Аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылды

Аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылды

Аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылды
ашық дереккөзі
482

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылып, үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен алғашқы отырысы өтті деп хабарлайды Ауылшаруашылығы министрлігі сайты. Кеңес құрамына мемлекеттік органдар, салалық одақтар, зерттеу орталықтары, кәсіпорындар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.

Алғашқы отырыста күн тәртібіндегі аса маңызды төрт мәселе тақыланды. Атап айтқанда, субсидия саласындағы жүйені жетілдіру, шағын, орта және ірі бизнестердің талаптарын қайта қарау, ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын реттеу мәселелері, құс фабрикаларының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру.

Отырыстың бір өзгешелігі – мұнда ұзын-сонар жаттанды баяндамалар оқылған жоқ, нақты мәселелерге арналған сұрақ-жауап форматында жүргізілді.

Кеңес төрағасы отырыс барысында АӨК саласында еңбек ететін әрбір азамат кеңес жұмысына қатыса алатынын айтып өтті. «Бұл кеңес қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Кеңес әрдайым күрделі мәселе көтеріп, ақылдасып, ауыл шаруашылығындағы өзекті проблемаларды айтып қана қоймай, оны нақты шешудің жолдары мен механизмдерін қарастыратын алаңға айналуы керек. Осы жолда белсене жұмыс істеуге шақырамын», – деді А.Мырзахметов.

Сондай-ақ, кеңес мүшелері отырыс барысында айтылған ұсыныстарды бірауыздан құптап, осындай конструктивті алаңның керектігін айтты.

Сонымен қатар, бұған дейін министрлік жанынан АӨК саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы топтың ұсыныстары Кеңес отырысында қарастырылатын болады, деп мәлімдеді ҚР АШМ баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, жаңадан құрылған Кеңес ҚР Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына атсалысатын бірден-бір орган болып қалыптаспақ. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға ықпал ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құруға жәрдемдесетін кеңес болады.

Алғашқы жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға толтырылып, Кеңес мүшелеріне келісуге жолданды.

Серіктес жаңалықтары