245
Саясаты сынға түсіп, экономикасы ентіккен елдер
Саясаты сынға түсіп, экономикасы ентіккен елдер
Мәжіліс сайлауына дейін екі-ақ ай уақыт қалды. Сайлауға қатысатын 6 саяси партияның дайындығы қызу. Бірі партияішілік іріктеу өткізіп, додаға ең таңдаулыларды қосуға бекінсе, енді бірі ребрендинг жасап, халыққа жақындай түсудің жолдарын қарастыруда. Әдетте еліміздегі қандай да бір саяси оқиға қарсаңында өзге мемлекеттердің тәжірибесіне үңілу дәстүрге айналған. Ондағы мақсат – үлгілердің озығын үйрену, тозығынан жирену. Сол дәстүр бойынша жуырда парламент және президент сайлауын өткізген бірнеше елдегі саяси ахуалға шолу жасап көрдік. Ұққанымыз – пандемия жағдайындағы экономикалық қиындықтармен тұспа-тұс келген саяси өзгерістердің сабағы да, салмағы жеңіл болмақ емес.
Берекесі қашқан Беларусь
Биылғы жылдың 9 тамызында Беларусьта өткен президент сайлауында сайлаушылардың 80,1% дауысын жинаған Александр Лукашенко жеңіске жетті. Бұл – елдің Орталық сайлау комиссиясы жариялаған нәтиже. Ал Беларусь халқы сайлау қорытындысы бұрмаланғанына сенімді. Ел тұрғындарының пікірінше, шын жеңімпаз – Светлана Тихановская. Елде үш айдан бері наразалық акцияларының басылмауы сондықтан. Әділ қоғам орнатамыз деп жанталасқан беларусьтықтардың әрекеті нәтиже берер емес. Бастапқыда күштік құрылымдар шерулерді басу үшін қатаң шаралар қолданды. Бұл халықтың наразылығын үдете түсетінін түсінген ел билігі екінші кезеңде жаңа контршараларды қолға алып, кәсіпорындарда Александр Лукашенкомен жеке кездесулер ұйымдастырылды. Үшінші кезеңде қалыпты өмірге оралу үшін Беларусь билігі конституциялық реформа мәселесінде мәмілеге келіп, келіссөз алаңдарын ұсынды. Десе де, төртінші кезеңде билік пен халық арасындағы кикілжің ушыққанын, күш қолдану, басып-жаншу әрекеттері қайтадан кең қолданыла бастады. 21 қазанда Беларусь Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар жинау уақыты белгісіз мерзімге ұзартылды. Бастапқыда бұл процесс 25 қазанда аяқталады деп жоспарланған еді. Ал 25 қазанда С.Тихановскаяның Лукашенкоға жариялаған ультиматумының мерзімі аяқталды. Оппозиция көшбасшысы президенттің отставкасын, сондай-ақ, саяси тұтқындардың босатылуын, елде зорлық-зомбылықтың тоқтатылуын талап еткен болатын. Алайда билік бұл талаптардың бірде-біреуіне құлақ асқан жоқ. Бұған жауап ретінде Светлана Тихановская мемлекетте жалпыұлттық ереуіл жариялады. Билік елдегі ең ірі кәсіпорындар жұмысы тоқтатылуының алдын алып үлгерді. Наразылық акциясы жоспарланған ауқымды қамти алмады. 27 қазанда А.Лукашенко елге террористік қауіп төнгенін мәлімдеді. Президент Беларусьтағы ереуілдерді Литва мен Польша ұйымдастырып отырғанын айтып, кәсіпорындардағы наразылыққа шығатын жұмысшыларға ақша төленген деген долбар жасады. 30 қазанда Александр Лукашенко наразылық акцияларының қатысушыларына қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Соған қарамастан 1 қарашажа Минскте «Террорға қарсы марш» деген атаумен тағы да рұқсат етілмеген митинг өтті. Үш айдан бері толастамай тұрған ереуілдер елдің берекесін бұзып қана қоймай, ырысын да ортайтты. Пандемия мен тұрақсыз саяси ахуал салдарынан Беларусь экономикасының жоғалтқаны аз емес. Беларусь рублінің әлемдік валюталарға шаққандағы құны құлдырады. Елдің қаржы министрлігінің дерегінше, бюджет дефициті 1,8 млрд рубльға (шамамен 600 млн еуро) құраған. Жыл соңына дейін тіпті 5 млрд рубльға (1 млрд 665 млн еуро) жетуі мүмкін. Мамандардың сөзінше, бұған салықтардың қазынаға жүйелі түрде құйылмауы және мемлекет шығындарының артуы себеп. Беларусьтің мемлекеттік қарызы да ұлғайып барады. Жыл басынан бері елдің берешегі 27 пайызға артқан. Ал, елдің ішкі жалпы өнімі, керісінше құлдыраған. Қаңтар мен қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Беларусь экономикасы 1,3 пайызға төмендеген.Қырғыздар қарызға батты
Қырғызстанда 4 қазанда өткен Жогорку Кенеш сайлауы да елдегі берекесіздіктің бастауы болды. Пропорционалды жүйе бойынша өткен сайлауда 120 депутаттық мандатқа 16 партия таласты. Сайлау науқаны қоғам қысымымен өтті. Беделі күмәнді олиграхтық топтардан құралған партияларды сайлауға қатыстырған биліктің ісіне наразылық танытқан халық ел басшылығын ашық айыптады. Сайлаушылар билікті, әсіресе, «Биримдик» және «Мекеним Кыргызстан» партияларын қолдағаны үшін сынға алды. 4 қазанда Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады. Ондағы дерек бойынша, шекті 7 пайыз дауысқа 4 партия қол жеткізген. «Биримдик» (24,53%) және «Мекеним Кыргызстан» (23,9%) партиялары сайлау үздіктері деп танылып, Жогорку Кенештегі 90 орынға қол жеткізгенін естіген халық сайлаудан соң жаппай көшеге шығып, оппозициялық партиялардың әрекеттерін қолдады. Жеңіліс тапқан партиялар сайлау қорытындысымен келіспейтіндерін мәлімдеп, оппозициялық блок құрды. Ереуілге шыққандардың негізгі талаптары: дауыс беру нәтижесін жою, сайлауды бұрмалағандарды тұтқындау және дауыс беруді қайта өткізу. Наразы топ бір түнде Ақ үйді басып алып, ғимарат ішін түгел қиратты. Жаппай тәртіпсіздіктер тек 16 қазанда Жогорку Кенеш Қырғызстан президенті С.Жээнбековтің отставкасы қабылдағаннан кейін ғана тыйылды. Қырғызстан үкіметінің басшысы, президенттің міндетін атқарушы С. Жапаров «Мекенчил» партиясының көшбасшысы Камчыбек Ташиевті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. 21 қазанда С.Жапаров мемлекеттік бюджетті толықтырып, қосымша қаржы көздерін табу үшін және бизнес-қауымдастықтардың көлеңкелі ресурстарын заңдастыру мақсатында ресми түрде экономикалық амнистия жариялады. Ал 22 қазанда Жогорку Кенеш сайлау шегін 7 пайыздан 3 пайызға төмендету туралы өзгерісті үш оқылымда қабылдады. Бүгінде Қырғызстандағы саяси ахуал тұрақталып келеді. Елде президент сайлауы өтетін күн белгіленді. 2021 жылдың 10 қаңтарында қырғызстандықтар болашақ басшыларын таңдайтын болады. Қырғыз халқының бұл сайлаудан күтері көп. Сайлау әділ өтіп, халықтың қамын жейтін, мемлекеттің еңсесін көтеретін, қолынан іс келетін нағыз көшбасшы ел тұтқасын ұстаса деп тілейді. Экономикалық қиындықтардан зәрезап болған, қарызға белшеден батқан Қырғызстан үшін дәл қазір елді тұйықтан шығара алатын басшы қажет. Елдің Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы Қырғызстан еңбекақы деңгейі бойынша Еуразиялық экономикалық одақта ең соңғы орынға тұрақтаған. Мемлекетте бір қызметкердің орташа айлық жалақысы – 15 мың сом (76 мың теңге). Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Одақ құрамындағы Қазақстанда орташа айлық жалақы 185 мың теңгені құраса, Ресейде орташа жалақы Қырғызстаннан 3 есе, Беларусьта – 2 есе, Арменияда – 1,5 есе жоғары. Әлем экономикасын тығырыққа тіреген пандемия қырғыз экономикасын да аяған жоқ. Биылғы жылдың наурыз-шілде айларында елде мыңдаған шағын және орта бизнес кәсіпорындары жабылып қалды. Басқаны былай қойғанда, бір ғана Бішкек қаласының өзінде 15 мыңна тарта компания жұмысын тоқтатты. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Қырғызстанның ішкі жалпы өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға құлдыраған. Жағдайдың бұлай ушығуына шет мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген қырғыз гастарбайтерлерінің елге оралып, екі қолға бір күрек таппай сенделуі себеп болды дейді мамандар. Өйткені жат жұртта еңбектеніп жүрген қырғызстандықтардың табысы – мемлекет қазынасын толтырып отырған негізгі кіріс көзі болатын. Дүниежүзілік банк дерегінше, Қырғызстан Орталық Азия мен Еуропа елдері арасында еңбек мигранттарының ішкі жалпы өнімге қаржы аударымдары жөнінен көш бастап тұр. Ресейдің Орталық банкінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы қырғызстандық мигранттар өз отанына 2,21 млрд доллар аударған, тағы осынша қаржыны үйлеріне қолма-қол ақша түрінде апарған. Қазір қырғыз гастарбайтерлері үйде отыруға мәжбүр. Көп елдің шекарасы жабық, салдарынан жергілікті халық табыс көзінен қағылған. Мемлекет ел тұрғындарына жұмыс тауып беруге де, жәрдемақымен қамтамасыз етуге де қауқарсыз. Пандемия қашан аяқталатыны белгісіз, демек, жағдайдың жақын арада түзелері күмәнді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстан экономикасы 4 пайызға төмендейді деп болжанып отыр. Мұндай құлдырау 1995 жылдан бері болмаған. Сыртқы қарыздар да елдің қос өкпесін қысып тұр. Қырғызстанның қаржы министрлігінің дерегінше, мемлекеттің берешегі 4 млрд 169,6 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде 1 млрд 776,29 млн доллар – Қытайдың Эксимбанкінен алынған несиелер. Қаржыдан қысылған қырғыз үкіметі бұл қарыздан құтылу үшін елге алақан жаюға мәжбүр. Жуырда Жалал-Абад облысының тұрғындарымен кездесуде С. Жапаров көп боп қаражат жинау үшін шот ашылғанын мәлімдеді. Қырғызстан бауырлас мемлекеттерден де қолдау күтіп отыр. 30 қазанда Қазақстан Президентінің қабылдауында болған Қырғызстанның сыртқы істер министрі Р. Казакбаев қырғыз экономикасын құрдымнан құтқару үшін біздің мемлекеттен қаржылай көмек сұрай келгені белгілі болды. Күні кеше телефон арқылы сөйлескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алғашқы қадам ретінде екі мемлекет қырғыз халқына экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуге келісті.Украина: Орындалмаған уәде, сетінеген сенім
Түрлі-түсті революциялар жайлы сөз қозғалса, төңкерістердің салдарын жеңе білген мемлекет ретінде Украина жиі ауызға алынады. Саясаттанушылар бұл мемлекетті демократиялық өзгерістерге қадам басқан, экономикалық һәм саяси ахуалын оңалтып, халқының тұрмысын түзей білген ел деп дәріптейді. Өкінішке қарай, күшпен және революциялық жолмен билік ауысқан билік баянды бола бермейтінін уақыт бірнеше мәрте дәлелдеді. Украинадағы бүгінгі тұрақсыз экономикалық жағдай да соның дәлелі болса керек. Биылғы жылдың соңына дейін Украина 407 миллиард гривна (14,2 млрд доллар) берешегін өтеуі тиіс. Оның 169,24 млрд гривнасы – сыртқы қарыз болса, 231,46 млрд гривнасы – ішкі қарыз. Ішкі жалпы өнімге шаққанда Украинаның мемлекеттік қарызы 2020 жылдың екінші тоқсанында 78,8 пайызға дейін өскен. Сарапшылардың айтуынша, сыртқы берешектің көбеюіне мемлекеттік сектор қарызының 1,4 млрд долларға, ал жеке сектор қарызының 1,1 млрд долларға ұлғаюы себеп. Бұл – ішкі жалпы өнімнің 44,8 пайызы. Украинаның Ұлттық банкінің сыртқы қарызы биылғы жылдың екінші тоқсанында 54 млн долларға кеміп, 6,9 млрд долларды құрады. Алайда бұл тиімді саясаттың жемісі емес, валюта курсының құбылу нәтижесі. Банк порталындағы ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары елдің сыртқы қарызының өсімі валюталық резевтердің өсімінен әлдеқайда жоғары. 