242
Балаларын қазақша оқытып жатқан этнос өкілдерін қолдау қажет
Балаларын қазақша оқытып жатқан этнос өкілдерін қолдау қажет
Кеше Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚХА кеңесінің отырысы өтті. Пандемияға байланысты видеоконференция форматында өткен отырысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, кеңес мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган басшылары, Парламент депутаттары, этнобірлестік төрағалары қатысты.
«Қиын жағдайға байланысты кеңес отырысын бейнебайланыс түрінде өткізіп отырмыз. Бұл жиынымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналады. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек», – деді кеңес отырысын ашқан Елбасы.
Тарихқа шегініс жасаған Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 14 желтоқсанда өткен Қазақстан халықаралық форумында халықтың келісімі мен бірлігіне негізделген Ассамблея құру жөнінде бастама көтергенін еске салды. Ал 1995 жылы 1 наурызда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған еді.
«Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея нәтижелі консультациялық кеңес органынан өзінің парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіріп, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Дәл осы Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттық қалыптасу үшін бастапқы шарт болды. Барлығымыз да бұл жетістік ең алдымен еліміздің барлық азаматының арқасында орын алғанын жақсы түсінеміз», – деді Тұңғыш Президент.
Елбасы этносаралық, конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттің Конституцияға сай емесін нақтылайтын заң қабылданғанын атап өтті.
«Сол арқылы біз барлық азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз. Бұл саладағы Қазақстан саясаты қабылданған барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ұйымдар біздің этносаралық қарым-қатынас моделімізге және ұлттар бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімізге жоғары баға беріп, жұмысымызды өзгелерге үлгі етіп отыр.
Біз «Рухани жаңғыру» деген атаумен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын бастадық. Оның мақсаты – жаңа шынайы жағдайда халқымыздың санасын, ойлау образын, өмірін өзгерту. Мұны терең түсіну қажет. Қазір өмір мүлдем өзгеріп, қоғамымызға Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жаңа буын келді. Сондықтан мұның бәрін қайта қарап, уақыт талабына сай болуымыз керек», – деді Н.Назарбаев.
Елбасы алдағы Мәжіліс сайлауын да тілге тиек етті. Парламентке ең лайықты азаматтар өтуі тиіс екенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының праймериз өткізудегі мақсаты да сол екенін атап өтті.
«Праймеризге қатысам деушілердің барлығы қатысты, өз пікірлерін айтты. Ол пікірлер жиналды. Оның пайдасы зор болады деп санаймын. Алайда кейбір күштердің ара-тұра этникалық мәселелерді өз жеке мақсаттарына пайдалану пиғылы бар екенін де ұмытпау керек. Цифрлық технологияларды теріс ойлы адамдардың қоғам мүддесіне қарсы қолдануы да жиілеп бара жатқаны рас», – деп Тұңғыш Президент өзекті мәселені көтерді.
Осы ретте Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өкілетті органдарға ең алдымен тіл және ақпарат саласына қатысты мәселелерде этносаралық қатынастарды саясатқа айналдырмау жағына көңіл бөлуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Ассамблеяның ақпараттық идеологиялық жұмысына толеранттылық сезімін күшейтуге, жастар арасындағы әлеуметтік желідегі ксенофобияға қарсы күреске баса мән берген жөн.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі де Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Еліміздегі барлық этнос арасында қазақ тілін жетік меңгергендер саны артып келе жатқанын атап өткен Ассамблея Төрағасы мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналғанын айтты. Тілдің түрлі ұлт пен ұлысты біріктіруші күшін АҚШ мысалымен түсіндірген Нұрсұлтан Назарбаев:
«Америка жүздеген ұлт пен этностан тұрады, алайда ағылшын тілі олардың бәрін америкалық қылып отыр. Әрине, бізде жағдай өзгешелеу. Бірақ соған баруымыз керек. Мемлекеттік тіл барлық азаматтарға басқарудың бүкіл органдарына жұмыс істеуге, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндік береді. Сондықтан мақсат үлкен. Адам көп тіл білген сайын мәдениетті бола түседі. Меніңше, көпшілік мұны ортақ мақсаттар үшін жасап отырғанымызды түсінеді. Сол себепті түрлі этностың ата-аналары балаларын қазақ балабақшаларына, мектептерге және жоғары оқу орындарына бере бастағаны қуантады. Мұны қолдау қажет», – деді.
Елбасы бейбітшілік, келісім және бірлік мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болғанын және солай болып та қала беретінін баса айтты.
«Дәл осы құндылықтардың арқасында біз дамып, елімізді байытамыз, адамдарымыз үшін жақсы өмірге жағдай жасаймыз. Бұл этносаралық қозғалыс саласындағы түбегейлі ұстаным және ол өзгермейді. Ассамблея барлық этносты біздің ортақ қазақстандық құндылықтарымыздың төңірегіне топтастыру үшін жұмыс істеуі керек. Қазақ тілінің біріктіруші факторға айналуына, халқының бірлігін мұнан ары да нығайтуға әлеуеті бар. Ол этносаралық қарым-қатынас тіліне айналуы үшін кезең-кезеңімен аясын кеңейтіп, оны оқитын адамдардың санын арттыру қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тұңғыш Президенттің айтуынша, елімізде қазақ тілін тегін оқытатын 90 орталық жұмыс істеп тұр. Алайда олардың тиімділігіне қатысты сауалдар көп екені жасырын емес. Сондықтан Елбасы осы салаға жауапты екі министрлікке нақты іске көшіп, нәтиже шығаруды жүктеді.
«Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің тиімділігін барынша арттыруы керек. Біз әрбір бала мектеп бітіргеннен кейін қазақ тілін меңгеріп, оқи, жаза және сөйлей алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл оларға мемлекеттік қызметтің барлық саласында, экономикада және басқа да қызметте жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді ҚХА Төрағасы.
Сондай-ақ, отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа орынбасарларын таныстырды.
«ҚХА кеңесінің отырысы қарсаңында Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары лауазымына Алматы облысы бойынша Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Зәкіржан Кузиев пен Kazakh TV арнасының бас директоры Майя Бекбаева тағайындалды. Барлығымыз екеуін де жақсы білеміз», – деп атап өтті Елбасы.
Тұңғыш Президенттің пікірінше, Ассамблеяны жалпыазаматтық және жалпыұлттық институт ретінде дамытуды жалғастыра беру қажет. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның орталық аппаратының, өңірлік құрылымдардың және этномәдени бірлестіктердің тиімділігін арттыру керек деп есептейтінін жеткізді.
«Бұл ең әуелі Ассамблеяға «Қазақстан-2050» стратегиясы алға қойған ауқымды міндеттерді, сонымен қатар 30 өсіп-өркендеген елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біздің жұмыс істейтін бағдарламамыз бар. Қазір бәріміз қиын жағдайда тұрмыз. Дегенмен, мықты мемлекет құрдық, аяғынан тік тұрғыздық. Қазір күшіміз де, қаражатымыз да бар. Бұл тоқыраудан да шығамыз. Енді қазір ары қарай өрлеу, өркендеу мәселесін алға қоюымыз керек», – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.