Берекесі қашқан білімге Аймағамбетов қана айыпты ма?

Берекесі қашқан білімге Аймағамбетов қана айыпты ма?

Берекесі қашқан білімге Аймағамбетов қана айыпты ма?
ашық дереккөзі
339
Төтенше жағдай жарияланған кезде көптеген саланың жұмы­сы кенеттен болған өзгерістің көшіне іле­суге қауқарсыз екені анық бай­қал­ған еді. Солардың ішінде алғаш­қы­лардың бірі болып қиындыққа ұшыраған, сын мен сөгістің астында қалғаны білім саласы болды. Бірақ олай болуы заңдылық та еді, се­бебі дәстүрлі оқудың дағдылы соқ­па­ғымен ғана жүретін білім беру меке­ме­лерінің басым бөлігі қашықтан оқытуды тәжірбие жүзінде бекітпеген. Себебі пан­демияға дейін қашықтан оқытудың қа­жеттілігі болмады. Қаншама жылдық тә­жірбиесі бар, білікті мұғалімдердің өзі жаңа форматты жатыр­қап, өз жұмыс­та­рын бірден дөңгелетіп әкете алмады. Оған бір жүйеге негізделген плат­фор­ма­ның, білім беру ресурсының болмағанын қо­сы­ңыз. Цифрлық сауат­тылық деңгейі көңіл қуантпайтыны бесенеден белгілі. Электронды гаджеттер мен ноутбук, ком­пьютерлердің тапшылығы ба­ла­лар тұр­мақ, министрліктің өзін ты­ғырыққа ті­реді. Кей аймақтарда әлсіз, кей жерлерде мүл­дем тартылмаған интернет жағдайды одан әрі ушықтырды. Оқу жылы басталғалы бір айға жуық уа­­қыт өтті. Мұғалімдер мен оқушылар да әупі­рімдеп сабақты бастап кетті. Бірақ әлі де қашықтан оқыту төңірегіндегі дау то­лас­тар емес. Мектеп оқушыларын бұлайша оқыту­дың мүмкін емес екенін, еліміздегі интер­неттің ахуалы мұндай ауыр салмаққа шыдас бермейтінін Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де әу баста мойындаған болатын. Сөйтіп ми­нистр қа­шықтан оқыту үшін басқа да ме­ханизмдерді қарастырды. Соңында оқу­шыларға тапсырма жіберу үшін тіпті Қаз­поштаның қыз­метіне жүгіндік. Ға­лам­тор қолжетімді болған күннің өзін­де құ­ны қымбат. Осы мәселені реттеу мақ­сатында оқушылар мен ұстаздарға арнал­ған 990 теңгелік білім тарифі іске қо­сыл­ды. Ізін ала бірінші сәуірде елімізде сынақ сабақтар өткізілді. Сол кезде 1 млн 250 ба­ла тек қана онлайн режимде дәріс алып көр­ді. Ал жалпы осы сынақ сабаққа әр­түр­лі платформамен 2,5 миллион бала қ­а­тыс­қан. Білім және ғылым министрлігі нәти­женің жақсы болғанын мәлімдеген еді. Бірақ интернет желісі осыншама жүк­ті көтермейтінін, со­ған байланысты көп ыңғайсыздық бол­ға­нын, техникалық ақау көп екенін, сол себепті де онлайн оқу­дың орнына басқа білім беру плат­форма­лары арқылы қашықтан оқытуды жүргізуіміз қажеттігін министр Асхат Аймағамбетов мәлімдеген еді.  Ал қашықтан оқыту мен онлайн оқы­ту­ды шатастырушылар  әлі де көп. «Біз қашықтан оқыту мен онлайн оқы­туды бірдей ұғымда пайдаланамыз. Негізінде қашықтан оқыту онлайн оқытуға тең емес ұғым. Қашықтан оқыту – біз айтқан пошта, теледидар, радио, тапсырмаларды интернет ар­қылы алып оқу. Осы екі ұғымды бөлек тануымыз керек. Мысалы, Bilimland.kz платформасында бүгінгі күні 40 мыңнан астам әртүрлі ресурстар бар. Оған тіркелу, пайдалану толығымен тегін. Қашықтан оқыған кезде WhatsApp, электронды пошта және басқа да мессенджерлерді пайдалануға болады. Қандай ресурс ыңғайлы, соны толығымен пайдалануға болады. Тағы бір өте маңызды жайт, көбі қашықтан оқыту дегенді онлайн оқу деп ойлайды», – деп Асхат Аймағамбетов ор­талық коммуникациялар қызметінде өт­кен онлайн конференцияда оқыту фор­мат­тарының аражігін ажырата түсіндіріп берген болатын. Бірақ қашықтан оқыту мен онлайн білім беру­дің айырмашылығын анықтап алғаны­мызбен, оларды әлі жүйелі пайдалану жүзеге аспай отыр. Алматыда бірінші сабақ күні-ақ онлайн-платформада өткен сабақта көптеген қиын­дық туды. Ата-аналардың айтуынша, платформа жүктемені көтере алмай қалған. «Ешқандай бағдарлама жұмыс істемейді, жүктемені көтермейді. Алғашқы сабақ 30 минут қана болды. Google Meet-ті қолданып көр­гіміз келді, бірақ мұғалімді платформадан шығарып жіберді. Ал мұғалім қосылса, бас­қалардың сөйлегені естілмейді. Zoom-конференциясы мүлдем ашылмайды. Тек жеті оқу­шы сабаққа қосылды. Қалған 22 бала са­ба­қ­қа қатыса алмады. Қазір тапсырмаларды WhatsApp арқылы жіберіп жатыр», – дейді Адель Жанпейісова. Сондай-ақ ата-ана Online Mektep жүйесіне де кіре алмағандарын айтты. Онымен қоса, Online Mektep платформасы арқылы берілетін білімнің сапасына сын айтушы мұғалімдер де, ата-аналар да жетерлік. Мысалы, Ақтөбе облысының тұрғыны Жансая Нұрлыбаева бауырларының сабақ оқу барысын қадағалайтынын, және сол кезде байқаған кемшіліктері туралы айтып берді. «Үйдегі бауырларыма сабақ оқытамын. 6-сыныпта оқитын інім бар. Қазіргі кезде олар Online Mektep платформасы арқылы білім алып жатыр. Платформадағы материалдар балаға білім беруге, оны санасына сіңіріп, орнықтыруға жеткіліксіз деп есептеймін. Себебі платформаны ашқанда ең алдымен теориялық материал шығады, кейін тапсырмалар беріледі, бірақ тапсырмаларды тек батырманы басу арқылы орындап тастайсың. Жазуға, материалды бекітуге арналған тапсырмалар жоқ. Қате-дұрысы бірден шығады, қате болса, түзетуге де мүмкіндік жоқ. Солай сабақ бітеді. Оқушы кітаптың бетін де ашпайды. Мен өзім осы жақында ғана басқа мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Ол мектеп әлі күнге дейін Online Mektep-ке көше алмай отыр. Сабақ WhatsApp арқылы өтеді», – деп өз пікірін біл­дірді. Платформа төңірегіндегі пікірталас толастамағаннан кейін ақыры Daryn.online мен «Күнделік» біріктірілетін болды. Жоба қазан айында аяқталып, қолданысқа енгізілмек. «Бұл дегеніміз – бір құпиясөзбен «Күн­делікке» де, Daryn.online платформасына да кіруге болады дегенді білдіреді». Daryn.online өкілі Ержан Оңалбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай ақпаратпен бөліскен еді. Оның айтуынша, қазіргі кезде бір мектепте 4-5 білім беру платформасы қолда­ны­лып жатыр. Әрбір оқушы мен мұғалімде 4-5 логин мен құпиясөз бар. Ал екі платформаны біріктіргеннен кейін жұмыс жеңілдей түспек. «Сосын Daryn.online-да тест жасауға бола­ды. Ал тестің нәтижесі «Күнделікке» шығып тұрады», – деп атап өтті Е.Оңалбаев. Ал брифингке бейнебайланыс арқылы қатысқан «Күнделік» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов: «Карантинге қатысты жағдай реттеледі деп сенемін. Сөйтіп, екінші тоқсанда өзі­міз үйренген білім беру арнасына оралатын шығармыз. Негізі бейнебайланыс білім беру­ге жатпайды. Бұл қосымша құрал ғана. Ал мектепте «тет-а-тет» қарым-қатынас, яғни пе­дагогтың балалармен тікелей қарым-қа­тынаста болғаны маңызды», – деген еді. Ұстаздар болса Ержан Оңалбаевтың айт­қан жаңалығына тіпті де қуанбады. Олардың пікірінше, бұдан келіп-кетер жеңілдік шамалы. Бір жағынан осы форматқа үйреніп қал­ғандарын, енді бәрін басынан үйрену керек екенін айтып шағымданды. Ұстаздардың пік­ірінше, «Күнделіктің» артық жұмыстан басқа берері жоқ, енді ата-аналардың күнделікке кіру рейтингі мұғалімдердің мой­нына жүктеліп отырғанын да қате санайды. Алматыда 7 қыркүйек күні мектеп дирек­торы­ның атына математика мұға­лімі­нен түсініктеме түскен. Мұғалім Zoom плат­формасында онлайн сабақ беріп жатқанда белгісіз біреулер бұзып кіріп, былапыт сөз айтып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға анайы фото, видеоларды көрсеткен. Мектеп директоры бірден бұл дерек туралы Алмалы аудандық полиция басқармасына хабарлаған еді. Осы сияқты тағы бір жағдай Нұр-Сұлтан қаласында да болды. Мұндай тәртіпсіздікті  сап тыю әзірше мүмкін болмай тұрған сияқ­ты. Өйткені Zoom бейнебайланыс желісі бі­лім беруге арналмаған, және қауіпсіздікке ешкім кепілдік бермейді. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кебі. Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қа­зақ­стан ұстаздары» атты парақшада педагог ма­мандар арасында «Онлайн сабақты қол­дай­сыздар ма?» деген сауалнама жүргізілген екен. Пікірлер екіге жарылған: біреулер қолдайтындарын айтса, екіншілері мүлдем қарсы. Бірақ қолдайтындардың өзі басқа амалдың жоқтығын, денсаулық бәрінен маңызды деп отыр. Мысалдармен дәйектесек: Фатима Бейсекеева: – Ол – ұстаздардың қалауы емес. Әрине мек­­тепте, дәстүрлі түрде, жүзбе-жүз оқыт­қанға не жетсін. Дүниежүзінде болып жатқан нәрсеге бірдеңе дей алмайсың. Бастысы – әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса бол­ғаны, ата-ана да, мұғалім де, оқушы да. Бір-бірінен кінә іздегеннен іс бітпейді. Әмина Макиева: – Онлайн мектеп – ұрпақты білімсіздікке апарар төте жол. Бір ғана қашықтан білім беруге қатысты қордаланып қалған осынша мәселенің шешімі қалай болмақ деген сауалымызға жауап іздеп Білім және ғылым министрлігіне хабарласқан едік. «Қашықтан оқытуды бір ізге түсіріп, жүйелеу мәселелерін реттеуге байланысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Сол бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба дайын болғанда бұқаралық ақпарат құралдарына міндетті түрде хабарлаймыз, ал киберқауіпсіздік төңірегіндегі сұрақтарға біз жауап бере алмаймыз», – дейді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гауһар Қасымбекова.

