24 Қыркүйек, 14:38 569 0 Атажұрт Ділда УӘЛИБЕК

«Шалақазақ» деген сөз жанымызды жаралайды

Жәнібек хандық құрып, Асан қайғы бабамыз Желмаямен желе жортқан, Доспамбет  «толғамалы ала балта қолға алып, топ бас­таған» киелі топырақ – «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайық­тың көл жайқаған жалғызы» – Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрты», Бөкей сұлтан хан атанған, Құрманғазының төкпе күйіне те­біренген өлкеде қаншама қандастарымыз өзге ұлт ретінде күн ке­шіп жатыр. Саны да біршама. Қазақстанмен іргелес жатқан Құ­мөзек, Володар, Красный Яр, Харабайлы, Икрян аудандарында бі­рыңғай қазақтар тұратын ауылдар да бар көрінеді.

Жалпы Ресейдегі қандастардың мәселесі, жай-күйі көп айтыла бер­мейді. Сол себепті де Астрахан өлкесінде туып-өскен, қазіргі кез­де «Астрахан облысының қазақтары» атты өңірлік қоғамдық ұйым­ды басқарып отырған Данияр Имашевпен сұхбаттасуды жөн көр­дік.

– Қазіргі кезде Астрахан об­лы­сында қанша қазақ тұрады? Бізге Ресейдегі қандастардың жағ­дайы мен тұрмыс-тіршілігі жай­лы біраз нәрсе беймәлім, олар­дың жай-күйі жайлы әңгі­ме­леп берсеңіз.

– Соңғы өткізілген санақ мәлі­мет­тері бойынша Астрахан облысында 150 мыңнан астам қазақ тұ­ра­ды. Бұл – ресми деректер, бірақ біз бұл мәліметпен келісе қоймаймыз, себебі мұнда тұратын әрбір үшінші немесе төртінші адам – қазақ. Облыста жалпы 1 миллионнан астам ха­лық бар десек, соның төрттен бір бө­лігіміз, яғни аймақтағы қазақ­тар­дың саны 250 мыңнан асып жығы­ла­ды. Ресейдегі қазақтар ең тығыз қоныстанған өлке – осы Астрахан облысы.

Бұл жақта тіршілік бірқалыпты, ты­ныш. Әркім өз шаруасымен ай­на­лы­сады. Басқа қалалардан еш айыр­­машылығы жоқ. Қазақтар да бас­қалар сияқты қарапайым жұмыс­тар­дан бастап жоғары мемлекеттік лауа­зымға дейінгі әртүрлі қызметте, әр­түрлі салада жүр. Араларында ше­неуніктер, облыстық деңгейдегі депу­таттар да бар.

Жалпы алғанда, өзімізді жақсы се­зінеміз, жайлы өмір сүріп жатырмыз. Астрахан – көпұлтты өлке, ал біз сол колориттің ажырамас бөл­ше­гіміз. Жергілікті қазақтардың қалып­тас­қан өзіндік менталитеті де бар.

– Аймақтағы қазақ тілінің ахуа­лы қандай? Ресейдегі қазақ­тар тіл мен мәдениеттен бірте-бір­те қол үзіп бара жатқан сияқ­ты...

– Қазақ тілінің жағдайы жыл өт­кен сайын нашарлап, деңгейі түсіп, түп­сіз терең шыңырауға құлдырап бара жатқандай көрінеді. Өкінішке қарай, ешқандай алға жылжу, даму жоқ, кері кетіп, ұмытылып барады.

Біздің алдымыздағы буын – әке-ше­шелеріміз қазақ тілінде сөйлей алады, әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ тіл күнделікті қолданыста болма­ған­нан кейін олардың саналарында да көмескі тартқан. Үйде де ешкім ана ті­лінде сөйлемейді. Тоқсаныншы жыл­дардан кейін дүниеге келген жас­тардың басым көпшілігі мүлдем қа­зақ тілін білмейді, қажетсінбейді де. Қаланы былай қойғанда, ауылдар мен елді мекендердің өзінде қазақ тілі актуалды емес. Облыс бойынша құрамына 3-4 ауыл кіретін бірді-екілі аудандар ғана қазақ тілінде сөйлеп, сақтап қалуға тырысып отыр.

