905
Ұлылықты ұлықтаған
Ұлылықты ұлықтаған

Мұқағалидың тойында Әбішпен бір киіз үйге түскен екенбіз. Сәл кешігіңкіріп кірсем, төрде отыр екен. Бос орынға жайғаса бермекші едім, «Келіңіз, Сәбе. Жанымызға отырыңызшы» деп қасына шақырды. Рақметімді айтып, отырдым. Әбіш бір жайдан кейін бір жайды қозғап, жұрттың ауызын ашқызып тастады. Не деген төгілген тіл, неткен таусылмайтын білім бұл! Үнсіз ғана тыңдап отырмын.
Қызық, Әбіш отырған жерде үнің де шықпай қалады екен. «Қалайсыз? Әңгіме айтпайсыз ғой өзіңіз. Сіздің әңгімелеріңізді сырттан, жұрттан естіп, қызығып жатамын», – деді бір кезде маған қарап. Актерлердің арасында неше түрліні хикаялап жүретінім бар ғой, соларды еститін көрінеді. «Ой, Әбеке, мен сізбен сөйлесуге дауаламаймын. Сізбен әңгіме-дүкен құрғым-ақ келеді, соған білімім жетпейді», – дедім. Райланып күлді. Сол әңгімеден кейін ауық-ауық болса да кездесетін болдық. Бірте-бірте етім үйреніп, неше түрлі әңгімелерімнің біразын айтып та жүрдім. Бара-бара, Әбіштің сөзіне қанаттанып алып, жаңағы ауызша әңгімелерімнің жазбаша нұсқасын жасауға шықтым. Олардың біразы «Егемен Қазақстанға», көбі «Алматы ақшамына» жарияланды. Бүгінге дейін жарық көргенінің өзі қалың-қалың екі кітапты болып қалды. Мақала жазуға да ауыстым бірте-бірте. Сізбен әңгімелесуге білімім жетпейді дегенім – шын сөзім. Жалпы, жағынуға, жалбақтауға жоқпын. Әбіш деген Құдай бір бөлек жарата салған адам еді ғой. Арғы замандарды қайдан білейік, өзіміз ес жиып, жұрт сөзіне құлақ аса бастағалы бері өз басым Әбіштей терең білімді кісіні көрген емеспін. Он сегіз мың ғаламда Әбіш білмейтін жай жоқ сияқты, адамзаттың арғы-бергісінде Әбіш баға бере алмайтын оқиға да, адам да табылмайтын сияқты сезілетін. Сондықтан да сонау жас кезінен біріміз аға, біріміз іні болып келе жатқан Сауытбек бауырым ана бір жылы өзінің алпыс жылдығына елге барғанымызда: «Сәбе, Әбекең туралы кітап жазуға материал жинап жүрмін. Көресіз, түбі бір жазамын», – дегенінде бір жағынан ақылдылығына разы болып, бір жағынан батылдығына таңданып, бетіне қарап қалғаным есте. Сауытбектің алпыс жылдығын атауға Шымкентке, Қазығұртқа, Келеске Әбішпен, Фаризамен, Сейітпен, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, қазіргі сенатор Әли Бектаевпен, бауырымның Әлібек Асқар бастаған бір топ достарымен сапарлаған сол бір армандай бес күннің ішінде Әбекеңнің талай әңгімесін тыңдадық. Шымкенттегі театрдың сахнасында тұрып той иесі туралы ақтарылып айтқаны, Қазығұрт тауының бөктерінде тұрып қасиетті тау туралы әңгімелегені, тіпті ғажап шыққан еді. Жол бойындағы «Кемеқалған» ескерткішінің жанында Әбіш шамамен отыз минуттай сөйледі-ау деймін. Бас-аяғы бүп-бүтін, тұтас толғау болатын. Әттең, жазылмай қалыпты. Театрдағы сөзі де солай болыпты. Ұқыпты деген Сауытбекке айтсам, «Залда болсам диктофон қосар едім, сахнада отырып, өзім жайындағы сөзді жазып алып жатуға ыңғайсыздандым», – дейді.
