286
Елордалық праймериз үміткерлері қала өмірін жақсарту жолдарын ұсынды
Елордалық праймериз үміткерлері қала өмірін жақсарту жолдарын ұсынды
«Nur Otan» партиясы елордалық филиалының «Алматы» ауданынан праймеризге қатысушылар ашық пікірталастардың бірінші кезеңін аяқтады. Үш күн бойы партиялықтар өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, модераторлардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды партияның елордалық филиалының баспасөз қызметі.
Пікірталастардың тақырыбы елордамыздың тұрғындарын толғандыратын мәселелерге арналған. Осы түйткілді мәселелердің барлығы партия өзінің сайлауалды бағдарламасында айқындаған қаланы дамытудың басым бағыттарының негізіне айналды. Экология, ШОБ дамыту, қоғамдық қауіпсіздік, газдандыру, үлестік құрылыс - бұл елорданың ТОП-10 толғандыратын мәселелерінің толық тізімі емес.
«Партияның елордалық филиалының сайлауалды бағдарламасының басты мақсаты - ең алдымен халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдай жасау. Қаламыздың дамуы «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» жоспарына сәйкес жүргізіледі. Пікірталас барысында қатысушылар осы проблемалық мәселелерді шешудің жолдарын ұсынып, елордадағы өмірді жақсарту бойынша өз идеяларын енгізуде», - деп атап өтті «Nur Otan» партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов.
Пікірсайыстың үш күнінде «Алматы» ауданынан қатысушылар бірқатар қызықты идеяларды ұсынды. Мәселен, Мұхаммед Болысбек халықты әлеуметтік қорғау мәселесін талқылаған пікірталаста елорданың тұрғын үй алаптарында жастарды қолдау орталықтарын ұйымдастыру туралы ойымен бөлісті.
Оның айтуынша, орталықта өскелең ұрпақ үшін барлық қызмет түрлері - ХҚКО, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, медиация бөлімдері және т.б. ұсынылады. Сонымен қатар, үгіт-насихат кезінде Мұхаммед «Жастардың қажеттіліктері» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізді, нәтижесінде орта және жоғары оқу орындарының түлектерінің көпшілігі тәжірибесі жоқ болғандықтан жұмыс таба алмайтындығы анықталды.
Пікірталастағы қызықты тақырыптардың бірі көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьеваға түсті. Бірнеше минут ішінде ол нөсер кәріздері мен тазарту құрылыстары проблемасын шешу жолдарын ұсынуы керек еді. Танымал спортшы өз сөзінде бұл мәселеге экономикалық тұрғыдан гөрі экологиялық тұрғыдан көбірек мән беру керектігін айтты. Оның айтуынша, бұл жүйелердің бұзылуы мен істен шығуы қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды нашарлатуы мүмкін. Шетелдік тәжірибені пайдалану, мамандандырылған мекемелерді тарту және санитарлық нормалар мен ережелерден бас тарту немесе қайта қарауды ұсынды.
Сонымен қатар, партияішілік іріктеу басталғаннан бері үгіт – насихат және ашық пікірталастар жүргізу барысында қандай да бір бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Праймериз 2020 жылдың 17 тамызында басталды. Тіркеу кезеңінде елорданың 403 тұрғыны өз кандидатураларын ұсынды, олардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынған азаматтар.
«14 қыркүйекте басталған үгіт-насихат және ашық пікірталас барысында елорданың ұйымдастыру комитеті айтарлықтай бұзушылықтарды анықтаған жоқ. Егер праймеризге қатысушы қателіктер жіберсе, партиялық бақылау комиссиясы жедел түсініктеме береді немесе ескерту жасайды. Пікірсайысты өткізіп алған қатысушыларда бар, мысалы, «Алматы» ауданынан 13 қатысушы пікірсайысқа түскен жоқ. Қазіргі уақытта ПБК мүшелері олардың қатыспау себебін анықтауда. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша оларға қатысты шешім қабылданады", - деді «Nur Otan» партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов.
Елордада ашық пікірталас 2020 жылдың 29 қыркүйегіне дейін жексенбіден басқа күндері күн сайын өтеді. Барлығы 9-10 адамнан 42 топ құрылды.