– Ағаның ең танымал бола бастаған тұсы айтыспен тығыз байланысты ғой деймін?
– Иә, жетпіс сегізінші жылдары ғой, айтыстың алғашқы жылдарынан басталды. Әлімқұл ата Жамбылов, Надежда Лушниковалармен бірге Жамбыл ауданының атынан Есенқұл да қатысты. Ұмытпасам, сол жылы түңғыш рет бас жүлдеге көлік тігіліп, Есенқұл көкпеңбек үш аяқты мотоцикл жеңіп алғаны бар. Кейін өзін сыйлайтын бір жігіттер: «Ой, аңшы-балықшы» сынды мотоцикл мініп жүресің бе?» деп оны «Волгаға» ауыстырып беріп еді, соңынан тағы да бір көлікке айырбастап жүрді де, соңында біреуге сыйлап жіберді ғой. Көлікке қызықпайтын, көлік жүргізуге ықыласы да болмады. Қолынан келмеді, өмірбақи қалам ұстаған емес пе, техника атаулы, тіпті үй шаруасына да икемі келмей өтті ғой. Ауылдың баласы болса да, аула, үй тірлігіне ешқашан иілген емес.
– Қырық жылға таяу, отыз алты жыл бірге өмір сүрдіңіздер, ең жақсы көретін, жанына жақын әдеттерін, қуанған сәттерін еске алайықшы?
– Жаздың соңы, күздің қара суығы түскенше далада самаурынның шайын жақсы көретін. Тіпті, отын да жарып бермейтін. Не балға, не балта ұстап көрмеді, жолдастары келгенде, қалжыңдап: «Шай ішкенді жақсы көресің, самаурынға отын жарып берсеңші» десе, «Онда Меңсұлу өлең жазсын, ақын болсын» деп күлетін. Майын аздау етіп, табаға қуырылған, әсіресе, қып-қызыл ғып күйдіріп қуырылған картоп сүйсіне жейтін асы болатын. Суық түсіп, үйге от жаға бастаған кезде, көмір салғызбай, картопты көмбіш күйінде жегенде де балаша қуанатын. Әйтеуір, ерекше сүйсініп жейтін асы, осы картоп болды. Ондай сәттерде білекті сыбанып, отқа тастаған картобын былай да, былай да аударып, есі шығушы еді. Одан кейінгі бір есі кетіп қуанған сәттері, әрине әке атанған кезі. Тұңғыш ұлымыз өмірге келгенде, әсіресе қызы өмірге келгенде ерекше күй кешті. Ол енді, әрбір ата-ананың бойынан табылатын, перзентіне деген ұлы махаббатынан тұтанатын қуаныш қой. Көзінің ағы мен қарасындай екі баласының әрбір қылығына сүйсініп, солармен бала болып ойнап кететін сәттері әлі көз алдымда. Бірақ...
Меңсұлу жеңгей жанарына келіп қалған ыстық тамшыларын бет орамалымен сүртіп, тағы да үнсіз қалды.
– Сол кездегі қоғамды жайлаған қазақтың салт-дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне кері әсерін тигізген, әсіресе қазақтілді мекемелердің, тіпті қазақша балабақшалар мен білім ошақтарының жоқтығы, бірен-саран ғана барларына қолымыздың жете бермейтіні жанын жеген аш құрттай ақын жанын да кеміріп жатты. «Үйдегі тәрбие қазақша ғой, тілі қазақша шықты ғой» дегеннің мүлдем санаға сыймайтыны, бала үйде де, түзде де таза қазақша, ұлттық тәлім-тәрбие көріп, өсуі керек екенін, кештеу болса да, бармақ тістеп қалдық. Қаланың іргесіндегі, тіпті қазақта ақын көп болса да, орны бөлек Жамбыл бабамыздың атымен аталатын ауданның орталығы Ұзынағашта қазақ мектебінің жоқтығы, ұл мен қыздың орысша оқып, бітіргені бертінге дейін, тіпті өмірінің соңына дейін көкейінен кетпеді. Ортасына әбден бейімделген ұлының орыс қызына үйленгені, кейін жалғызының бойын сырқат меңдеп, мүгедектер арбасына таңылғанында, әй-шәйға қарамай келіннің кетіп қалғаны... Егер қазақша оқып, қазақы ортада өссе, басқа ұлттың өкіліне, орыс қызына үйленбес еді, үйленсе де бойына дерт жабысып, ауыр отадан әрең аман қалғанда, мүгедектер орындығына кептелгенде жары, таңдағаны жанында болмас па еді?! – деп ұлының тағдырына қатты налып, жүрегі сыздағаны, жанарына жас толғаны бар. Өмірдегі өкініші де осы болды ғой деймін, сол жылдары қатты күйзеліске де ұшырап, жазу-сызудан біраз уақыт алшақтап қалғаны да бар.
