216
Instagram саудагерлері тіркеуге тұрды
Instagram саудагерлері тіркеуге тұрды
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Instagram желісінде сауда-саттықпен көп айналысатындардың кім екенін айтты.
"Біз Instagram-да күдік тудыратын саудамен айналысатындардың барлығын шақырдық. Олардың көбісі алматылықтар болып шықты. Келгендерге барлығын түсіндірдік. Олардың 95 пайызы жеке кәсіпкерлер ретінде тіркеуге тұрды. Қазір барлығы заңға сәйкес, салық төлеп жатыр", - деді Ерғожин.
Оның айтуынша, Instagram арқылы сауда жасайтындарды мемлекеттік кірістер органдарына хабарландыру жіберіп шақырған. Органдағылар саудагерлермен соңғы рет осыдан бір ай бұрын кездескен. "Біздің қызметкерлер барлығын бақылап отыр", - деді Дәулет Ерғожин. Сонымен қатар, ол Комитет өкілдерінің онлайн сауда-саттықтың жаңа жұмыс істеу тәртібін дайындап қойғанын айтты. Енді "Қазпочтада" сауда жасау үшін арнайы платформа жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, төлемдер карточкамен қабылданады. Бұл жүйе арқылы сатып алушы тауар ұнамай қалған жағдайда оны қайтарып, қандай да бір шағымдары болса айта алады. Ал Instagram желісіндегі сатушыға сіз қалай шағым айта аласыз? Ол ертең-ақ парақшасын өшіріп тастай алады", - деді Комитеттің төрағасы.
Сондай-ақ, Дәулет Ерғожин Instagram желісінде сатылып жатқан тауарлардың сапасы мен түпнұсқалығы күмән тудыратынын айтып өтті. Айта кетейік, осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Facebook пен Instagram желілеріндегі заңсыз сауда-саттықпен күрестің басталғанын айтқан болатын.