Иек астындағыға ие бола алмағандар басшы болып жарыта ма?

Иек астындағыға ие бола алмағандар басшы болып жарыта ма?

Иек астындағыға ие бола алмағандар басшы болып жарыта ма?
ашық дереккөзі
408
Жыл басынан бері елімізде 993 пара алу оқиғасы тіркелген. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға көп. Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықты жою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында пара алғандарға, мемлекет қаржысын жымқырғандарға жазаны қатайтуды тапсырды. Сондай-ақ Президент жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік, квазимемлекеттік саладағы қызметке келуіне өмір бойына тыйым салатын қағида орнату керегін айтты. 

Қызметкерінің парақорлығы үшін басшы жауапты

Парақорлықпен күресті күшейту мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де бірнеше мәрте көтерген. Биыл 19 тамызда өткен жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Президент сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Ал өткен жылдың мамырында Үкімет мүшелерімен өткізілген жиналыста қоластындағы қызметкерлердің пара алғаны үшін бірінші басшылар жауапты болатынын қадап айтты. – Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек, – деді Президент. Мемлекет басшысының пәрменімен 2019 жылдың қарашасында заңға өз­­геріс енгізілді. Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­да тұңғыш рет басшылардың қолас­тын­дағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді.  «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнама ак­тілеріне өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң бойынша, мемлекеттік қыз­меткер жемқорлықпен ұсталса, басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс. Ереже бойын­ша мұндай басшы қоластындағы қыз­меткерге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін 10 күннің ішінде қызметінен кету туралы өтініш беруге міндетті. Заң өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін жасалған қыл­мыстарға қатысты. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметкер жұмысқа алын­ғаннан соң үш ай өткеннен кейін жасалған жем­қорлық үшін ғана жауапты болмақ. Осы орайда, заң бойынша қандай тұл­ғалар тікелей бағыныштылар ре­тінде қарастырылатынын нақтылай кетейік. Орталық мемлекеттік органның бас­шысы (министр) өз орынбасарларының, жауап­ты хатшы немесе аппарат басшы­сы­ның және аймақтық бөлімшелер басшы­лары­ның қылмысы үшін жауап береді. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімі өз орынбасарларының, аппарат басшысы және аудан (облыстық маңы­зы бар қаланың) әкімдерінің жем­қор­лығы үшін қызметінен кетуге міндетті. Ал ор­талық мемлекеттік орган басшысының орын­­басары (вице-министр) өз қарамағын­дағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысының пара алғаны үшін лауазымды қызметінен айырылады. Облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар­дың басшыларына жауап берсе, аудан әкімі өзінің орынбасарлары, аппарат басшысы, жетекшілік ететін аудандық атқарушы ор­ган­дардың басшылары, ауыл, ауылдық ок­руг­тердің әкімдері үшін жауапты.  width=