Жарайды, кіріспем көбейіп кетті ме, негізгі айтарыма көшейінші. Мұның бәрін «Абыз Әбіш» деген тамаша атпен көлемді кітап жариялап, Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстарын халыққа ұсынуға бекінген Сауытбек Абдрахмановтың өз мойнына қандайлық үлкен жауапкершілік жүктегенін аңғарту үшін айтып жатырмын. Сауытбектің мына кітабын жазу тұрмақ, оқып шығудың өзіне біраз дайындық керек көрінді. Әсіресе, «Мәдениет мәйегі» деп аталған тарауында Әбіштің теориялық танымының тереңдігі, қиын ұғымдардың өзін біз сияқты орташа оқырманның өзіне ұғымды етіп түсіндіретін мәнері сондай әдемі жеткізілген. Мәдениетпен арнаулы министрлік қана айналысатындай көретін адамдар арамызда аз емес кезде бізге мұндай әңгіме өте керек. Өзім өнер адамы болған соң қатты қадалғаным, тіпті екі рет оқып шыққаным – «Өнер өрісі» деген тарау. Ахмет Жұбановтан кейін күй өнерін Әбіштей аспандатқан адам жоқ па дедім. Ойпырмай, Құрманғазы туралы толғаған тұсында тіпті қара сөз оқып емес, күй тыңдап отырғандай күй кешесің ғой енді. Әбіштің өнердің қай саласына қалам сілтесе де өрен жүйрік шығатынын Сауытбек оның Ахмет Жұбанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Серке Қожамқұлов, Қали Жантілеуов, Әбілхан Қастеев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Роза Бағланова, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Қалтай Мұхамеджанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов сияқты дара дүлдүлдер туралы жасаған баяндамаларын, жазған мақалаларын жіліктей талдай отырып дәлелдейді. Әбіштің жылы сөзін есту – жер басып жүрген әр қазақ үшін бақыт, өмірде жоқтардың үрім-бұтағына мақтаныш. Мына мен де, мысалы, Әбіш Кекілбаевтың Досқанның «Біржан салы» туралы «Еркіндікпен қоштасқан есіл дәурен» деген мақаласында фильмде өзім ойнаған би рөлі жайында жазғанын мақтаныш етемін. Әбіш сонда: «Жер түбінен келе жатқан бейсауат жолаушы көрінді. Асықпай аяңмен келеді екен. Кәрі би екен. Ұсталып қалған хабаршысының соңынан келеді. Жаппай құрақ ұша қарсы алды. Дәулет, Жанбай қайтіп орағытса да Кәрі би міз бақпады. Ақырында сөзден жеңіп, тұтқынын босатып әкетті. Бұл қазақ жұртындағы билік өнерінің шоқтығын асырған әйгілі сахна еді. Халық әртісі Сәбит Оразбаев халық ынтымағының діңгегі Кәрі бидің рөлін майын тамызып орындады. Не қимылынан, не сөзінен шәлкем-шалыс ештеңе байқалмады. Бәрі де алтын табаққа құйылған сары балдай аса дәмді шықты» деп жазған. «Егемен Қазақстанның» сол мақаласынан елу шақты көшірме жасатқанымды, реті келген жерде (немесе ретін өзім келтіріп) туған-туысқандарыма, тамыр-таныстарыма таратқанымды жасырмаймын. Неге десеңіз, талайды көрген басым бар, сексен беске келіп қалған жасым бар, әйтеуір, Әбіштің әулие сөзі кім-кімнің де мерейін тасытатынын жақсы білемін. Осы мақаланы жазып отырып, тағы бір рет тасқа басылып қалсын деп, жаңағы бағаны да әдейі сынамалап келтіргенім содан.
