Цифрландырылған саланың сықпыты
Елжан Біртанов министр портфелін ұстамас бұрын 2015 жылдың қарашасынан 2017 жылдың қаңтарына дейін вице-министр қызметін атқарды. Оның 2008-2010 жылдары да Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болғанын көпшілік осы күні ұмытқан болар. Мұны оқырман есіне салудағы мақсат – Елжан Амантайұлының саланы басқаруда тәжірибесі жеткілікті екенін назарсыз қалдырмау. Ол бұрынғы министрлердің үлгі болар бастамалары мен мүлт кеткен тұстарын көңілге тоқып жүрді. Сала басшылығына келген алғашқы сәттен бастап отандық медицинаны жаппай цифрландыруға ден қойғаны соның дәлелі. Ауруханалар қажетті техникамен жабдықталып, медициналық жүйелер іске қосылды. Халыққа ыңғайлы болу үшін әр өңірге арнап мобильді қосымшалар әзірленді. Біраздан уәде етілген электронды денсаулық паспорты толтырыла бастады. Министрліктің дерегінше, Біртановтың бастамасымен жүзеге асырылған бұл істерге ДДСҰ мен БҰҰ-ның мамандары оң бағасын берген. Әріптесінің жұмысын бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те жоғары бағалаған. «2019 жылдың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтауды цифрландырудан келген экономикалық тиімділік 22,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Тарата айтсақ, дәрілік заттарды сатып алуды цифрландыру есебінен 22,1 млрд теңге және қағаздан электронды форматқа көшу есебінен тағы 540,1 млн теңге үнемделді» деген еді ол. Алайда алғашқыда оң нәтиже көрсеткен іс уақыт өте келе ақсай бастады. Бұған дәрігерлердің жаппай оқу курстарынан өтпеуі, ауруханалар мен емханалардың қажетті техникамен толық жабдықталмауы себеп болды. Емханаларда дәрігердің қабылдауына жазылу қиындай түсті. Техниканың тілін түсіне бермейтін егде адамдар онлайн қызметті пайдалануға қарсылық білдірді. Олар емханаларға ескі тәсілмен жүгініп, кезек мәселесін күрделендірді. Damumed арқылы онлайн жазылғандар мен дәлізде «тірі кезек» күткендердің дауы толастамады.
Ақсаған заң, уақыттан ұтылған ұжым
Биыл қабылданған Денсаулық кодексіне қатысты дау да Елжан Біртановтың ұпайын кемітті. 7 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жайлы айтып отырмыз. Соңғы рет мұндай құжат 2009 жылғы қыркүйекте қабылданған. Арада 10 жыл өткенде оны заман талабына сай жаңғырту, жаңарту уақыт сұранысы болатын. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жаңа заңды даярлауда көп қателікке ұрынды. Тәуелсіз сарапшылармен кеңесуді, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге енжарлық танытты. Кодекс жобасы өткен жылы халық қалаулыларының талқысына ұсынылғанда қоғамда үлкен дау туып, ел министрлік ұсынған түсініксіз талаптарға жаппай наразылық танытты. Әлеуметтік желілерде «көзі тірісінде құжатқа қол қойып үлгермеген азаматтардың ағзалары талан-таражға түседі», «екпе салдыру міндеттеледі, вакцинамен бірге ағзаға чип енгізіледі», «марқұмдардың ағзалары, тіндері мен эмбриондары шетелге экспортталады екен» деген әңгімелер желдей есті. Министрлік мұның бәрін жоққа шығарғанымен, даурыққан жұртты сабасына түсіретіндей жөнді түсінік бере алмады. Ақырында депутаттар құжаттағы халықтың қарсылығын туғызған баптарды алып тастады. Қазақстандықтардың ағзасы туған-туыстарының рұқсатынсыз пайдаланылмайтын болды. Вакцинациялауды міндеттейтін бап та жойылды. Азаматтарға кез келген екпеден бас тарту құқығы берілді. Десе де, мамандардың пікірінше, министрліктің міндетті вакцинациялауды заң жүзінде бекіте алмауы коронавируспен күресті ұзаққа созып жіберуі мүмкін. Өйткені індетке қарсы тиімді вакцина қолданысқа енсе, халықты оны егуге көндіру оңайға түспеуі мүмкін. Осы тақырып төңірегінде түсіндірме жүргізетін «сарапшылардың» көбеюі, екпенің зияны жайлы негізді-негізсіз болжамдардың толастамауы вакцина десе басын ала қашатындардың қатарын көбейткені жасырын емес. Ұлт саулығын ойлаған ақ халаттылардың көксегенін ел көкейіне қондыру министрліктің міндеті еді. Алайда «қолын мезгілінен кеш сермеген» Біртановтың ұжымы уақыттан ұтылды.Індетті өршіткен қателіктер