Қоластындағылардың қылмысы үшін қызметінен кеткендер

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәй­кес, қоластындағы қызметкерінің жем­қор­лығы үшін қызметінен кетуге бекінген бас­шы өзін осы лауазымға тағайындаған лауа­зымды тұлғаға орнынан кету туралы өті­ніш жібереді. Отставканы қабылдау н­е­ме­се қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қыз­метке тағайындаған адамның құзыреті. Мәселен, жуырда аппарат басшысы 1,5 млн теңге парамен ұсталғаны үшін Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнер­баев Алматы облысының әкімі Амандық Ба­та­ловқа өтініш жазып, отставкаға жіберуін сұрады. Бұл жаңалық жергілікті тұр­ғындарды қуанта қоймады. Әлеуметтік же­лі­де жұдырықтай жұмылған текеліліктер әкімдерін жұмыстан шығармауды өтінді. Ха­лықтың сөзінше, Б.Өнербаев Текеліге әкім болып келгелі құрылыс жанданып, бас­панасыздар үйлі болып, көшелер жөн­деліп, қаланың тынысы ашыла бастаған. Десе де, өзге әкім-қараларға сабақ болсын де­ген болар, бір айға жуық уақыт ойланған Аман­дық Баталов Бақтияр Өнербаевты қыз­ме­тінен босату туралы шешім қабылдады. Ал 1,5 млн теңгені қалтаға басқан аппарат басшысы алған парасын мемлекетке он есе қылып қайтаруға міндеттеліп, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Қайсар Баржақсыновтың айтуынша, шенеунік мүгедектер қоғамының директорынан пара алып, қаланы абаттан­дыруға қатысты рәсімделген келісімшарттар бойынша қамқорлық жасауға уәде берген. Қылмысы әшкереленген сәтте оқиға орнынан тұра қашқан аппарат жетекшісі өзенге секіргенін ел ұмыта қоймаған болар.  Арғы жағаға жетіп, із суытамын деп жанта­лас­қан шенеунікті судың ағысы алып кете жаздаған еді. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары оны құрықтады. Биыл 3 қыркүйекте Солтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Ан­тон Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Ер­батыр Мадияров та қызметінен кетті. Бұған аймақтың мемлекеттiк сәулет-құры­лыс бақылау және лицензиялау басқар­ма­сы­ның бұрынғы басшысы Батырбек Қа­лабаевтың бірнеше рет, жалпы сомасы 650 мың теңге көлемінде пара алуы себеп. Тер­геу мәліметі бойынша, басқарма басшысы үш рет заңсыз сыйақы алған. Бұл іске Ақ­жар ауданы әкімінің орынбасары Құрал До­сымбеков те араласқан көрінеді. 14 шілдеде Қалабаевтың үкімі шығып, 26,6 миллион теңге көлемінде айыппұл са­лынды. Сондай-ақ оның мемлекеттік қыз­мет­те жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым са­лынды. Осы жағдайдан соң Антон Федяев пен Ербатыр Мадияров өз еркімен қыз­мет­тен кетуге өтініш жазған. Облыс әкімі 3 қыр­күйекте олардың отставкасын қабыл­дады. Қоластындағы бөлім басшысының парақ­орлығы үшін 2020 жылғы нау­рызда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауда­нының әкімі Ержан Тұрмағамбетов те қызметінен айырылды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Сапаров орындалған жұмыстың актісіне қол қою үшін жеке кәсіпкерді әкімдіктің лауа­зымды тұлғаларына 1 миллион 690 мың теңге көлемінде пара беруге итермелеген. 21 қаңтарда сот үкімі шығып, Сапаров 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал наурызда оның тікелей басшысы – аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов өз еркімен отс­тав­каға кетуге өтініш жазып, қызметін босатты. Ал шілдеде керісінше, әкімнің жем­қор­лығы салдарынан аппарат басшысы қыз­ме­тінен кетті. Дәлірек айтқанда, Қостанай облысы Рудный қаласы әкімі аппаратының бас­шысы Азамат Ысқақов Қашар ауылы әкі­міне қатысты тергеу басталған кезде өз ор­н­ын босатты. Қостанай облысы Сыбайлас жем­қор­лықпен күрес департаменті Қашар әкіміне қатысты тергеу басталғанын ха­бар­лаған. Бірақ бұл істің мән-жайы айтылмады. Кейін белгілі болғандай, ауыл әкімі мекеме ба­лансында тұрған қызметтік көлікті жөн­деуге бөлінген 1 миллион 464 мың теңге бюд­жеттік қаражатты жеке кәсіпкердің есеп­шотына аудару арқылы қаражатты жым­қырған деген күдікке ілінді. Осы жағ­дайдан кейін заңға сүйенген қала әкімі ап­паратының басшысы Азамат Ысқақов өз ер­кімен қызметінен кеткен. Биыл Қарағанды облысы Сәтбаев ауданында да осындай жемқорлық дауы болған еді. Бірақ өзге оқиғалардан ерек­шелігі, бұл жолы әкім отставкаға кеткен жоқ. Оқиға былай болған. Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлі­мі­нің бастығы Кәмшат Күнеділова «Хлебстрой» ЖШС Қарағанды филиалы директорынан 1 миллион 200 мың теңге көлемінде пара ал­ған. Оның орнына ол орындалған жұмыс үшін қабылдау-тапсыру актісіне қол қоюға жә­не мемлекеттік сатып алу шарты бойынша қалған ақшаны аударуға уәде берген. Сот шешімі бойынша, Күнеділоваға 12 миллион теңге көлемінде айыппұл са­лынған. Сондай-ақ оған мемлекеттік қыз­мет­тегі лауазымды қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Осы оқиғадан соң Сәт­баев әкімі Асқар Ыдырысов облыс әкі­міне арыз жазып, өз еркімен отставкаға кет­пек болған. Алайда облыс әкімі Ыды­ры­сов­тың арызын қабылдамады. Жеңіс Қа­сымбек Асқар Ыдырысовқа қызметкерлерін дұрыс бақыламағаны үшін сөгіс жариялаумен шектелді.

