50488
Сингапурдағы саясат мектебінің сарапшысы: Қазақстан Әнұранын естісем, ағыл-тегіл жылай беремін...
Сингапурдағы саясат мектебінің сарапшысы: Қазақстан Әнұранын естісем, ағыл-тегіл жылай беремін...
Бүгінде білім көкжиегіне ұмтылған жастардың шетелдің беделді жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуға мүмкіндігі көп, әлеуеті жетерлік. Бөгде елге білімін шыңдауға бет алған мұндай жастарға ерек қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүретін қандастарымыз да бар. «Қазақ студенттері келгенде алдынан шығып, алып-ұшып қарсы аламын» дейтін қандасымыз Жансұлу Әбдікерімқызы қазіргі таңда Сингапур Ұлттық университетінің жанынан ашылған Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебінде қызмет етеді. Мемлекеттік басқару ісі мамандығын оқыту бойынша ынтымақтастық орнатқан Қазақстан мен Сингапур елдері жоғары оқу орындарының арасындағы жобаға жауапты Жанcұлуға арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Жансұлу, Сингапур елінде қазақ студенттеріне көмектесіп жүретін сіз секілді қандасымыздың барын жиі естуші едік. Бүгінде өзіңізбен сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Қызметіңізді сөз етпестен бұрын, Сингапурға қалай барғаныңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Негізі, мен Моңғолияның батыс өлкесінде орналасқан Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген қазақпын. Мұндағы қазақ мектебінде он бір жыл оқығаннан кейін, арман қуып, ел астанасы Ұлан-Батырдағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Оқуды тәмамдаған соң жергілікті мектепте жұмысқа орналастым, десек те бұдан алатын жалақым түкке жетпеді. Сөйтіп, жекеменшік білім беру орталығына жұмысқа ауысып, мұнда қызмет етіп жүргенімде өзімді бір орында тұрып қалғандай сезіндім, оның үстіне ағылшын тілін әрі қарай дамытқым келді. Өйткені мен оқыған университетте ағылшын тілін екінші халықаралық тіл ретінде оқып, көбіне орыс тіліне баса мән берген болатынбыз. Сөйтіп, Ұлан-Батырда бірге тұратын әпкеме «Әпке, мен шетелге шықсам, көкжиегімді кеңітсем, ағылшын тілін ары қарай дамытсам қалай қарайсыз?» деп өтініп, рұқсатын алып, ақырында ағылшын тілін жетілдіру мақсатында Сингапур еліне келдім. Жоғарыда айтып өткенімдей, ағылшын тілінде базалық білімім болғандықтан, алты айға жалғасқан бұл курста тілді жетік меңгеріп алдым. Сосын Моңғолияға оралуға тура келді, мұнда үш-төрт ай жұмыс істеген соң, тағы да бір орынға тұрақтап қалғанымды сезініп, Сингапурға қайтып келдім. Сөйтіп, мұндағы жергілікті институтта бухгалтер және қаржы саласының маманын әзірлейтін бір жарым жылдық бағдарламаны оқыдым. Сол жылы дүниежүзі қаржылық дағдарысқа тап болған кез, жұмыс тапшы, жағдай мүшкіл. Мұндай жағдайда Сингапурда бірден жұмыс табу қиынға соқты. Сөйтіп жүргенде күтпеген жерден әлгі бір жарым жылдық бағдарлама бойынша мен білім алған институт директоры Қырғыз Республикасына барып жұмыс істеу туралы ұсыныс білдірді. Осылайша, 2009 жылы Бішкек қаласында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің экономика факультетіне жұмысқа орналасып, онда нарықты зерттеумен айналыстым. Біраз қиындыққа кезіктім, оның үстіне жұмыс тәжірибем жоқ, бұған дейін тек білімгер болып, оқып жүре бергенмін ғой. Бұған қоса, қанша жерден қазақ болсам да, қырғыз тілін түсіну жағынан қиналдым, қасымда жақын жандар жоқ болғандықтан жалғызсырадым. Сөйтіп, Сингапурға қайтып оралдым.
– Ал Сингапур Ұлттық университетінінің жанынан ашылған Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебіне жұмысқа қалай орналастыңыз?