Мына еңбекті оқып шыққан адамда Кекілбаевтың кемеңгер екеніне ешқандай күмән қалмайды. Бір мысалын келтірейін. Парламентте тіл тағдыры таразыға тартылып, елімізде екі мемлекеттік тіл болып кете жаздағалы тұрған жерінен депутат болмаса да заң жобасын талқылауға қатысу үшін сөз сұрағанын, Нұрсұлтан Әбішұлының белден басып тұрып мандатсыз қаламгерге сөз алып беруімен ортаға шыққанын жазады Сауытбек. Сонда айналайын Әбіш залдағы өзге тілді азаматтарға қаратып: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз бе деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ба деп ойлап па едік?!» деген. Қауіптің беті сол сөзден кейін мәселе дауысқа қайта қойылғанда қайтқан. «Тіл тартысы» тарауында баян етілгендей осындай сәттерді қалай ұмытармыз? Ұмытпаймыз.
Ойшылдық туралы толғаныстар дегеннен кейін Сауытбектің кітабын әлі оқымаған адамдар кәдімгі ғылыми зерттеу сияқты көруі мүмкін. Олай емес. Кітаптың ғылымилығы ой тереңдігінде, теориялық байыптылығында. Ал мұның жеткізілуі өте тартымды. Автор Әбіштің ойшылдығын кәдімгі қазақы әңгімелеу мәнерімен-ақ әдемі дәлелдеп айтады. Осынысы менің жаныма тіпті майдай жақты. Бір мысал келтірейін. 1991 жылы Парламент сайлауына түскенде Әбіш Павлодар облысына барған сапарға Сауытбекті ерте кеткен екен. Ол кезде бұлар Орталық комитетте бірге жұмыс істеген. Одан бұрын кинода қатар істегені де бар. Баянауыл жерінде Әбекеңе неше түрлі сұрақтар қойылып, оның бәріне салмақты, салиқалы жауаптар қайтарылады. Әрі қарай Сауытбектің сөзін тыңдайық: «Әңгіме содан бастапқы жаймашуақ арнасына түсіп қалып еді, енді басқа бір ақсақал қолын көтерді. Бұл кісінің сөзі шымырлау шықты. «Айналайын, сенің өзіңе шатағымыз жоқ. Үлкен азамат екенсің. Дегенмен, біз де елміз ғой. Баянауыл деген атымыз бар. Біздің де осы бәйгеге салып отырған азаматтарымыз бар. Олар да елге қызмет етіп жүр. Сөзімізді сөйлеп, сол жерде отыратын шығар деп күтіп едік. Енді оларға не айтарымызды білмей қалдық. Өзіңнің де елің бар емес пе? Ол жақтан неге түспедің?», – деді. Зал тым-тырыс. Әбіш бұл жолы жауапты қысқа қайырды: «Ағасы, қазақта сөз бар ғой, «Тұлпарлығыңды сынағың келсе, арғымақ баптаған жерге бар – құлын кезіңді көрген жоқпыз деп қайтара қоймас бағыңды, жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар – әкеңмен табақтас болмадық деп сындыра қоймас сағыңды» деген. Мен бағымды арғымақ баптаған жерден, азамат өсірген елден сынайын деп келіп отырмын. Қалғанын өздеріңіз шешіңіздер». Әлгі ақсақал мықты екен. Сол сәтінде-ақ: «Ау, ағайын, мына жігіт текті адамның сөзін айтып отыр ғой, сөзді қойып, бәріміз осы жігітке дауыс берейік» деп қалың жұртшылыққа қарап еді, зал толы жұрт дуылдата қол соқты. Кейін сайлауда Әбіш жеңіп шықты. Дәл сондай нақыл халықта бар-жоғын әлі біле қоймаймын, оны Әбіштің сол арада суырып салып айтуы да мүмкін, олай болмаған күннің өзінде де табан асты сөз тауып кеткені және онысын бір өзінен он шақты академик шыққан Баянауыл еліне құрметін көрсете келістіріп айтқаны баршамыздың айызымызды қандырды. Шешендік деп те, көсемдік деп те осындайды айтады ғой». Рас, шешендік те, көсемдік те Әбіштің әр сөзінен танылып тұратын еді ғой, шіркін.
