282
Праймериз: пікірталас тартысты өтуде
Праймериз: пікірталас тартысты өтуде
14 қыркүйекте «Nur Otan» партиясы партияішілік сайлауы – праймеризге қатысушы кандидаттардың жария пікірсайысы басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан дебаттар барысында үміткерлер өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынуда.
Ақтөбелік праймеризге қатысушылардың арасында білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге, экологияны жақсартуға өз ұсынысын айтқандар болды. Сондай-ақ жол сапасын жақсартуға жаңа технологияларды пайдалану, аулаларды абаттандыру мақсатында елімізде жоқ тәжірибелерді ұсынды.
«Праймеризге Ақтөбе облысынан тіркелген 486 кандидат 7 қыркүйектен бастап партияластарымен бетпе-бет және онлайн әдісімен кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. 14 қыркүйектен бастап жария пікірсайыстарға қатысып жатыр. Олар өңіріміздің өзекті мәселелерін ашық көтеріп, нақты шешімдер ұсынуы тиіс. Осындай түрлі ой-пікірлердің тоғысынан келелі ой, кемел идеялар туындайды», – дейді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Павлодар облысында праймеризге қатысушы 612 үміткер 89 топқа бөлінген. Алғашқы топтың жария пікірсайысы «Колос» мәдени ойын-сауық орталығында өтті. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ортаға салып, жиылған қауымды толғандыратын сұрақтарға жауап берді.
– Пікірсайыс үш кезең бойынша өтуде: алғашында кандидаттар өз мақсаттарымен бөліседі, әрі қарай бір-бірінің сұрақтарына жауап береді де соңында залға жиналғандардың сауалдарына жауап іздейді. Пікір алмасу барлық санитарлық ережелерді ескере отырып өткізілуде, – деп атап өтті партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко.
Пікірсайысқа қатысушылар аймақтағы шешімін күткен өзекті мәселелерді көтерді. Үміткерлер облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, аймақ экономикасын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, жас отбасылардың баспана сатып алуына несие мөлшерлемесін төмендету және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қолдауды арттыру жөнінде ой өрбітті.
Ал Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Веденовка ауылының мәдениет үйінде өткен пікірсайыста праймеризге қатысушылар елді мекендердегі түйткілдерді шешу бойынша өз жоспарларымен бөлісті.
Бурабайлықтар үшін ауыл шаруашылығын және туризм саласын дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және Щучье қаласын абаттандыру, қала ішіндегі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу де шешімін күткен мәселелер. Ал Кенесары ханның есімін иемденген Кенесары ауылдық округі облыс орталығы Көкшетаудың дәл іргесінде орналасқанымен, ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Зейнеткерлер пошта қызметінің сапасына жиі шағымданады. Сондай-ақ тұрғындар үшін мал жайылымы жоқтың қасы. Осы және өзге де мәселелер праймеризге қатысушылардың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Пікірсайыс барысында үміткерлер өз бағдарламаларында айтылған шараларды қалай жүзеге асыратындарын түсіндірді.
Шығыс Қазақстан облысында да кандидаттар қызу пікірсайысқа түсіп, өңір тұрғындарын мазалайтын сұрақтарды белсене талқылауда. Алтай ауданының үміткерлері Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы туристік инфрақұрылымды жақсарту қажетін, сондай-ақ Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазақ мектебінің ғимараты заман талабына сай емес екенін сөз етті. Шемонаиха ауданының кандидаттары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуды және шаңғы спортын дамыту үшін жаттықтырушыларға қосымша жұмыс орнын ашу мәселесін көтерді.
Солтүстік Қазақстан облысында праймеризге қатысушылар биліктің халықпен кері байланыс орнату, жолдарды жөндеу, азаматтардың азық-түлік себетін жақсарту, бизнесті, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту мәселелерін талқылады.
Білім беру жүйесін дамыту, кәсіпкерлерді қолдау мәселелері Батыс Қазақстан облысында өткен пікірсайыстар кезінде де жиі көтерілді. Бұдан бөлек, Оралда өткен алғашқы дебатта кандидаттар көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдіктерді арттыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, жұмысшы мамандығының беделін көтеру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Жария пікірсайыстар 30 қыркүйекке дейін жексенбіден басқа күндері күн сайын өткізіледі. Ел тұрғындары дебаттарды әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы тамашалап, праймериз кандидаттарына сұрақ қоя алады. Сондай-ақ қазақстандықтар партия филиалдарының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында өздерін мазалаған мәселелер жайлы жазып қалдыра алады. Бұл праймериз үміткерлеріне жергілікті жағдайды жақсарту бойынша дайын ұсыныстармен пікірталасқа қатысуға мүмкіндік береді. Халықпен кері байланыс сайлау алдындағы бағдарламаларды пысықтау үшін мүмкіндіктерді кеңейтетіні және бірлесіп оңтайлы шешімдерді табуға көмектесетіні сөзсіз.