234
Жаңа заң: Елімізде автордан әдебиетті сатып алу тәртібі өзгереді
Жаңа заң: Елімізде автордан әдебиетті сатып алу тәртібі өзгереді
Қазақстанда автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу тәртібі енгізіледі.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылы депутаттық корпустың арқасында алғаш рет заңнамалық деңгейде авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілді. Бұл басқа елдерде болмаған жағдай. Алайда, іс жүзінде ыңғайсыз қайшылықтар пайда болды. Атап айтқанда, автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқықты беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн», - деді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы жөнінде баяндама жасаған министр.
Оның айтуынша, өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ.
«Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады», - деді Ақтоты Райымқұлова.