684
Мұстафа Шоқай және Петербургтегі кезең
Мұстафа Шоқай және Петербургтегі кезең
ХХ ғасыр басында Ресейдің өз ішінде және оның шеткері ұлттық аймақтарында қызмет еткен атақты мұсылман қайраткерлерді атай келе, жапон ғалымы Уяма Тимохико «тіпті осы шоқ жұлдыздар ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» деген екен. Мұның ақиқатына ұлы тұлға мұрасымен танысқан, ондағы терең ғылыми талдаулар мен философиялық пайымдауларды, өзгеше саяси әлеуметтік ой-тұжырымдарды оқыған кез келген оқырманның көзі жетеді. Әсіресе, патшалық Ресейдің отарлық саясатын, соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйенің ащы шындығын сонау Еуропаның нақ ортасында тұрып дәл әрі терең Мұстафа Шоқайдай әшкерелеген саясаткер сирек, тіпті аз. Бәлкім, бұған оның кеңестік қылыштан аулақ тұрғаны да ықпал еткен шығар.
Мұстафа Шоқайдың әлеуметтік-саяси көрікте шыңдалып, теориялық білімі мен өмірлік кемелденуі сол кездегі Ресейдің бас қаласымен тікелей байланысты. 1912 жылғы «Айқап» журналының 13-санында екі жылдан бері Петербург университетінде (заң факультетінде – Ә.Б.) Сырдария облысының Перовск уезінен Мұстафа Шоқайдың оқып жатқаны жайында ақпарат жайдан жай берілмеген болатын. Бұл мақтанышпен жазылған хабардың арғы жағында студенттің өз жерлестерінің арыз-шағымдарына қатысты көп іс тындырғаны бар еді. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегінде ол Петербургтен қайтып келе жатып Ақмешітке соққандағы жергілікті халықтың өзіне деген ықыласын былай көрсеткен еді: «Әсіресе, қазақтар мені өздерінің сенімді өкілі, қорғаны есептейтін. ...Талай мәрте орыс отаршылдық саясатының құрбаны болған сорлы халықтың жері мен суын қоныс аударушылар басқармасының шеңгелінен құтқарып қалғанмын».
Сонау Ташкенттегі гимназияда оқып жүргенде-ақ жергілікті халықтың басынан кешіріп отырған жағдайын байқаған Мұстафа студенттік кезде оны тереңірек ұғына түсті. Арасында үзілістері бар бас аяғы 6-7 жылға созылған Ресей орталығындағы кезеңде ол ең алдымен Еуропаның білімі мен ғылымының тәтті дәмін татты, ерекше алғырлық қабілетпен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысты. Егер ерте кездері Мұстафа мұсылмандардың мәдени реформаторлық қозғалысы — жадитизмнiң ықпалында болса, Ресейде орыс зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалымен саяси еркiндiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi жақтады, соны өмірлік мұрат етті. Осы саяси оқиғалар туралы 1933 жылы «Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында ол былай деп жазған еді: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз. Осындай оқиғалардың бірі 1912-1913 жылдардағы Түрік-Балқан соғысы болды. Ресейдің ашықтан ашық Түркияға қарсы ұстанымы Мемлекеттік думада арнайы сөз болады. Мұстафа Шоқай патша үкіметінің славяншылдық саясатына наразылық білдірген түркі жастарының шерулеріне қатысып, Түркияны қолдап, көмек көрсету үшін қаржы жинауға белсенді атсалысады. Өзінің түркістандық досы Садық Өтегеновпен бірге жинаған қаржыларын Түркия елшілігіне тапсырады.
Мұстафа Шоқайдың сол кездегі бет алысын, алдағы алар асуын Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студенттермен жазған тіл мен діннің тазалығын сөз еткен хаты мен үндеуі айқын байқатады. 1913 жылдың ақпанынан Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хатта студенттер қуаныштары қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген еді. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына «қарақшы» қылып, әркім шын көңілімен батасын беріп, халінше не көмегі болса тигізіп тұрса, біздің мұңды жұртымызбен мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екінші, өз сөздерімен айтқанда, қолқалары мынау: «Қазақ» газетіне «қаламменен жәрдем беретін мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін, орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазып тұрса, «Қазақ» қалың жұртымыздың оқып тұруына оңды, түсінімді болар деген пікір» білдіріп, осыларды бас редактордың әрқашан назарында алып жүруіне тілек айтқан болатын. Сондай-ақ Петербургтегі түркі жастарының, ішінде Мұстафа да бар, «Сират ул-Мустаким» (Тура жол) ұйымын жақтаушылардың жаңа әрекеттері туралы үндеуінің де мәні зор. Онда: «Егер зиялылар мен прогресшілдер «мустакимшілдерге» және олардың органдарына материалдық немесе моральдік қолдау көрсетіп жатса, олар өздерінің шынайы бейнесін байқатады, ондайларға таза зиялылар қатарында орын жоқ және олар ондай ортадан мәңгілік кетеді» деп кесіп айтты. Бұл, бір жағынан, болашақ қайсар күрескердің жасынан түркі тілдес жастармен жиі араласқанын, пікірлес болғанын көрсетсе, екінші жағынан, діннің тазалығы үшін күрескен бір топтың патшаға жағымпаз діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Осы екі материал түркі халқының ұлы перзентінің болашағын белгілеген алғашқы нышандар десек артық болмас.
