Шараға Назарбаев Университетi Кабылдау департаментiнiң аға менеджерi Лаура Палуанова, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрайымы Қарлығаш Қожамұратова, «Отандастар қорының» жобалар координаторы Дидар Болат, «Отандастар қорының» Білім бағытының жауапты қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің Республикалық білім гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссияның мүшесі Нұрымжан Жұмағазиев және «Абай Құнанбайұлы» грантының иегерлері қатысып, қандастарға арналған білім грантын қалай игеруге болатыны жайлы кеңінен талқыланды. Осыған орай «Абай Құнанбайұлы» грантының иегерлері Назарбаев Университетінің жаңа мүмкіндіктері мен артықшылақтары жайлы айтты.
Динара ЕРКІНҚЫЗЫ, Назарбаев Университетінің магистранты /Нұр-Сұлтан/:
– Мен Қытай елінің Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Оқуды сол жақта бітірдім. Химия саласы бойынша бакалавр және магистратураны бітірдім. Биыл Назарбаев Университетіне шет тілдері мамандығы бойынша «Абай Құнанбайұлы» грантымен оқып жатырмын. Бұл грант қандастар үшін үлкен мүмкіндік. Грант - шетелдіктер мен этникалық қазақтарға арналған. Онда жеңілдіктер көп. Әсіресе, IELTS сертификаты бойынша 5.5 балмен түсуге болады.
Баян СӘЙЛИКЕ, Назарбаев Университетінің магистранты /Үрімжі/:
– Мен Қытай елінің Үрімжі қаласында тұрамын. Назарбаев Университетінде филология мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Қазіргі әлемдік пандемияға байланысты онлайн оқудамыз. Бізде WhatsApp, Instagram арқылы байланыс жасау қиын. Мына індет тез басылып, карантин ашылса екен деп тілеп жүрмін. Қазақстанды, өзім оқып жатқан Назарбаев Университетін тезірек көргім келеді. Менің бұл «Абай Құнанбайұлы» грантымен оқуға түскенімді айналамдағылар естіп таңғалды. Менен сұрайтындар көп, қалай түсуге болады деп.
Дайындаған Бақыт БЕКОВ