212
Германияда індет өршіді: Меркель бір айлық локдаун енгізді
Германияда індет өршіді: Меркель бір айлық локдаун енгізді
Коронавирустың өршуіне байланысты Германияда барлық көңіл көтеру орындары, мейманханалар, дәмханалар мен көптеген қызмет көрсету нысаны бір айға жабылады. Жаңа шектеулер 2 қарашадан бастап айдың соңына дейін енгізіліп отыр.
Тиісті шешімді сәрсенбі, 28 қазан күні Канцлер Ангела Меркель және 16 федералды жердің премьер-министрлері қабылдады, деп хабарлайды dw.com.
А.Меркельдің айтуынша, соңғы 10 күнде неміс клиникаларының интенсивті терапия бөлімшелеріндегі науқастар саны екі есеге артқан, 9 күнде өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған науқастар саны екі есеге көбейген.
Алдағы уақытта денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің артуын болдырмау үшін ел билігі індеттің таралуын барынша шектейтін шаралар қабылдады. 2 қарашадан ел азаматтары өз үйлерінен тыс аумақта әлеуметтік қарым-қатынасты барынша азайтуы тиіс. Қоғамдық орында екі үйдің адамдарына (10 адамнан артық емес) ғана кездесуге рұқсат. Көшелердегі, тұрғын үйлердегі және жекеменшік учаскелердегі өзге кездесулер мен мерекелерге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, алдағы айда жеке сапарлардан, туған-туыстарға барудан бас тарту ұсынылып отыр. ГФР қонақүйлері келушілерді дәлелді себеппен ғана қабылдай алады. Туристерді қабылдауға тыйым бар.
Германияда қарашаның соңына дейін барлық көңіл көтеру, демалыс мекемелері – театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, көрме орталықтары, ойын салондары, казино, демалыс саябақтары, фитнес-клубтар, кәсіби емес спортклубтар, жүзу бассейндерінің жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Ал далада жеке адамдардың спортпен шұғылдануына тыйым жоқ.
Елде шаштараздар мен физиотерапиялық кабинеттердің жұмысы тоқтамайды. Мектептер мен балабақшалар да қалыпты режимде жұмыс істеуін жалғастырады.
Айта кетейік, Германияда өткен тәулікте 15 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Бұл - пандемия басталғалы бергі рекордтық көрсеткіш. Елде індетке шалдыққандардың жалпы саны 479 мыңнан асты. Қатерлі вирустан 10 мыңнан астам адам көз жұмды.
Еске салсақ, бұған дейін Украинада коронавирустың таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі жыл соңына дейін ұзартылғанын хабарлағанбыз.