Мен туып-өскен Енотаевка ауылында қазақтар аз болды, әжелеріміз бен аналарымыз ғана бір-екі ауыз қа­зақша қосып сөйлейтін. Ше­шен­дер­дің және басқа да өзге ұлт өкіл­дері­нің өз ана тілдерінде сөйлеген­дерін көріп қызығатынмын. Содан «мен неге ана тілімді білмеймін?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сөйтіп қазақ ті­лін үйрендім.

Қазіргі кезде ана тіліміздің дең­гейін көтеру мақсатымен көптеген ша­ралар өткіземіз. Жалпы, «Астрахан облысының қазақтары» аймақ­тық бірлестігін құрудың басты себеп­те­рінің бірі – осы тіл мәселесі еді. Одан бөлек өзім де әлеуметтік желі­лер­де қазақ тілін оқытатын топтар ашып, жергілікті қазақтарға бар білгенімді үйретуге барынша тырысып жүрмін. Себебі мектептерде қа­зақ  тілі пәні факультатив, яғни қо­сым­ша сабақ ретінде ғана өтеді. Қа­зақ мектептері жоқ.

Мәдениет туралы айтар болсақ, ұлттық сәлт-дәстүріміз бен мәдени құн­дылықтарымызды сақтап қалуды па­рызымыз деп білеміз, тойлар мен ұлт­тық мейрамдарды тойлаймыз. Біз­де наурыз мейрамына қарағанда кө­рісу мейрамы кең таралған. Бауыр­сақ, қуырдақ, ет – барлығы дас­тар­қа­ны­мыздан табылады. Бала кезімде әр таң сайын бауырсақ иісінен оянатынмын. Одан бөлек бізде әлеуметтік мә­селелерді талқылайтын, мұқтаж от­басылардың тізімін жасап, қоғам­да­ғы проблемаларды реттейтін ақса­қал­дар алқасы да бар.

– «Астрахан облысының қа­зақ­тары» аймақтық бірлестігінің же­текшісі екенсіз, ұйымның жұ­мысы қалай жүріп жатыр?

– «Астрахан облысының қазақ­тары» аймақтық бірлестігі Астрахан өл­кесіндегі қазақтардың салт-дәстүрі мен тілін ұмытпауы үшін, түп-та­мы­рынан ажырамауына септігін ти­гізу үшін құрылып, сол мүддеде жұмыс іс­теп келеді. Біз қазіргі кезде тіл үй­рету, қазақ тілін насихаттауды басты на­зарға алып отырмыз.

Осы мақсатта екі бірдей жоба жү­ріп жатыр. Біріншісі – «Қазақша сөй­ле» деп аталады, аптасына екі рет өте­ді, қазақ тілін үйреніп, одан әрі да­мытқысы келетін кез-келген адам­ға есігіміз ашық. Қатысушылар қазақ тілінің грамматикасы, сөйлем құру тәртібінен бастап, бата-тілекке дейін жаттап, меңгеріп шығады.

Екінші – «Әңгіме» сөйлесу клубы. Клуб жұмысы еркін форматта өтеді. Ыстық шай ішіп, қазақша сөйлесіп, қазақ әдебиетін оқимыз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып төңірегінде әңгіме өр­бітеміз. Сол арқылы «сен ана тілің­ді білмейсің, шалақазақсың» дейтін суық сөздердің жолын кескіміз келе­ді. Тіл мәселесіне қатысты бізге таңыл­ған таптаурындар мен қатып қал­ған қағидаларды бұзсақ дейміз. Бізге бәзбіреулер «шалақазақ» десе, жанымыз жараланады, жүрегіміз ауырады, намыстанамыз. Бізге ол титтей де мақтаныш емес, бей жай да қарамаймыз. Маңғыстау өңіріне, Атырау жаққа қонаққа барсақ осындай сөздерді жиі естиміз.

Одан бөлек жергілікті жердің ақ­сақалы, жасы үлкен қариялары да осы қатарлы сын-ескертпелерін айтып жатады. Қазақша-орысша ара­лас­тырып сөйлесек, «Тілді олай шұ­бар­лап, қадірін кетірмей не қазақша сөй­ле, не орысша сөйле», – деп ре­ніш­терін білдіреді. Мұндай ескертпелер орынды, бірақ қазақша әрең сөй­­­лейтін адамның осыдан кейін, әри­не беті қайтып қалады. Сондық­тан әзірге түбегейлі тілді меңгергенше орысшамен араластырып сөйле­ген­нің өзі үлкен серпіліс болар еді.

