391
Ұлт қайраткерлерінің есімін даттамайық...
Ұлт қайраткерлерінің есімін даттамайық...
"Егемен Қазақстан" газетінде "Тақтадағы қара таңба қашанғы тұрмақ" (11.08.2016, №153) атты мақала жарияланды. Мұнда көтерілген мәселені айналып өту мүмкін емес. Биыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерелістің 100 жылдығы, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толды. Бұл мереке ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпекші, осындай айтулы даталарда тарихымызды түгендеп, батырларымыз мен ұлты қайраткерлеріміздің есімін ардақтайын уақыт жетті. Кеңестер кезінде Амангелді Имановқа орнатылған тақтайшада оның алашордашылар қолынан өлтірілгені жазылған. Мұның тарихи шындыққа жанаспайтыны баршаға аян. "Қостанай қаласының орталығында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелді Иманов пен жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары Қостанай уездік кеңесінің алғашқы төрағасы Лаврентий Таранның өз аттарындағы қатар түскен көшелерде олардың ескерткіш-бюстері орналасқан, ескерткіш тақталар ілінген. Батырға Кеңес Одағы кезінде ілінген сол тақтада тек орыс тілінде: «Амангельды Иманов 1873-1919 гг. Легендарный герой казахского народа. Один из руководителей национально-освободительного восстания 1916 года в Казахстане. Активный борец за установление Советской власти в Тургайском уезде. Зверский убит алашординцами 19 мая 1919 года» деп жазылған.
Биыл өңірде ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы мен облыстың құрылғанына 80 жыл толуына да қызу дайындық жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тағы бар. Ал Амангелді батырды «алашордашылардың айуандықпен өлтіргені» жазылған ескерткіш тақта 25 жыл бойы тапжылмай ілулі тұр. Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен Алаш арыстарының «халық жауы» атанып, сүттің қаймағындай сыпырылып тасталғаны былай тұрсын, сол ардақтылар ағаш атқа мінгізілген қызыл саясат жылдары ілінген осы тақтаны ширек ғасыр бойы облыстағы идеология божысын ұстаған басшылар да, мәдениет саласын басқарған көк аттылар да байқамады, көзі көргенмен, көңіліне ілген жоқ. Оған азаматтық қоғамнан қозғау салғандар да бой көрсете қоймады.
Біртуар қайраткерге арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылардың ұсынысы – ұсыныс-ақ. Тіпті, алдымен орталықтағы тарихи ғимараттардың бірінің қабырғасына Әлихан Бөкейхановтың өңірдің алғашқы басшысы болғаны ойып жазылған ескерткіш тақта ілінсе несі айып? Тасқа қашалған сөздің тастай салмағы, оған жұрттың да имандай сенімі болады. Оның тәрбиелік, танымдық, патриоттық мәні тереңдей түсер еді. Алайда, «Алдымен барды бағалай алдық па?» деген қисық сұрақ көлденеңдейді.