Мұстафа Шоқай сол кездегі Петербургте өтіп жатқан түркі мұсылман халықтары жиындарына қатысып, 1912 жылдан Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен танысып, олардың ақыл кеңестерін тыңдап, 1914 жылдың желтоқсан айында өткен Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының съезінде сайланған Орталық комитетінде жұмыс істей жүріп, түркі халықтарының қайраткерлерімен қоян-қолтық араласқан.
Мұстафа Шоқай өзінің жан жақты білімділігін студенттік жылдардың өзінде ақ таныта білген көрінеді. Қазақ тұрмысындағы билер мен қазылар соты мәселелерімен шұғылдануы, осы мақсатпен Сырдария облыстық басқармасы мен уезд әкімшілігінің мұрағаттарында ұзақ отырулары зая кеткен жоқ. Оның төл тарихымыз бен мәдениетіміздің, әдет ғұрып, салт санамыздың, ауыз әдебиетіміздің білгірі екенін атақты шығыстанушылар В.Бартольд, В.Радлов және түркітанушы А.Самойлович т.б. байқаған. В.Радлов тіпті оған құқық факультетін тастап, шығыс тілінің маманы болуды ұсынса, А.Самойлович «М.Шоқайдың қазақ қырғыз материалдарынан» деген мақала да жазған.
Ресей патшасының 1907 жылдың 3 маусым күнгі жарлығымен қазақ сияқты «бұратана» халықтың Мемлекеттік Думаға сайлану құқығынан айырылғаны, сол себепті онда мұндай халықтың мәселесі көтеріле бермеген. Осындай себеппен 1916 жылы ақпан айында Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы
Қ.Тевкелев мұсылман халықтарының көрнекті қоғам қайраткерлерін шақырған мәжілісте фракцияның саяси платформасы, тактикасы және оның жанында кеңесші бюросын құру туралы мәселе қаралады. Бұған арнайы шақырумен Ә.Бөкейхан,
С.Жантөрин, А.Байтұрсынұлы қатысады. Олар қазақтарға жеке мүфтилік ашу, қазақтарды әскер қатарына жазу, қоныс аударушылар толқынына тоқтау салу мәселелерін көтереді. Арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалған соң фракцияның жанынан төрт адамнан тұратын бюро құру туралы шешім қабылданады. Бюродан тыс бір хатшы, үш көшіріп жазушы және тағы бір қызметкер алу ұйғарылады. Бюро құрамына қазақ уәлаятынан Әлихан Бөкейхан енеді. Ол Бюрода Түркістаннан бір өкілдің болуы керегін және оған М.Шоқайдың лайық екені туралы мәселе көтереді. Мұстафаның бұл жұмысқа ұсынылуы жайдан жай емес-ті. Кандидатура талқыланғанда оның Петербургта тұратыны, бұл жұмысқа оның жан жақты дайындығының барлығы, Түркістандағы жағдайды жақсы білетіні, Мұсылман комитетінде жұмыс істеп Бюроның келешек мүшелерінің бірсыпыраларымен танысып, тапсырмаларын орындап жүргені ескерілген-ді. Алайда оның сәті кейін келеді.