Әлемді әуреге салған кесірлі кесел ешкімді аяған жоқ. Біздің елімізді де сынаудай-ақ сынады. Бастапқыда министрлік індетпен күреске сақадай-саймыз, «наконец-то» бізге де жетті-ау деп коронавирусты қаймықпай қарсы алды. Стратегиялық жоспары барын айтып, «індет өршіген кездің өзінде 3,5 мың адам ғана ауырады» деп болжады. Алайда уақыт өте келе індет жұқтырғандар саны еселене түсті. Алғашында тәулігіне 10 шақты адамнан індет анықталса, кейіннен министрлік 100-ден астам адамның кесел жұқтырғанын сүйіншілейтін болды. Індетке шалдыққандар саны 3,5 мыңнан асып түскенде ведомство «бұл сәуірдің соңына дейінгі болжам болатын» деп ақталды. Әйтеуір не керек, тамызда елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңға жетіп жығылды. Бұл көрсеткіш арқылы Қазақстан індеттің ошағы болған Қытайды басып озды. Біртанов ұжымының коронавирус статистикасын симптомды және симптомсыз науқастар деп екіге бөлу тәжірибесі де жұртты шатастырудан өзге нәтиже бере алмады. «Көп шешімнің негізінде ауру мен оның таралуын дұрыс болжамау жатыр. Бұл дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласының ресурстарын басқару мен бөлуге байланысты мәселелерді туғызды. Ресурстарды басқару мәселесі медициналық көмекті қайта ұйымдастыруға әсер етті. Пандемия енді басталған сәуір мен мамыр айларында барлық науқасты ауруханаға жатқызып, қолда бар қаржыны тауысты. Сол кезде медициналық көмекке қажеттілік күрт артты», – дейді денсаулық сақтау саласы бойынша консалтинг қызметін ұсынатын Med Invest First компаниясының серіктесі Марат Мамаев. Шындығында, бастапқыда ауруы расталғандарды ғана емес, індет жұқтыруы мүмкін деген күдікке ілінгендерді де жаппай ауруханаға жатқызған министрлік кейін дерті асқынып, өмір мен өлім ортасында жатқан науқастардың өзіне орын тауып бере алмай тосылды. Ауруханаға бас сұға алмай жедел жәрдем көлігінде жан тәсілім еткендер қаншама. Вирустың ел ішін емін-еркін кезгені сонша, маусымда жедел жәрдем шақыртушылар саны күрт өсіп, жедел медициналық көмек бригадалары бір күнде 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетіп жүрді. Дене қызуын түсіретін дәрілерге, антибиотиктерге қол жеткізу мұң болып, қарапайым парацетомолдың өзі қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған шақ та маусым-шілде айлары еді. Ауруханалардан қайран болмаған соң өз бетінше емделмек болғандар дәріхана кезіп жүріп, індетті одан әрі тарата берді. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі тапшылығын сұраныстың күрт артуымен, тұрғындардың дәрі-дәрмекті қажет болып қалады деген желеумен көп мөлшерде сатып алуымен түсіндірді. Шындығында, аса қажетті антибиотиктер, қызу түсіруші дәрілермен республика өзін тек 15 пайызға ғана қамтамасыз ете алады екен. Қалғаны – экспорт. Соның кесірінен індеттен емделушілерге қажетті препараттар алыпсатарлардың қолында кетіп, нарықтағы құны 10 есеге дейін қымбаттады. Біртановтың қол астындағылар отандық фармкомпания-лармен шұғыл мәмілеге келіп, жағдайды реттей алмады. Дәрімен қамтудың ішкі резервтері жете пайдаланылмады. Індет ауыздыққа көнбей кеткен соң, Үкімет екінші мәрте қатаң карантин енгізуге мәжбүр болды. Елжан Біртанов жағдайдың ушығатынын талай мәрте айтып жүргенімен, ұжымы соған дайын болмай шықты. Басқаны былай қойғанда, індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлердің жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілмеуі «сақадай-сай» әзірлігіміздің көрсеткіші болса керек.Жемқор шенеуніктер шеруі
Пандемия Елжан Біртановтың тұсында енгізілген медициналық сақтандыру жүйесінің де біраз былығын әшкереледі. Жұмыс істейтін барлық қазақстандықтардың жалақысынан осы қорға жарна аударылатыны белгілі. Алайда МӘМС жүйесіне қатысушылардың өзі коронавирус тестінен ақылы өтуде, індет жұқтырғандар өз қалталарынан емделуде. Ал дамыған елдерде мұндай шығынның бәрі медициналық сақтандыру жүйесі есебінен өтеледі. Ел тұрғындары игілігін көре алмаған МӘМС қаражаты қайда кеткені Біртанов қызметінен босатылғаннан кейін анықталды. Ауруханаларда орын жетпей, ПТР-тест тапсыруға мүмкіндік болмай, медицина қызметкерлері қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін берілуі тиіс үстемеақының әділетсіз төленгенін айтып шағымданған тұста ақпарат құралдары ұйым басшылығының ізіне шам алып түсті. Қордың көлеңкелі істері Президенттің құлағына жеткен соң көп ұзамай ұйымның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен алынды. Жылы орнынан айырылғанға дейін ол бірнеше басылымға шыққан екен: әріптестеріміз оның қымбат зәулім үйде тұратынын, әйеліне қымбат сыйлық тарту ететінін жарыса жазыпты. Жұмағұловтың Instagram-ды белсенді қолданатын әйелінің «күйеуі өзіне он екі көлік әпергені» жайлы жазбасы дауды тіпті өршітті. Көп ұзамай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» бұрынғы басшылығына қатысты «сатып алынатын қызметтің бағасын көтеріп жазу арқылы қор қаражатын жымқыру» фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