«Тәуелсіздік толғауы» деген тарауда Мереке Құлкеновтің Әбіш туралы айтқан «Ол – қазақтың саяси ой ағымын қалыптастырып, дамытып келе жатқан данагөй саясаткер» деген бағасының салмағы әбден байыпты дәлелденеді. Әбіштің елге еткен еңбегінің әр қыры қапысыз қамтылады. Тағы бір мысал. Ел басына күн туып, бізді көлденең көк атты басқарып тұрған кезде Әбіш Бішкекке арнайы барған екен. Шыңғыс Айтматовқа: «Өз төрінде өздері отырғандар бір амалын табар-ау. Бізді айтсаңызшы» деп бастап, республикадағы жағдай туралы ақтарып әңгімелеп берген екен. Сонда Шыңғыс: «Оң жамбасқа келсін де» деген екен. Енді Әбішті тыңдайық: «Көп ұзамай КСРО халық депутаттарының съезі ашылды. Ана жолғы кеште бірге болған бір жігіт телефон соқты: «Әбеке, телевизорды ашыңызшы», – деді. Ашсам – Мәскеудегі Съездер сарайының мінбесінде Шықаң сөйлеп тұр. «Қазақстанды бұдан әрі де бұрышқа тұрғызып қоюға тырысу қиянат», – деді әйгілі азамат. Есіме анадағы әңгімеміз түсті. «Оң жамбасқа келсін де», – деп еді. «Келген екен ғой» деп ойладым». Осыны Сауытбек қайтадан жаңғыртып, мынандай кітапқа таңбаламаса газеттің тігіндісінде қала берер еді. Әбіш Кекілбаевтың қаламгерлігі мен қайраткерлігі бір-бірін толықтырып жататынын осылайша ашады.
Әйгілі жазушының тарих білгірі екенін айқара көрсеткен «Тарих тағылымы», сыншылығын, зерттеушілігін тамаша танытатын «Әдебиет әлемі», туған жері Маңғыстау жайындағы баяндарын байыптаған «Өлке өрнегі» тараулары туралы айта берсем, әңгіменің ұзаққа кетіп қалуы мүмкін. Оларды жаңғақша шағып сөйлеуге сөз маңдайына емес, таңдайына біткен (жарықтық Серағаң осылай дейтін еді) әртіс адамның өресі жете бермеуі де мүмкін. Бірақ бұл кітаптың әр беті ойландыратынын, талай тұстары таңдандыратынын сеніммен айта аламын. Қаншама мәліметке, қаншама ойға толы болса да, осының бәрі өте қызғылықты, тартымды оқылады. Қаламгердің әдебиеттегі өзінің ұстаздары мен тұстастары туралы жазғанда ағыл-тегіл ақтарылатыны, жақсының жақсылығын жарқырата жазатыны, таланттың бар бағасын тамыршыдай тап басып беретіні айыз қандырады. Кең болмаған адамның кемеңгер болуы да мүмкін емес шығар, тегінде.
Академик ағамыз Серік Қирабаев заман қысып, сыннан көз ашпаған Мұхтар Әуезовтің өзі «ұлы жазушы» дегенді естімей кетті деп ескерткен екен. «Өкініші көп өткеннен алар сабағымыздың бірі де осы», – дейді кітаптың авторы. «Абыз Әбіш» кітабы Кекілбаев кемеңгерлігін кемел көрсетумен бірге, бізді қолда бар асылдарымызды ардақтауға, ұлылықты ұлықтауға үйретеді. Ең бастысы, оқырманын ойға шақырады, үздік үлгінің биігіне ұмтылдырады. Оның лайықты бағаланатынына өз басым кәміл сенемін. Жолы болсын!

Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты