276
Шымкенттің шұлығы шетелге экспортталады
Шымкенттің шұлығы шетелге экспортталады
«Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында тоқыма саласы барынша қарқын алып келедi. Фабрикаларға шикiзат керек. Сол үшiн де Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығын қайта қолға алуды облыс басшысы мiндет етiп қойды. Қазiр қолда бар мақтаның 30 пайызын жергiлiктi тоқыма фабрикалары алып жатыр. Жалпы, аймақта тоқыма саласы жан-жақты өркендемек. Ендеше, жаңа тоқыма фабрикаларына шикiзат сырттан тасымалданбауы тиiс. Мақта егiстiгiнiң көлемiн ұлғайту бағытындағы өңiр басшысының тапсырмасы осыған негiзделген. Биыл 2,5-3 миллиард теңге мақта шаруашылығына бағытталмақ. Су, техника, тұқымдық шит мәселелерi де рет-ретiмен шешiмiн таппақ.
Шымкентте шығатын шұлықтар шетел асатын күн жақын. Жылына 15 миллионнан аса жұп шұлық тоқитын кәсіпорын қосымша цехпен толығып отыр. Мұнда бояу мен синтетикалық жіп өндіру құрылғылары сатып алынып, зауыттың тынысы кеңейді. Шикізатты да өздері дайындайтын өндіріс орнында көктемгі маусымға лайықталған шұлық өндіруде.
Былтыр желтоқсан айында ашылған шұлық зауытының бүгінгі жұмысы қарқынды. Алғашында 30-ға жуық азаматты жұмыспен қамтыған өндіріс орны соңғы 4 айдың ішінде мамандарының санын екі еселеген. Шұлыққа қажетті жіпті де өздері өндіре бастапты. Қосымша бояу цехын ашып, синтетикалық жіп өндіруді жолға қойды. Шұлық зауытының жетекшісі Виктор Хван: «Біздің қауқарымыз да, мүмкіндігіміз де зор. Фабрика толықтай кәріс технологиясымен қамтылған. «Даму» қорының қолдауымен барлық қажетті құрылғыны орнатып алдық. Енді экспортты бағындыру барысында жұмыс істейтін боламыз», – дейді.
Жылына 15 миллионнан аса жұпты шұлық шығаратын зауыт автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Десе де, қол күші де қажет. Арнайы құрылғыдан небәрі 3-4 минутта дайындалып шығатын шұлықты мамандар сұрыптайды, түр-түрімен жинап, қораптайды. Үлгісі мен дизайны кез келген шетелдік өнімнен кем түспейтін отандық шұлықтың денсаулыққа зияны жоқ.
«Өзіміз өндірген өнімді ойланбай тұтынам. Балаларыма да кигізем. Бізде шыққан шұлық өте жақсы. Жұмысымызға да шағым жоқ. Ай сайын жалақымызды уақтылы алып отырмыз, 8 сағат жұмыс істейміз. Тегін тасиды, тегін тамақтандырады. Әрқайсымыздың әлеуметтік жағдайымыз ескерілген», – дейді шұлық зауытының жұмысшысы Ақбөпе Рысқұлбекова.
Бір айта кетерлігі, шұлыққа қажетті шикізат шетелден тасымалданбайды, жергілікті талшық өндірушілерден сатып алынады. Дайын өнімдердің 70 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 30 пайызы Ресей, АҚШ, Оңтүстік Кореяға экспортталады.
«Даму» қорының өкілі Майя Бердалиеваның айтуынша, бағдарлама 2,5 млрд теңгелік жоба. Оның 1 миллиард 800 миллион теңгесі аясында несие алып, осы жоба жүзеге асырылды. Яғни, қордың қолдауының нәтижесінде зауыт қарқынды өсіп жатқан жайы бар. Демек, «Даму» қорының қолдауымен кәсіптің жаңа тынысын ашқан фабрика өнімдері болашақта Африка және Еуропа елдеріне экспортталуы мүмкін. Әлемдік сапаға сай тоқылып, отандық нарықта саудаға шыққан өнімнің бағасы да өзге елдікінен әлдеқайда арзан. Себебі бұл өнім «Шымкентте жасалған».
Осылайша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы еліміздің экономикалық дамуы жүйеленіп, кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдаулар көрсетіліп, құқықтық реттелуі және салықтық қатынастар оңтайландырылып жатыр. Сондықтан, осындай бағдарламалардың арқасында Қазақстан бизнесі дамудың жаңа жолына түсіп, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса алады.