Мәхр: Қанағатты ұмытқан құрметсіз қалар

Мәхр: Қанағатты ұмытқан құрметсіз қалар

Мәхр: Қанағатты ұмытқан құрметсіз қалар
ашық дереккөзі
Некедегі азаматтар мәхрдің не екенін біледі. Некелесіп, отау құрып үлгермегендердің көпшілігі де ол жайлы хабардар. Хабары жоқтар үшін түсіндіре кетер болсақ, қасиетті дінімізде күйеу жігіттің жарына ақшалай немесе дүние ретінде беретін сыйлығын «мәхр» деп атайды. Шариғат бойынша онсыз неке қиылмайды. Ал мәхрдің көлемі қалыңдықтың қалауы бойынша шешіледі. Бүгінгі келіншектер мәхрге не сұрап жүр? Күйеу жігіттер таңдап алған жарына дін қызметкерлері мен куәгерлер алдында берген уәдесін орындай алып жүр ме? Аспандағы айды сұраудан тайынбайтын арулардың сұрағанын әперуге мүмкіндігі жоқтар не істемекші?

Домбыра сұраған қалыңдық

Жаз – той маусымы. Еңбек демалысымыздың басым бөлігі той жағалаумен өтті. Бесік той, тұсаукесер, мерейтой, сүндет той, ұзату, үйлену тойы. Әсіресе соңғысының бәсі басым. Некелесіп, шаңырақ көтергісі келетін жастардың көпшілігі үйленуге қолайлы мезгіл ретінде жаздың келуін асыға күтетіні бесенеден белгілі. Өйткені жұрттың жұмыстан қолы босайды, нарық бағасы арзандайды, ашық аспан астында жөн-жоралғы жасағанға ауа райы да ыңғайлы болып тұрады. Той салтанатының алдында жас жұбайлар мешітке барып, шариғат жолымен некелерін қидырады. Жуырда екі құрбым тұрмыс құрып, сондай қос рәсімнің куәсі болдым. Куәгерлердің алдында жас жұбайлардың өз қалауларымен қосылғандарына көз жеткізген дін қызметкері қалыңдықтан мәхрге не қалайтынын, яғни күйеуінен қандай сыйлық күтетінін сұрайды. Құрбымның бірі көпшіліктің алдында қосағынан сый ретінде алтын жүзік алғысы келетінін жеткізді. Имам жүзіктің бағасы қай шамада болуы керектігін нақтылауын өтінді. «50 мың теңге» деп жауап берді құрбым. Күйеу жігіт қалыңдығының қалағанын алып беруге уәде етті. Мен қатысқан келесі неке қию рәсімінде екінші құрбыма да дәл сондай сұрақ қойылды. Аздаған үнсіздіктен кейін қалыңдық: «домбыра», – деді. Не сұрар екен деп демін ішіне тартып, құрбымның жауабын күтіп тұрған куәгерлер бір-біріне қарап, аң-таң болысты. Мешітке жиналған өзгелер секілді мен де бұрын-соңды мұндай жауап естімегенмін. Бала кезден бірге өскен құрбым үшін мақтаныш сезімі кернеді кеудемді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, жаңадан көтерілген шаңырақтарының төріне халқымыздың киелі аспабын  іліп қойғысы келген қалыңдыққа жиналғандардың бәрі тегіс сүйсінгені сезіліп-ақ тұрды. «Жарыңыздың қалаған сыйын алып беруге уәде бересіз бе?» деген имамның сұрағына күйеу жігіт кідірместен «иә» деп жауап берді.Неке қиылды, жас жұбайларға неке куәлігі тапсырылды.

