3 апта бұрын ашылған Түркістан әуежайынан тағы шу шықты

3 апта бұрын ашылған Түркістан әуежайынан тағы шу шықты

3 апта бұрын ашылған Түркістан әуежайынан тағы шу шықты
ашық дереккөзі
278
Түркістандағы халықаралық әуежайдан тағы да шу шықты. Бұл жолы осындағы қосалқы мердігерге техникаларын жалға беріп, бірнеше айдан бері өздеріне тиесілі ақшаларын ала алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер шағым айтты. Жұмыс берушінің тұрғындар алдындағы берешегі бірнеше миллион теңгеден асады. Егер жағдай ушыға берсе, іс сотқа жетуі мүмкін, деп хабарлайды 24.kz. Өздеріне тиесілі ақ-адал ақшасын ала алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер қара жұмыстың бәрін жасағанымен, алақан жайып, ақшасыз отырғандарын айтады. Олар наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген "АБС" деген қосалқы мердігер компаниямен келісімшартқа отырып, өз техникаларын жалға берген. Соның нәтижесінде 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылған. Қосалқы мердігер алғашқы айларда жартылай болса да ақысын төлеп отырған. Ал соңғы 3 айдың көлемінде соқыр тиын да бермепті. Ал жұмыс әлде қашан біткен. "Менің екі эксковаторым жұмыс істеді күндігіне 80 мың теңгеге келіскенбіз. Бірінші 1 миллион теңге аударып берді. Уақыт өте тағы бір аударды. Одан кейін төлем болмады. Тоқтап қалды. Содан бері ертең, арғы күні деп әлі созып келеді. Маған 3,5 миллион теңге қарыз. Жүргізушілерім де айлық алмады. Бала-шағасы бар. Олар менен сұрайды, мен бұлардан сұраймын", – дейді жеке кәсіпкер Сәкен Айнабаев. Эксковатор айдаған Ағабек Молдабаев та 550 мың теңге көлемінде ақшасын ала алмай жүргенін айтады. "Мердігер компания осы жерде тұрған кісілерге біреуіне 10 миллион, енді біреуіне 5 миллион, жалпы 40 миллион теңге қарыз", – дейді ол. Әрқайсысының қолында ресми келісімшарт пен атқарылған жұмыстың есебі бар оннан аса кәсіпкер мен отыз шақты жұмысшы алаяқ мердігердің уәдесіне әбден тойған. Тіпті маңдай тер, еңбекақысын сұрап хабарласқанардың телефонын көтермейді. "Көтерсе де, мардымды жауап ала алмаймыз" дейді ашынған тұрғындар. Халықаралық әуежайдың бас мердігері – түріктің "ИДА ИНШААТ" компаниясы. Облыстық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, оның құрылысшылар алдында ешқандай қарызы жоқ. Бар мәселе қосалқы мердігер "АБС" компаниясынан шығып отырғанын айтады. "Тексере келе анықталғаны, "ИДА ИНШААТ" компаниясында "АБС" деген астаналық компания қосалқы мердігер болған. Олардың арасында ешқандай берешек жоқ. Яғни "ИДА ИНШААТ" компаниясы қосалқы мердігерге атқарылған жұмыс актісіне сәйкес барлық қаржысын төлеген. Алайда "АБС" компаниясы басқа да мекемелерді жұмысқа тартқан. Ол өз тарапынан келімшарттың міндеттемелерін, қызмет көрсеткен адамдарға қаржысын бермей отырғаны анықталды. Біз олармен байланысқа шықсақ жауап бермейді", – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов. Мұндай жағдайда жергілікті билік кәсіпкерлерге көмектесе алмайтынын айтады. Себебі зардап шеушілер үшінші тарап, олар қосалқы мердігермен келісімшартқа отырған. Сонықтан мұны тек сот арқылы ғана шешуге болады дейді.  

Серіктес жаңалықтары