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша мемлекеттің жиған-тергені қарызының 52 пайызын ғана жабуға қауқарлы. Жуырда өткен атқарушы биліктің жергілікті органдарына сайлауда ел президенті Владимир Зеленскийдің «Халық қызметшісі» партиясы сәтсіздікке ұшырады. Популизммен құлашын кеңге жайған бұрынғы танымалдылық бұл жолы көмектесе алмады. Сарапшылардың пікірінше, партияның сайлауда биіктен көріне алмауына сенімсіздікпен жүргізілген саясат және сайлау алдында берілген уәделердің орындалмауы себеп. «Халық қызметшісі» партиясының кандидаттары Украинадағы сайлау округтерінің жартысынан астамында жеңіліс тапты. Бұл сайлаушылардың популистік ұрандардан жалыққанын, сөзден гөрі нақты іс көргісі келетінін аңғартады. Елді басқарған бір жыл ішінде Зеленсий өзінің сайлауалды 21 уәдесінің үшеуін ғана орындады: ауылшаруашылығы жерлерінің нарығы ашылды, президент импичменті және Жоғарғы Рада депутаттарының дербес құқығын алып тастау туралы заң қабылданды. В.Зеленский табыс салығын ел аумағынан шығарылатын капитал салығымен алмастыруға уәде берген. Алайда жаңа салықтар енгізіп, бизнеске салынатын айыппұлдарды өсірді. Украиналық сарапшылардың сөзінше, елдегі өзекті мәселелер шешілмеген күйі қалды. Атап айтқанда, тарифтер түйткілі, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі әлі қордаланып жатыр. Зеленский Порошенко тұсындағы таптаурын жолдармен жүріп келеді деп саясаттанушылар. Елдегі соңғы сайлау посткеңестік мемлекеттердің саясаткерлеріне сабақ болары анық. Әдемі сөз, келісті келбет сайлаушының назарын біраз уақыт жаулағанымен, шынайы өмір, әсіресе, пандемия кезіндегі дағдарыс сарабдал шешімді, нәтижелі істі талап етеді. Мектеп салу, жол жөндеу, тұрмысы төмен отбасыға көмектесу, жұмыссыздық мәселесін шешу – бүгінде азаматтар күрделіден қарапайымға ойысқан, ауқымды мәселеден гөрі нақты түйткілдің шешімін күтеді. Сондықтан проблемалардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешілуі сайлаушыны да, саяси күшті де мақсатына жеткізбек.Ауру жайлаған АҚШ – Трамп саясатының «жемісі»
Бірер апта бұрын жаңа көшбасшысын сайлаған АҚШ-тың да жағдайы мәз емес. Мызғымастай көрінетін экономикасы да, сыр алдырмайтын саясаты да шытынай бастағандай. «Пандемия тек дамушы елдерді әлекке салады» деп бастапқыда жасалған байыпсыз болжамның күлі көкке ұшқалы қашан. АҚШ індет жұқтырғандар саны жөнінен де, кесірлі кесел құрбандарының саны жөнінен де әлемде көш бастап тұр. Елде коронавирусқа шалдыққандар саны 11 миллионнан асты. Науқастардың 246 мыңнан астамы көз жұмды. Америкалық медицина қатерлі вирустың алдында қауқарсыз екенін көрсетті. Елдің экс-президенті Дональд Трамптың індет қаупін мойындамауы, карантин енгізуге енжарлық танытуы салдарынан коронавирус бақылаудан шығып, штаттарды емін-еркін кезіп кетті. Індеттен бөлек, биыл полиция қолынан қаза тапқан афроамерикалықтың өлімінен кейінгі ереуілдер, санкциялық соғыстар, Қытаймен сауда соғысы да АҚШ-ты аз әуреге салған жоқ. Салдарынан ел экономикасы шатқаяқтады. Саясаттанушылардың пікірінше, жаһандық экономиканың жандармы саналатын алпауыт Америка алдағы жылдары бұл мәртебесінен айрылуы ғажап емес. Сарапшылар мұны елді соңғы 4 жылда билеген Трамптың тәкаппар саясатының «жемісі» деп есептейді. Республикалық партияның көшбасшысы сайлауалды бағдарламасында уәдені үйіп-төккенімен, олардың