Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар

Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар

Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар
ашық дереккөзі
Қырғыз Республикасында 20 желтоқсанға қайта белгіленген Парламент сайлауы өтпейтін болды. Елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау өткізудің жұмыс кес­тесін жасап, Жоғарғы кеңеске депутаттарды тіркеуден өткізіп те қойған еді. 30 қа­занда Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты сайлаудың кейінге қалдырылғанын жариялады. Елдің оңтүстік аумағындағы Бат­кен, Жалалабад және Ош облыс­тарына барған іссапарында пре­зиденттің міндетін атқарушы, пре­мьер-министр Садыр Жапаров ел­мен кездесуінде бұл мәселеге де тоқ­талды. «Конституцияның 64-бабына сәйкес, Қырғыз Республи­ка­сының президенті ғана Жоғарғы кеңеске сайлау тағайындайды. Сон­дықтан бірінші президент сайлауы өтуі керек», – деді ол. Ал Президент сай­лауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген болатын. Садыр Жапаров оңтүстік аймақ­қа шұғыл түрде барып келді. Өйткені содан бірнеше күн бұрын қырғыз-тәжік шекарашылары бір-біріне қо­қан-лоққы жасап, атыс болған. Абы­рой болғанда адам шығыны бол­ған жоқ. Қырғыз Республикасы жиыр­ма тоғыз  жылдан бері Өзбек­стан және Тәжікстан республикаларымен шектесетін жерлерін толық анықтай алмай отыр. Кикілжің­дер­дің себебі де осыдан. Садыр Жапаров ел үшін ко­ро­на­ви­рус індетінен де қор­қынышты екі проблема бар деп атады. «Біріншісі – ұлтаралық жанжал, екіншісі – ше­кара­ның босаңдығы. Ақырғы оқиға­ларды пайдаланып, үшінші күштер дейміз бе, оппоненттер дейміз бе, ұлтаралық жанжалды шығаруға әре­кеттенді және әрекет жасап жатыр. Мұның алдын алу мақсатында Ошқа келдім», – деді ол. Үкімет басшысы­ның айтуынша, өлкенің Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің құрамына кіріп, енді комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев шекара мәселесімен тікелей айналысатын болады. Өткен көктемде пандемиямен алы­сып, біраз қиындықтарды көр­ген қырғыз бауырларымыз жақында бас­талған індеттің екінші толқынын еле­мей жүргендей. Елдің назары ал­дағы президент сайлауына ауды. Бұлай айтпасқа амал жоқ. Өйткені сақ­тық шараларын ұстанып жүр­ген­дер аз.  Көшелерде, көліктерде маска тағып жүргендер бірен-саран. Бішкекте коронавирус мүлде жоқ сияқ­ты әсер қалдырады. Қырғыз Республикасында пан­де­мия байқалғаннан бері 60 279 адам ауру жұқтырып алған. Қазіргі уа­қыт­та ауруханаларда 3 367 адам, күн­­дізгі емханаларда 3 889 адам ем­деліп жатыр. Бұл аурудан қайтыс бол­ған адам­дардың жалпы саны 1 159 бол­­ды. Үкімет тарапынан да коро­на­вирусқа қарсы қатаң шаралар әлі қабылданбай отыр. «Барлық күшті пан­демияға қарсы жұмсайық, ел жап­пай ауырып қалса, сайлаудың не керегі бар?» деген дабыл да қағыла бастады. Бішкек мэриясының жетекшілігі осы 14-15 қараша күндері Біш­­кекте коронавирус инфекциясы күшейіп, жоғарғы шекке жақын­дай­ды деп болжам жасады. Ал енді, ОСК 14 қараша күні пре­­зиденттік қызметке канди­дат­тар­ды тіркеуді аяқтап, сайлау нау­қанын бастамақшы. Президенттің міндетін атқарушы, премьер-министр Садыр Жапаров сайлауға түсетінін тағы да мәлімдеді. Мұның алдында да «ел сайласа, ажо боламын, сайламаса жай адам боламын» деген еді (ажо – орта ғасырларда қыр­ғыздарды басқарған билік иесі. Қырғызда «Ай дейтін ажо, қой дейтін қожо жок» деген мақал сол дәуір­ден қалса керек, елімізде «Әй дейтін әже жоқ, қой, – деген қожа жоқ» деп айтылады). Садыр Жапаровтың бұл сайлауда ешнәрседен ұтылмайтыны белгілі болып тұр. Жеңсе, президент болады. Жеңілсе, парламент сайлауына түсіп, оның бірінші сессиясына дейін премьер-министр болып қала береді. Жаңа парламент жаңа үкіметті жасақтағанда Садыр Жапаров депутаттар тарабынан қолдау таба ма? Алдын ала айту қиын. Пар­ламент сайлауы келесі жылдың ортасында өтуі мүмкін. Сарапшылар­дың көпшілігі егер Садыр Жапаров президент болса, ел президенттік басқару жүйесіне, премьер-министр болса парламенттік басқару жүйе­сіне өтеді деген болжам айтуда. Бұл Конституцияға өзгерістер және то­лықтаулар енгізу арқылы іске аспақ­шы. Оны жаңарту үшін Консти­туция­лық кеңес құру, талқылау, жал­пыхалықтық референдум өткізу керек. Бұл президент сайлауы мен парламент сайлауы аралығында іске асырылуы мүмкін. Республикада жалпы 15 жыл тұр­ған, мемлекеттік тілді білетін, жа­сы 35-тен жоғары, 70 жастан ас­па­ған Қырғыз Республикасының аза­маты президенттік қызметке  6 жыл мерзіммен бір жолы сайлана ала­ды. Тіркелерде 30 мың жақтау­шы­сының қолын да жинауға тиіс. Бүгінгі күнде төрт кандидаттың арасында негізгі бәсекелестік болады деп айтылуда. Олар – Садыр Жа­паров, «Бүтін Қырғызстан» пар­тия­сының лидері Адахан Мадумаров, Жоғарғы кеңестің төрағасы Қа­нат Исаев және «Республика» пар­тиясының бұрынғы лидері Өмір­бек Бабанов. Президенттік сайлауда бұрынғы президенттер Алмазбек Атам­баевтың, Сооронбай Жээн­беков­тің жақтастары да белсенділік та­нытқалы отыр. Қазіргі саяси жағ­дай туралы қырғыздың саяси сарапшысы Марс Сариев былай дейді: «Садыр Жапаровтың билігін Ресей мойындамағансып жатқанымен, ол Мәскеуге жақын адам. Қырғыз Рес­публикасындағы парламент сай­лауы­ның теріс нәтижесінен соң ірі дер­жавалардың арасында өлкеміз­дегі ахуалға  қызығушылық артты.  Мәс­кеу президент сайлауына дейін Садыр Жапаровты ашық қолдай алмайды. Әсер ету саясатында «жасырын әдістер» бар. Мәскеу қабыл алмай жатыр деп, әдейі мәлімет таратуда. Шындап келгенде, сайлау аяқталысымен Ресей Садыр Жа­паров­тың билігін бірінші болып таниды. Жалғыз олар емес, Қытай да, басқалары да Жапаровқа ғана тоқ­талуда». Белгілі саясатшы Садыр Жа­паровтың президент болатынына нық сенімді сияқты.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)