Әлемдегі жағдайға үңілсек

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, пандемия басталған кезде 162 елдің мектептері толығымен жабылған. Дамыған елдер бірден қашықтан оқытуға көшті. Олар жоқтан бар жасап отырған жоқ, тек біз игеріп үлгермей жатқан ресурстар мен платформаларды қолдануға төселген. Десек те, фантастика жанрындағы фильмдерден ғана көретін технологияларды білім беруде пайда­ланып отырғандар да жоқ емес. Мәселен, Ұлыбритания, Австралия сияқты елдерде вир­туалды көзілдіріктер оқушыларды қа­шық­тан оқыту үшін бұдан бұрын да қол­данысқа еніпті. VR көзілдіріктің көмегімен сыныпта отырғандай боласыз, одан бөлек басқа оқушыларды көруге, сабақ барысын бақылауға болады. Сарапшылардың айтуынша, бейнені жазық дисплейлі экранда тамашалау мен VR көзілдірік арқылы бақылаудың ара­сындағы айырмашылық зор. Бұл көзіл­діріктер арқылы оқушы өзін сол кеңістікте отырғандай сезінеді, және әлемнің үздік мек­тептерінде кез келген жерден дәріс тың­дай алады. Алайда Ұлыбритания ғалымдары мұндай технологиялардың пайдасы ойда­ғыдай болмайды деген тұжырым жасапты. Олардың пікірінше, мұғалім мен оқушы бет­пе-бет жүздесіп өткізілетін дәстүрлі дәріс­тер ғана білім сапасын арттыра алады. Қашықтан білім беру – көп адамның жұмыла жұмыс істеуі арқылы ғана жүзеге асатын күрделі механизм тәрізді жүйе. Ал ондағы олқылықтар мен кемшін тұстардың сұрауын бір ғана тараптан, бір ғана министрліктен талап ету орынсыз сияқты. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың негізі дейміз, ал сол ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасай алмай отырғанымыз қынжылтады. Айналып келгенде, жүйенің бірізге түсуіне бәрібір уақыт керек. Біз оңтайлы уақытты күткенмен, уақыт бізді тоспайтынын ұмытпағанымыз жөн.  

Серіктес жаңалықтары