Кәсіпқой футбол командаларына 200 миллион доллар жұмсалған
Кәсіпқой футбол командаларына 200 миллион доллар жұмсалған
2014 жылы еліміздегі кәсіпқой футбол командаларын ұстап тұру үшін қазынадан 200 миллион долларға жуық қаржы жұмсалған. Бұл аз көрсеткіш емес, себебі осы қаражатты иемденген кейбір футболшылар өз елінде футбол алаңдарын салып жатса керек.
Қазақстан құрама командасында ойнаған африкалық легионерлер жиған қаражатына өз отаны - Угандадан өзінің атынан футбол академиясын ашып жатыр. Бұл туралы ҚФФ президенті Е.Қожағапанов футбол форумы барысында мәлімдеген. «Балқан елдерінің мамандары да негізінен біздің елдің нарығына бейімделіп алды дей алмаймын, алайда, белгілі бір бөлігі, осында келіп, ақша табуды көздеп отыр. Біз шет елдің футболының дамуына инвестиция салып отырмыз. Біздің қаржыға Сербияда, Македонияда, Черногорияда, Нигерияда, Уганда елдерінде футбол алаңдары салынып жатыр. Ал өзімізде әлі ештеңе өзгерген жоқ», - дейді Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов.
Футболдың таусылмайтын тауқыметін талқылау мақсатында спорт ардагерлері, функционерлер, аймақтардағы жанкүйерлер, қоғам қайраткерлері мен мәжіліс депутаттары астанада бас қосты. Жиынға қатысушылар № 1 спортты дамытудың 2026 жылға дейінгі стратегиясын талқылады. ҚФФ басшысының айтуынша, 2014 жылы еліміздегі кәсіпқой футбол командаларын ұстап тұру үшін қазынадан 200 миллион долларға жуық қаржы жұмсалған.
«2004 жылдан бері қарай осы мақсатта шамамен 1 миллиард еуро жұмсалды. Бұл қаражатқа «Астана аренадай» екі стадион немесе 16 шағын жабық футбол ареналарын, 615 футбол алаңқайларын салуға болады. Және осылардың бәрін 10 жыл бойы 5 мың жаттықтырушысымен ұстап тұруға болатын еді. Осы уақыт аралығында 4 футбол академиясын құруға болатын еді. Ең бастысы 400 мың бала футбол спортымен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік алатын еді», - дейді Ерлан Қожағапанов. ҚФФ басшысы футболды «миллиондардың ойынына» айналдырып, оны әлемдік деңгейге көтере алған Исландия мен Германияны мысалға келтірді. Сондай-ақ, ҚФФ президенті футболды дамытуға әкімдердің қол байлау болатынын жасырмады.
«Әкімдерді футбол алаңынан аластату керек, себебі олар стадионда негізсіз дүрбелең тудырады. Біздің төрешілер құрамында да жетісіп тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, әкім ауысса, клуб жетекшілері ойбайға басады: «Әкім келе жатыр! Қанша төлесек те, жеңілмеуге тырысайық» деп жанталасады. Егер де біз футболды дамытқымыз келсе, ауладан бастайық. Өз ауламызда алаңдар құрып, жаттықтырушыға 30 мың теңгесін төлеп, шындап айналысайық – дейді Е.Қожағапанов.