30 Қыркүйек, 18:52 458 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Кувейттің жаңа әмірі таққа отырды

Наваф әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах Кувейт әмірі болып тағайындалды. Ол Ұлттық кеңес алдында ант беріп, ресми түрде таққа отырды, деп хабарлайды Kuwait News.

Салтанатты жиында жаңа әмір алдағы таңда Кувейт мемлекетін сақтауға және қорғауға, сонымен қатар бұрынғы басшының саясатын жалғастыруға ант берді.

Кувейт конституциясына сәйкес, билеуші қайтыс болғаннан кейін тақтың мұрагері автоматты түрде әмір болады. Алайда таққа отырмас бұрын, ұлттық жиналыста, яғни бір палаталы парламенттің алдында ант беруге міндетті.

Елдің жаңа әмірі Наваф әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах әр жылдары әртүрлі мемлекеттік қызметте, соның ішінде Кувейттің Қорғаныс министрі, Ішкі істер министрі және Премьер-Министрдің орынбасары болды. 2006 жылдың жетінші ақпанында Кувейттің тақ мұрагері атағын алды.

Айта кетейік, бұдан бұрын жергілікті БАҚ Кувейт әмірі Сабах Аль Ахмед Ас Сабахтың қайтыс болғанын хабарлады. Монархиялық есімі Сабах IV болып табылатын бұл әмір 91 жыл ғұмыр кешкен. Кувейтті 2006 жылдан бері басқарған ол соңғы уақытта қатты сырқаттанып, шілде айынан бері АҚШ-та ем қабылдаған.

Әмірдің қазасына байланысты бүкіл Кувейт аумағында 40 күндік қаралы күн жарияланып, мемлекеттің туы 3 күнге төмен түсірілді.

Соңғы жаңалықтар