Бұл жобалардан бөлек тарихы­мыз­ға, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тір­шілігі, салт-дәстүрімізге қатысты түр­лі дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйым­­дастырамыз. Абай Құнан­бай­ұлы, Шоқан Уәлиханов, Исатай Тай­ман­ұлы, Махамбет Өтемісұлы сияқ­ты ұлы тұлғаларымыз, хандарымыз бен билеріміздің өмір жолы, өнегелі өмірі туралы әңгімелейміз. Бөкей ор­дасы туралы көп айтамыз, тарихымызды түгендегіміз келеді.

Рухани, әдеби-мәдени шаралардан бөлек, спортта да белсендіміз. «Ама­нат» атты шағын футбол клубымыз бар. Түрлі турнирлер мен сайыс­тардан қалмаймыз. Клубымыз спортсүйер қауымға жақсы таныс.

Одан бөлек «Не? Қайда? Қашан?» деп аталатын интеллектуалды клубымыз бар. Көбінесе ойын түріндегі сайыстар ұйымдастырамыз. Түрлі ло­гикалық, математикалық басқа­тырғыштар, қазақтың салт-дәс­түрі­не, тарихына, қалаларына қатысты сұрақтар қойылады.

Алда әлі де біраз дүниелерді жасаймыз деген жоспарымыз бар. Қазақ басылымын шығарсақ деп ниеттеніп отырмыз.

– Отандастарымыздың Қазақ­стан туралы ойы, лебізі қандай?

– Тарихи Отанымыздағы қан­дас­тарымызбен араласып тұрамыз, бай­ланысты үзбеуге тырысамыз. Екі жақ­тың аралас-құралас болып, бірінен-бірі алыстамағаны қуантады. Бірақ қалай десек те, екі жақтың мен­талитеті әрқилы, біздің таным-тү­сінік басқа, елдегі қазақтардың көз­­­қарасы бөлек деген сияқты...

Қазақстанда тұратын бауыр­лары­мыздың көбі өздерінің бақытты екенін білмейді, бағаламайды. Ал Ресейдегі қазақтар мұны жақсы түсінеді.

Менің руым – беріш, Кіші жүзбін. Ре­сейде, мен тұратын өңірде руластарым көп. Кейбіреулер бізді қазақ диаспорасы ретінде қабылдайды, бірақ біз онымен келіспейміз, бұл – үлкен қателік. Себебі біз өмір сүріп жат­қан аймақ бізге ата-бабамыздан қал­ған, біз сол жердің байырғы тұр­ғындарымыз.

Бізден алыста болса, да тарихи Ота­нымыздың бар екенін білудің өзі –үлкен бақыт. Қазақстанның ты­ныш­тығы мен бірлігіне әрдайым тілек­теспіз.

– Қазақстандағы қазақтардан бөлек, Ресейдің әр аймағында өмір сүріп жатқан қандастардың арасында байланыс бар ма?

– Иә, байланыс бар, мысалы мен Ресейдің қазақтар тұратын барлық аймағымен байланыстамын. Қазақ бірлестіктерінің, ұйымдарының жетекшілерімен араласып тұрамыз. Себебі Ресейдегі қазақтар бір-бірін бар­лық жағынан жақсы түсінеді, бізге кездескен қиындықтарды олар ба­сынан өткерген, немесе біз еңсер­ген сынақтарға олар тап болуы мүм­кін.

– Қазақстанға көшіп келу ойыңыз­да бар ма?

– Жеке менің бағамдауым бойын­ша, бұл жақтағы қазақтардың көбі елге оралу туралы көп ойлай бермейді. Ал менің Қазақстанға әрдайым бір бүйрегім бұрып тұрады. Бұл туралы көп ойлаймын. Алайда мені кім қарсы алатыны және кімге ке­рек екенім беймәлім. Қалай дегенмен, бір елден бір елге көшу оңай емес, жаңа өмір бастауың керек. Екін­шіден, Ресейде білім беріп, салт-дәстүрді насихаттап, қазақылықтың тұғырын құлатпау жолында жұмыс істеп жүрмін, яғни осы жаққа пайдам көбірек тиеді. Бірақ ертең не болатынын ешкім білмейді, сол себепті де бірден жоққа шығарып, кесіп айта алмаймын.

Сұхбаттасқан

Ділда УӘЛИБЕК

Соңғы жаңалықтар