222
Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі
Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі
Бүгін мемлекеттік білім гранттары иелерінің тізімі ресми БАҚ-та жарияланды. Осы тізім «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде де жарық көреді.
Осылайша, мемлекеттік білім гранттарының иелерін анықтайтын комиссия бөлген 31 702 грант иегерлерін толық анықтады. Оның ішінде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант 1 курсқа қабылдауға қарастырылды.
Биыл мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына негізделді. Осы орайда аталған басымдықтарды ескере отырып, 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға ескерілген. Сонымен қатар, 5 000 грант - педагогикалық, 2 690 грант - ауыл шаруашылығы мен ветеринария мамандықтарына, 3 000 грант - медициналық салаға мамандықтарға бөлініп отыр.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс берілетін ЖОО-лар тізімі айқындалды. Еліміздің 112 азаматтық жоғары оқу орындары арасында оқу гранттары 87 ЖОО-ға бөлінді. Өткен жылы 64 оқу орны қамтылған еді.
Биыл жылғы оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысуда, олардың ішінде 47 342-сі - қазақ тілінде білім алуға (80 пайызға жуығы), 12 335 талапкер орыс тілінде оқуға тапсырған.
Жалпы конкурстарға қатысушылар арасында 2 208 «Алтын белгі» иегерлері; 303 колледж түлектері; 169 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары; 854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 948 халықаралықжәне республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары; 9 Президенттік олимпиаданың жеңімпаздарыы қамтылған. Олар грантты алуда басымдыққа ие болып отыр.
Конкурсқа І, ІІ топ мүгедектігі бар 363 адам, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдерінен қамтылған 1 053 адам, сондай-ақ 492 ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен жетім балалар қатысуда. Бұл адамдарға квоталар белгіленген.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл - 81,2 балл.