«Дүние көздеген қызға үйленбеймін»

Мәхр көлеміне шек қойылмаған,  яғни қалыңдық күйеу жігіттен не сұраса да ерікті. Алайда шариғатта мәхрдің ең аз мөлшері белгіленген.  Күйеуінің некелесіп отырған жарына беретін сыйлығының көлемі ең аз дегенде он күміс дирхам болуы керек. Бір дирхамның салмағы шамамен 3-3,5 грамм болса, мәхр ретінде берілетін күмістің мөлшері ең азы 30-35 грамм болуы қажет екен. Бірақ сыйлықтың күмістей берілуі шарт емес. Сол мөлшерге шамалас ақшалай не заттай сыйлық берілсе болғаны. Деректерде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жары Хадишаға үйленерде мәхр ретінде жиырма түйе бергені мағлұматталған. Мәхр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжаль», яғни дер кезінде берілген мәһр деп атайды. Ал екеуара келісіп, мәһр беруді кейінге қалдырса, мұны «мәһр му-әжжаль», яғни уақыты созылған мәһр дейді. Ерлі-зайыптылар мәһрдің берілетін уақытын нақты белгілесе, сол келісілген күні берілуі тиіс. Кейде ерлі-зайыптылар мәһрдің нақты уақытын белгілемей, әйелі ерімен «әйтеуір бір берерсің» деп келісетін кездер де болады. Дінде оған да рұқсат берілген. Бірақ, бұның уақыты, ерлі-зайыптылардың ажырасуымен немесе біреуінің дүниеден озуымен шектеулі. Яғни, ажырасқан күні, мәһрді беру еріне міндет, ал күйеуі бақилық болған жағдайда, мәһр ерінің артында қалған дүниесінен алынады. Келісілген мәһрдің мөлшерін азайту яки мәһрден түбегейлі бас тарту келіншектің өз ықтиярында. Алайда имамдардың айтуынша, соңғы кезде қыз-келіншектер неке сыйынан бас тарту былай тұрсын, мәхр көлемінен жарыс ұйымдастырғанға ұқсайды. Бірі көлік, бірі үй, бірі құндыз тон сұрайды екен. Шариғатта мәхрдің шегі жоқ делінсе де, сұрағанның жөні осы екен деп, күйеуіне шамадан тыс күш салу – өнегелі отбасынан шыққан тәрбиелі қызға жат қылық. «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлы жуырда осы тақырып бойынша сюжет дайындаған отандық арналардың бірі арқылы тұрмыс құрғалы жүрген қаракөздерге сабақ болсын деп мешітте болған бір оқиғаны баяндап берген. Дін қызметкерінің айтуынша, қалыңдық неке қиюдың алдында болашақ жарынан мәхрге судай жаңа «Camry» автокөлігін талап етіпті. Намысқа тырысқан жігіт, келіншектің бұл тілегін екі етпей орындаған. Алайда темір тұлпардың кілтін қолына ұстатып, дүние армандаған қызды жар етіп алмаймын деп, сол күні некесін қидырмай тастап кеткен. «Жігіт дүниені армандаған қызбен бір шаңырақ астында тұрғысы келмейтінін айтты. Дүниеге қызыққан адамды емес, болашақ ұрпағын өсіріп-өндіретін адал жар іздегенін жеткізді. «Онсыз да сенде бәрі болатын еді ғой, жаяу жүрмейтін едің ғой. Бірақ саған дүние керек болып жатса, қалауыңды беремін» деп жігіт қызға сұраған көлігінің кілтін табыстады. Бірақ неке қиылған жоқ», – дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлы. Дін қызметкерінің айтуынша, тағы бір қалыңдық некелесу кезінде күйеу жігіттен үй сұраған. «Жақында Алматыда жастардың некесін қиятын сәтте қарындас үй сұрады. Жігітке қарасам, ыңғайсызданып отыр. «Екеуіңнің онсыз да үйлерің бар емес пе, оны не істейсің?» десем, «енді үйім болсын да» дейді. Қарындастарым мәхр көлемін жарысқа айналдырып жібергені өкінішті», – дейді имам. Шариғат заңы осы екен деп айды аспаннан бір-ақ шығаратын қаракөздердің көбейгені шынында да қынжылтарлық жайт. Дүние жиюдың емес, шаңыраққа жылу кіргізудің жайын ойласа, сүйіп қосылған жұбайы жарының бар тілегін орындауға асығады емес пе? Қанағатты ұмытқан адам абырой мен құрметті де жоғалтатынын ұмытпасақ екен.  

Анар ЛЕПЕСОВА