ІІМ: 90 шенді жылы орнынан айырылды

Қоластындағы қызметкерлердің жем­қор­лығы үшін қызметінен айы­рыл­ғандар саны жөнінен Ішкі істер министрлігі көш бастап тұр. Елімізде жыл басынан бері осын­дай себеппен 90 полиция басшысы ор­нын босатқан. Мұндай статистиканы ве­домство басшысы Ерлан Тұрғымбаев Мем­лекет басшысы қатысқан жемқорлыққа қар­сы күрес мәселесі бойынша жиналыста мә­лімдеді. Оның айтуынша, ішкі істер орган­дарын­дағы жемқорлықтың 75 пайы­зын өзіндік қауіпсіздік департаменті анық­тайды. 2020 жылдың қаңтарынан бері жем­қорлыққа байланысты басшылық қыз­мет атқаратын 25 полицей мен тағы 90 қыз­меткер жұмысынан айырылған. Осы уа­қыт аралығында тәртіп сақшыларына пара берудің 118 фактісінің жолы кесілген. Мәселен, биыл тамызда Алматы қа­ласы полиция департаменті про­цес­­­синг орталығының басшысы мен қыз­мет­кері 800 мың теңге көлемінде пара алып жатқан кезде ұсталды. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, олар 2017 жылдан бастап жалған сот орындаушысымен сөз байласып, жол қозғалысы ережелерін бұзған адамдардың ақ­шасын алып, қалтасына басып отырған. Атал­ған тұлғалардың қылмыстық әре­ке­ті­нен мемлекет бюджетіне 25 мыңнан астам әкім­шілік құқықбұзушылық үшін төленуі тиіс 270 миллион теңгеден астам қаржы түс­­пеген. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал қоластын­да­ғылардың қылмысы үшін Алматы полиция департаментінің төрт лауазымды полицейі қызметінен қуылды. Солтүстік Қазақстан облысында да жуырда осыған ұқсас оқиға болды. Мағ­жан Жұмабаев ауданында полиция аға лей­тенанты әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы хаттама толтырмағаны үшін облыс орталығының тұрғынынан 150 000 теңге көлемінде ақша алып жатқан кезде ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлт­тық бюросы департаментінің қызмет­кер­лері оны уақытша ұстау изоляторына қа­мады. СҚО ПД Тәртіптік комиссиясының ше­шімімен жемқорлық жасаған полицей ішкі істер органдарынан шығарылып, шенінен айырылды. Оның тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімі бастығының орын­басары да қызметінен кетті. Сондай-ақ полиция бөлімі мен облыстық аппараттың 11 басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Десе де, Ішкі істер министрлігі ведомствода жемқорлық қылмыстар өт­кен жылмен салыстырғанда 33 пайызға азай­ғанын алға тартуда. Ұлттық экономика ми­нистрлігі жүргізген статистика қоры­тын­дысына сілтеме жасаған министр Ерлан Тұр­ғымбаевтың сөзінше, қазақстан­дық­тардың 38 пайызынан көбі тәртіп сақ­шы­ла­рына сенетін көрінеді. Ал сауалнамаға қа­тыс­қан 51 пайыз респондент ішінара се­нім білдіретінін мәлімдепті. Өкініштісі, рес­ми статистика мен ақиқаттың арасы ал­шақ болып тұр.  Жол ережесін бұзғанда тәр­тіп сақшысымен келісіп, заңды аттап кету­ге дайын тұратындардың көп екені осы күні ешкімге құпия емес. «Полицейге 5-10 мың теңге бере салсаң, айыппұлдан құтылар едің ғой», «МАИ қызметкері қалай тез жібере салды, қалтасын жақсылап майлаған шы­­ғарсың» деген сөзді көлік тізгіндеген­дер­дің аузынан жиі еститінімізді жасырып қайтеміз?! Қоғамда заңды бұзу да, жазадан жалтару да оңай деген қасаң түсініктің қа­лыптасуына парақор полицейлер ғана емес, қит етсе олардың қалтасына тиын-тебен сүңгітуге дағдыланған қарапайым халық та кінәлі екені талассыз. «Бір қарын майды шірі­тетін құмалақтардың» кесірінен өзде­рі­нің қызметтік борышын адал атқарып жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі елеусіз қалып жататыны қынжылтады. Тәуелсіздік алғаннан бері 1 500-ге жуық полиция қыз­мет­кері мемлекеттік марапатқа ие болса, оның 131-і қызмет барысында қаза тапқан екен. Бүгінгі күннің нағыз батырлары екі күн­нің бірінде жемқорлықпен ұсталып жататын шенді-шекпенділердің тасасында қалып қоятыны өкінішті. P.S: Атырау облысының әкімі  Махамбет Досмұхамбетовтің де қызметі қыл үстінде тұр. Өйткені жуырда оның бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров ұсталды. Олар аймақтың инфрақұрылымдық дамуы мен жол құрылысымен айналысатын компаниялардың бірінен 182 мил- лион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Қылмыстары дәлелденіп, сот үкімі шықса, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Президенттің атына отставкаға кету жөнінде өтініш жазуға мәжбүр болмақ.

Серіктес жаңалықтары