– Сингапурға келген соң, мұнда жергілікті бір компанияда бухгалтер болып жұмыс істедім. Сосын 2012 жылы Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебіне жоба үйлестіруші қызметіне орналастым. Аталған мектеп дәл сол уақытта Қазақстанда жаңадан ашылған Назарбаев университетімен өзара ынтымақтастық орнатқан болатын. Осы жерге жұмысқа тұрған кезден бастап, кәсібім өрге дөңгеледі деп айтсам қателеспеймін. Қазақстандағы көпшілік біле бермеуі мүмкін, Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебі – мемлекеттік саясат саласы бойынша мамандар әзірлейтін Азиядағы ең ірі мектеп. Мұның Сингапур ұлттық университетінің жанынан ашылғанына он алты жыл уақыт болса да, осы жылдар аралығында бұл оқу орны Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің мемлекеттік басқару ісін жетілдіруге өзіндік үлес қосып, дүниежүзі бойынша мемлекеттік саясат саласында жетекші көшбасшыларды әзірлеп шығарған беделді оқу орны. Мұндай мықты жерде жұмыс істеп жүрген соң, қатарыммен тең болайын, осы саланы етене түсінейін деп Италияның Милан қаласында орналасқан Боккони менеджмент университетінде (SDA Bocconi School of Management) мемлекеттік басқару ісі бойынша магистратура бөлімінде білім алдым. Мұны бітірген бойда Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебіндегі қызметіме қайта оралдым. Сөйтіп, қазіргі таңда мұнда Назарбаев университетінде біздің мектептің қолдауымен құрылған мемлекеттік саясат мектебінің жұмысына толығымен жауаптымын. Сонымен қатар екі ел арасында қысқамерзімді бағдарлама жүргізу ісіне атсалысамын. Мектептің өзге университеттермен ынтымақтастық орнату процесін қадағалаймын. Бұдан бөлек, нарықты зерттеумен айналысамын.
– Білетініміздей, сіз жұмыс істейтін мектеп – Назарбаев университетінің стратегиялық серіктесі. Стратегиялық серіктес университеттер арасында студент алмасу бағдарламасы жүргізілетіні белгілі. Сонда Қазақстаннан Сингапурға барып оқитын қазақстандық студенттер де сіздің қарауыңызда бола ма?
– Иә, ынтымақтастық ережесіне сәйкес, Назарбаев университетінің студенттері осында келіп, үш апталық бағдарламаны интенсивті түрде оқиды. Айта кетерлік жайт, Назарбаев университеті ашылмай тұрғанда Қазақстандағы министрлер білімін жетілдіру мақсатында біздің мектепке арнайы келетін. Сондай-ақ біздің мектептің профессорлары да қысқамерзімді бағдарламалар жасақтап, елдегі қаржы және ұлттық экономика министрлігінде істейтін қызметкерлерді Қазақстанға барып оқытатын. Сосын Назарбаев университеті ашылып, нәтижесінде біздің мектеп, өзіңіз атап өткендей, бұл университеттің стратегиялық серіктес атанды. Сингапурлық студенттер де Қазақстанға арнайы бағдарламамен барып тұрады. Сосын тек біздің мектепте емес, өзге де еуропалық мектепте сабақ беретін білікті профессорларды Қазақстанға арнайы жібереміз. Екі тараптың арасындағы бүкіл мәселені реттеуге жауапты болғандықтан, әлгі үш апталық бағдарламада қазақстандық студенттерге бағыт-бағдар беріп жүремін. Бұдан өзге екі университет профессорларының біріге жүргізетін ғылыми зерттеулеріне көмектесемін. Жалпы, бұл ауқымды жобаның маңызын айтып жеткізуге сөз жетпейді. Десек те, осы жұмысым арқылы қазақтарға қатысы бар игі іске араласып, тарихи Отаныма бір табан болса да жақын жүргеніме ерекше қуанамын.
– Жұмыс барысымен Қазақстанға келіп-кетіп тұратын боларсыз? Алғаш рет Қазақстанға келгенде қандай әсерде болдыңыз?
– Иә, елге іс сапармен жиі келемін. Оның үстіне, ата-анамның Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келгеніне біраз уақыт болды. Еңбек демалысымды сол кісілерге арнаймын. Ал елге алғаш рет 2005 жылы келгенмін. Қазақстан аумағына кіріп келе жатқанда ерекше сезімге бөленіп, еріксіз көзіме жас алғаным есімде. Ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласына тұрақтадым, ол уақытта көздің жауын алатын жалғыз ғимарат – «Бәйтерек» монументі, ал мұның айналасы шаң-тозаң, қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатқан еді. Дегенмен қаланың көркіне көзім тоймай, көпке дейін араладым. Әсіресе, «Бәйтеректің» қасына келіп, мұның тарихын біліп, сыртқы пішінін көріп, қатты таңғалғанмын. Сосын Талдықорған, Алматы қалаларына қыдырып қайттым. Талайдың таңдайын қақтырған Алматының табиғаты мені де бейжай қалдырмады. Алматы демекші, жоғарыда айтып өткендей, Бішкектен жұмыстан шығып, елге қайтып келе жатқанда жолай Алматыға соқтық. Шекарадан өткен тұста желбіреп тұрған көк байрақты көріп, көлік ішінде отырып алып, ерекше толқып, бір жылап алғаным бар. Сосын Сингапурдегі Қазақстан елшілігі ұйымдастырып тұратын іс-шараларға барғанда, Әнұранды естісем болды, жылап сала беремін. Әнұран шырқалып біткенше, жылап тұрамын ғой (күліп). Бұл сезімді сөзбен сипаттап бере алмаймын. Неліктен жылай беретінімді де сізге түсіндіре алмаймын. Бұл – мәніне терең бойлай алмайтын ерекше бір сезім.