Маздап жатыр, қозғап қойшы пеш түбін,
Менен басқа сенің де жоқ ешкімің.
Мен бар кезде сенің де жоқ еш мұңың,
Біздің күйеу «әйгілі ақын» – екен деп,
«Айқым біткен шулап жүр» –деп естідім.
Түбі менің түсініксіз байлығым,
Тұқымындай көбейеді ешкінің, – деп арагідік көкейіне келіп қалған бірер шумақты ақырын ғана, күбірлеп оқып отыратын-ды. Өзегін өртеген өкінішін жаны қалап тұратын шығармашылығы да жеңе алмай, өз болмысынан алыстап кетер ме екен деген күдік менің де жанымды ауыртқан күндер мен түндер де бүгінде сары сағынышқа айналды...
– Тұла бойы тұнған поэзия, өлеңдері діттеген көңіл күйді дөп басатын ақын Алматыға, шығармашылық ортаға неге қоныс аудармады екен?
– Алматыға барып, «Жұлдыз» журналына қызметке де орналасты. Қаладағы пәтер мәселесі, небір талантты, дарынды өзі қатарлас ақын-жазушылардың пәтерден-пәтерге көшіп, өзге ұлттардың есігі алдындағы үй деуге келмес, үйшіктерде тұрып жатқаны, шығармашылық ортаны аңсап барған ақын көңілін су сепкендей басып тастайды. Көп ұзамай қайтып келді. Ол енді жалғыз біздің отбасымыз ғана емес, еліміздің экономикасының да әлсіреп, тоқырауға ұшыраған шағы еді ғой. Тәуелсіздікке, егемендікке ұмтылған аласапыран кезең қарапайым қазақ отбасы түгілі, шығармашылық топтың өкілдеріне де оңай болмағаны бүгінде тарих беттерінде айшықты. Сол жылдары қазақ әдебиетінің талай өкілі қаламнан алшақтап, тіпті бірен-саран жас таланттардың базарда арба сүйреп, күні бойы бір кештік ас-ауқатын тапқанын да көзіміз көрді. Біздің де базар жағалап кеткен кездеріміз болды.
– Жігіт Есенқұл мен кейінгі атақты-азулы ақын Есенқұл өзгерді ме?
– Жоқ, тумысынан ағаларың ақжарқын, болмысы жұмсақ, мейірімді. Бірақ ептеп шыдамсыздау мінезі болғанымен, сабырлылығы басым еді. Кеудемсоқтығы жоқ. Жетпісінші жылдың аяғы мен сексенінші жылдардың басы қазақ айтыс өнерінің дәуірі болды. Айтыскер ақын болып, таныла бастады. Талай сыйлықтар алып жатты. Ана сүтімен бойына дарыған қарапайымдылығы жанымен жарасып тұратын. Сезімталдығы, көңілшектігі, ақкөңілділігінен айныған емес. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Ұрыс-керіс дегеннен аулақ болдық. Әлдебіреулер сияқты қызғаныш болып, өсекке еріп, дау-дамай шығарып жататын әдет біздің шаңыраққа өте жат болды десем, бүгінгі көзі көргендер бас изейтін болар. Сондықтан ақындар алақұйын мінезді, құбылмалы болады деп, ақынға жар болудың ар жақ, бер жағынан мін іздейтіндерге таңғаламын.
– Танымалдығының арқасында қызметке неге ұмтылмады?
– ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі, аудандық «Атамекен» газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарды. Басшылық қызметтің ұйымдастырушылық шаралары көп болғандықтан, арагідік өлеңмен айналыса алмай қалған сәттері де болды. Бірақ «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары жарық көрді. Отыз жылдай айтыс сахнасында танылды.
– Жазу үстеліне қай кезде отырушы еді?
– Күн-түн демей, жағдайға да аса мән бермеуші еді. Тіпті, көлікте келе жатып та, шай үстінде де қаламы мен қағазы серік болды. Күй таңдамайтын. Ондай сәттерде сағатқа, мезгілдің қай кезі болса да қарамай, мені оятып, әңгімені шай үстінде, асханада жалғастыратынбыз. Ал жазу үстелінен суық шай үзілмейтін. Жалпы, шайды өте жақсы көрді. Асықпай, ұзақ отырып ішетін-ді. Соңғы он жылда намазға жығылып, имани жолға түсті. Бес уақыт намазын қаза жіберген кезі де есімде жоқ. Сондықтан ол кісінің бабын тауып, қалағанын дер кезінде дайындауға, өкіметтің жұмысы бітіп, зейнетке шыққаннан кейінгі кездері бұлжытпай орындайтын менің міндетім де – ағаларыңның қас-қабағы болды. Айтқанын екі етпей, дер кезінде дайындауды қаталдығы емес, жоғарыда айтқанымдай, ақынның сәл-пәл шыдамсыз мінезі қалыптастырды.