көбін орындаған жоқ. Мәселен, Трамп мемлекетте заңсыз жүрген мигранттардың бәрін ел аумағынан шығарам деп сөз берген еді. Өткен жылы елден 267 мың шетелдік депортацияланған. Алайда мигранттарды депортациялау туралы уәде бермеген Барак Обаманың тұсында бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болды: 2012 жылы АҚШ аумағында заңсыз еңбек еткен 410 мың адам шығарылған. Трамптың АҚШ пен Мексика шекарасына қорған тұрғызу туралы уәдесінің де елге пайдасынан гөрі зияны көп болды. Әуелде Ақ үй басшысы қорған құрылысын Мексика қаржыландырады деген еді. Алайда шекараға қабырға тұрғызуға Мексика ғана емес, АҚШ Конгресі де қаржы бөлуден бас тартты. Ақ үй басшысы өткен жылы өз ойын жүзеге асыру үшін қаржы тапты: Пентагон бюджетінің бір бөлігін қорған құрылысына бағыттады. «Ұлы Мексика қабырғасының жоспарланған 800 шақырымының 600 шақырымы тұрғызылды. Алайда жаңа қабырғаның Кіші Буштың тұсында орнатылған қақпадан айырмасы аз, ескіні жөндеуден өткізіп қойғандай әсер қалдырады. Сондықтан мамандар қорған құрылысына кеткен миллиардтарды желге ұшты деп есептейді.Қазақстан: Тұрақтылықты сақтау – басты міндет
2020 жылы Қазақстан экономикасы қос бүйірден соққы алды. Біріншіден, мұнай бағасының күрт төмендеп, өндіріс көлемінің азайса, екіншіден, коронавирустың таралуына байланысты еншізілген локдаун салдарынан көп кәсіпорынның жұмысы тоқтап, елімізде іскерлік белсенділік төмендеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жедел әрекет еткен ел Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі. Жұмысы тоқтаған кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субектілері жыл соғына дейін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды. Жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 5,9 трлн теңгені құрады. Оның 3,4 трлн теңгесі – республикалық бюджет есебінен, ал 2,5 трлн теңгесі – бюджеттен тыс қаражат есебінен. Пандемия жағдайында жұмыссыздық деңгейі шарықтап кетпеуі үшін Жұмыспен қамтудың Жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Экономикалық қиындықтарға қарамастан елдегі ең өзекті әлеуметтік мәселе – тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар да тұралаған жоқ. Мемлекет қосымша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін 390 млрд теңге (бюджеттен тыс қаражат) бөлді. Сондай-ақ, елімізде әлеуметтік төлемдер (зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек) 10%-ға дейін қосымша индекстеліп, шәкіртақылардың көлемі артты. Жалпы сомасы 313 млрд теңгеге коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуді де мемлекет өз мойнына алды. Табысынан айрылған 4,5 млн қазақстандық мамыр айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Тамыз айында карантин қайта енгізілуіне байланысты 2,5 млн қазақстандыққа жәрдемақы төленді. Бүгінде 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. 10 бағыт бойынша жоғалтқанымызды түгендеп, ортайғанымызды толықтыруға күш салынып жатыр. Пандемия кезінде атқарылған бұл шаралардың нәтижесі алдағы Мәжіліс сайлауының қорытындысына, яғни халықтың таңдауына ықпал етері сөзсіз. Басшысы қосшысын менсінбейтін, халқы билігін мойындамайтын көп мемлекеттегі мазасыздықты көргенде өз еліміздегі тұрақтылыққа шүкір дейсің еріксіз. Халық үніне құлақ асатын мемлекет, елдің мүддесін қара бастың қамынан биік қоятын билік жүгенсіздікке ұрынбасы анық. Алдағы сайлауда әділеттілігіміз ғана емес, ынтымағымыз бен бірлігіміз де сыналмақ. Берекеміз бекем болғай.