктер».
Ең сорақы қатені «поправка часов» дегенді «сағаттардың түзетуі» қылып аударғанда көрдім...
Назгүл ҚОЖАБЕК