– Ақын күнделік жазатын деп естідім?
– Иә, күнделік жазды, бірақ көңілдің кейбір сәттерін, айтулы оқиғаларға байланысты ғана қалам түртіп қоятыны бар-тын. Есіне түскен сәттерде ғана, өлеңнен босаған, шабыт күткен сергелдең сәттерінде ғана болмаса, басыбайлы айналысқан емес.
– Ақынның мұраларын сақтайтын мұражай жайлы ойланып көрдіңіздер ме?
– Ағаларың көзі тірі кезінің өзінде, соңынан ерген ақын қарындасы Меруертті тәрбиелеп, жазған-сызғандарына иелік жасауды өтініп жүретін-ді. Өзі де ақындығы бар, жазудың қадірін білетін Меруерт музейдің қызметкері, ақын ағасының мол мұрасына зергерлікпен қарап, үнемі жинастырып, ақылдасып отырады. 2018 жылы ақынның 65 жылдығына орайластырылып, «Сынған күннің сәулесі» атты өлеңдер жинағы «Ан-Арыс» баспасынан шығарылды. Айтыскер ақын жазба әдебиетімен қоса, ән текстері мен ұлағатты термелердің де авторы, көбі Ақан Әбдуәлиевтің орындауымен елге таныс. Былтыр «Жамбыл» баспасынан Меруерт Орынбай, Ақан Әбдуәлиев, өзімнің қатысуыммен «Есаға» атты қалың жинағы жарыққа шықты. Өлеңдері мен поэмаларынан құрылған толық шығармалар жинағын оқырмандары жақсы қабылдады. Сондай-ақ «Аққайнар» баспасынан «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме» атты айтыс өнерінің жампоздарымен айтыстары жинақталып, басылып шықты. «Тірі адам тірлігін жасайды» деген осы болар, сірә?! Ең бастысы «Көзден кетсе де, көңілден кетпейтінін» еске салып, іздеушілері қоңырау шалып жатады. Оған да шүкіршілік етемін.
Айтыс сахнасында бірде әпке, енді бірде жеңге болып сөз сайыстырған, ой жарыстырған Есенқұл ақынның Әселхан мен Әсиядай қазақтың айтыс өнерінің бастауында тұрған қазақ қыздарымен айтысы тыңдаушысының ойынан да, көкейінен де кете қойған жоқ. Әсіресе, ақынның мезгілсіз қазасын естіген Әселхан ақынның:
Көкірегің дес бермей көшкін, селге,
Өзегіңді кептіріп өстің шерге.
«Алғадайлап» аттанған Жамбыл атаң,
«Алдай-аулап» өмірден өттің сен де, – деп жоқтағаны да әлі күнге жанарға жас толтырады.
Ақын жарымен болған ашық-жарқын әңгіме бізді де сонау сағыныш атты сарайға сүйреп, жанымызды алай-дүлей боран соғып, тоңазытқандай күй кештік. Менің кішкентай данышпаным, Димашым менің осы бір сәттегі көңіл күйімді дөп басқандай, қалта телефонынан Мейрамбек әнші орындауындағы « Бір қуанып...» әнін қосты.
... «Өсем» деген ұлды бағып,
«Кетем» деген қызды бағып,
Бара жатыр көк аспаннан
Бір беймәлім жұлдыз ағып.
Ыстық жұлдыз,
Мұңлы...
Жарық! – деген шумақтар жүректі ауыртпай, ақ қағаз бетіне түсер ме?! Қырық толғатып, толғандырған осынау өмірлік суретке толы, мың құбылған күйбең тірлікке толы Өлең-тағдыр осылай тоқтағаны өкінішті-ақ. Ән ырғағымен бірге, сонау бір жылдары ақын жанына батқан ана тілі, қазақ тілінің мүшкіл халі әлі де ұзақ-сонар, шешімі жоқ өзекті проблемаға айналып отырғанын, жарықтық, ақынның рухы сезінер ме екен деген ой санамызды сыздатып кеткендей...
Сұхбаттасқан, сыр бөліскен
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Алматы облысы, Жамбыл ауданы