1916 жылғы 25 маусым күні Далалық және Түркістан өлкесі мен басқа да отар аймақтардағы «бұратаналарды» «әскер ұрысының аудандарында қорғаныс қондырғыларын салу және әскери қатынас» мақсатында реквизациялау туралы орыс патшасы II Николайдың жарлығы жарық көрді. Онда 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтардың қару ұстауына сенбей, соғыстың қара жұмыстарына тарту үшін Түркістан және Далалық өлкеден 500 мың адам шақырылды. Бұл қазақ елінің әлеуметтік жағдайын нашарлатып, кедейшілікті күшейте түсті, жұртшылықтың наразылығын асқындырып, шыдамын тауысып, атқа отырғызғаны белгілі. Алайда көтеріліс күшпен аяусыз басылады. Жергілікті халық зорлық зомбылықтың неше түрін бастан кешіреді. Осы мәселеге байланысты 1916 жылғы тамызда Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшы және маман зерттеуші ретінде Мұстафа Шоқай Түркістан өлкесіне келіп, Самарқанд, Әндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін және кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағдаймен жақсы танысады. Бұл Мұстафаның фракция жұмысына тікелей араласқаны болатын. Осыдан кейін ол 1 қарашада Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының бюро хатшылығы жұмысына кірісіп, депутат-мұсылмандар мен фракциясы мүшелеріне түрлі Түркістан туралы және өлкеге қатысты қажетті материалдар, баяндама мәтіндерін даярлап беріп отырған. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде Мұстафа Шоқай осы жайларды былайша еске алған еді: «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысы бар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қарсаңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жылғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы материал әзірледім әрі мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып бердім».
Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегін, терең білімін, саяси сауаттылығы мен ерекше іскерлігін байқаған мұсылман депутаттар оған өздеріне әріптес ретінде де қараған. Мария Шоқай өз естелігінде Мұстафа Шоқайдың түрік халықтарының саяси өміріне араласқанын айта келіп, оған Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтар, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейтінін, оның бұл міндеттерді ылғи өте жақсы орындап отырғанын жазған еді. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін-тұғын. Патша жарлығына сәйкес Түркістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаны Уфа уәлаятынан сайлау ойластырылған еді. Уфа уәлаятының помещигі, қазақ сұлтандарының бірі С.Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген болатын.
Ақпан төңкерісінен кейін Мұстафа Шоқай Далалық және Түркістан өлкесі мен басқа да отар аймақтардағы «бұратаналарды» әскер ұрысының аудандарында қара жұмысқа пайдаланған Батыс майданы шебінде болып, жергілікті жерде көптеген шаралардың иесі болған Әлихан Бөкейхан жұмысына тартылады. Тіпті, «Жұмысшылар жайынан» деген тақырыппен 15 қарашада жарық көрген, өзі қол қойған мақалада Павлодар мен Семейден қара жұмысқа тартылған жұмысшылардың жағдайлары баяндалған еді. Ал 1917 жылдың 2 наурызында Минскіде жұмысшы әскерлерге көмек беру жұмыстарын басқарып жүрген Әлихан Бөкейхан Уақытша үкімет арқылы және Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитетінде қызмет істеп жүрген Мұстафа Шоқайды Минскідегі өзінің орнын ауыстыру үшін шақыруы өзінен мүшел жастан астам кіші, 26 жастағы шәкіртіне көрсеткен үлкен сенімі де болатын. Алайда екі қала арасындағы жол жабық болғаннан кейін Мұстафа Минскіге бара алмайды.
Осылай арасында үзілістері болғанымен Петербургте оқу мен қызмет, Ресейдегі Ақпан революциясынан кейінгі саяси жағдай, ғасыр басында сахна төріне келген Алаш ұлт азаттық қозғалысының Түркістан өлкесіндегі оң қанатының 1916 жылғы оқиғаларға байланысты жаңа деңгейге көтерілуі Мұстафа Шоқайды шынайы ұлттық қайраткер ретінде қалыптастырды. Сонымен Петербургтегі кезең Мұстафа Шоқай саяси университеті болған еді. Бұған мына бір фактор толық дәлел бола алады.
1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда өзінің Ташкентке шақырылғаны және жолда Орынборда өтетін Торғай облысы қазақтарының құрылтайына қатысуы керегі туралы жазылған еді. Петербургтегі оқуы, терең білім алуы, саяси оқиғаларға қатысуы, шығыстанушы ғалымдар ортасында болуы, Орталықта тұратын және осында өтетін түрлі жиындарға қатысатын мұсылман халықтарының өкілдерімен кездесулері, Ресей мұсылмандары Орталық комитетінде, сонан соң Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясының Кеңесші бюросында жұмыс істеп, саяси һәм рухани құндылықтарды бойға сіңірген Мұстафа Шоқай 1917 жылғы сәуірдің басында Петербургтен Орынборға қарай жол тартты. Оны елдегі саяси қызметінің шыңы – Түркістан Мұқтариятын құру тағдыры күтіп тұрған болатын.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы,
профессор