– Сізді елде қазақстандық студенттердің білімін ұштауға атсалысып жүрген маман ретінде танитыны белгілі. Осы орайда сізді Қазақстанға шақырып, мемлекеттік басқару ісіне қатысты әлдебір қызмет ұсынған кездер болды ма?
– Әлбетте, келіп түскен ұсыныстар баршылық. Қазақстандағы түрлі университеттер әкімшілігі, сонымен қатар, елде кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар жұмыс ұсынып, елге шақырған болатын. Көпшілік «Қосар үлесіңді сыртта емес, неге елге келіп қоспайсың?» дегенді жиі айтады. Моңғолиядағы таныстарым да осыны алға тартады. Екі елге қатысым бар азаматша болғандықтан, олардың айтқан бұл уәжі дұрыс та шығар. Дегенмен жеке басым сыртта жүрсем де, өзімді Қазақстанның ілгерілеуіне үлес қоспадым деп есептемеймін. Сингапурде жүрсем де, жүрегім «қазақ» деп соғады, ел жаққа қарай тартады да тұрады. Өзім өсіп-өнген Моңғолияда да ешқандай дискриминация көрмегендіктен, бұл елге де жүрегім елжіреп тұрады. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2012 жылдан бері Назарбаев университетімен байланысты жобаның басы-қасында жұмыс істеп келемін. Мұнда оқуға келген әр қазақты алып-ұшып қарсы аламын, аудиторияларына кіріп, хал-жағдайын сұрасамын, олардың жат елде жалғызсырамауын қадағалап, барынша көмегімді көрсетуге тырысамын. Өзімді екі ел арасындағы көпір деп санаймын. Сосын тағы бір айта кетерлігі, олар түрлі талқылауларға қатысқанда сырттарынан бақылап жүремін, сол кезде олардың тақырыпты сыни тұрғыда талдап, ұшқыр ойларын ортаға салып, күрделі пайымдауларын естіген кезде, сөздің шыны керек, қатты таңғалғаным бар. Талқылауға қатысқан өзге ұлт өкілдерінен асып түспесе, кем түспейтінін байқағанымда, мұндай өскелең ұрпақ барда Қазақстанның болашағы зор екеніне көзім жетті. Сосын соңғы он үш жыл бойы ағылшын тілінде сөйлесіп жүргендіктен, осында оқып жатқан өзге студенттердің Қазақстаннан келгенін түсініп, қазақша сөйлесем, олар артымнан іздеп келіп: «Ағылшынша судай сөйлегеніңізге, әрі ұқсас келетін бет-әлпетіңізге қарап, сізді сингапурлық деп ойлап жүрсек...Сіз мұнда қайдан жүрсіз? Қазақшаңызды естігенде құдды бір туысымызды көргендей болдық қой. Қатты қуандық!» деп таңғалысып, құшақтап жатады. Сол себепті өзге елде жүрсем де жанашырлық танытып, көмек қолымды аямай созып жүрмін. Қазіргі таңда мансабымның шарықтау шегінде жүргендеймін. Сол себепті көзге көрінген мүмкіндік арқылы біліктілігімді арттырып алғым келеді. Алдағы уақытта Қазақстаннан қызықты ұсыныс түсіп жатса, барғым келетіні рас. Қазақстанда білім саласында, соның ішінде жағдайы жоқ балаларға тегін оқуға мүмкіндік беретін ортада қызмет еткім келеді. Сосын Қазақстандағы жоғары оқу орнында оқымағандықтан, елдегі оқытушылардың сабақ беруі мені қатты қызықтырады.
– Назарбаев университетінде жүргізілетін дәрістердің біріне қатысып көрмедіңіз бе?
– Қатыстым. Өзіңіз білетіндей, мұндағы сабақтың түгелі дерлік ағылшын тілінде өтеді, әрі шетелден келген профессорлар сабақ береді. Ал мен өзіміздің қазақ оқытушыларының қазақша сабақ бергенін тыңдағым келеді. Бірде елге іс сапармен барған кезімде елордадағы Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты Қаржы академиясы студенттерінің сабағына қатысқым келген болатын. Сол жерде әйелдер құқығы бойынша дәріс оқитын оқытушымен танысып, ол өзі жүргізетін сабаққа келіп, қатысуымды өтінді. Соған ерекше қызығушылығым ауып, сабаққа қатысуға қатты асыққан едім. Дегенмен академияға кіру үшін арнайы рұқсат қағаз керек екен, ал оны жасату көп уақыт алатын көрінеді, оның үстіне уақытым тығыз болды, сөйтіп сол күйі кіре алмай кеттім. Қаржы академиясынан бөлек, ҚазҰУ, ЕҰУ секілді жетекші университеттерде де менің салам бойынша оқытылатын дәрістердің сапасы жоғары екенін естіп жүрмін. Сол себепті алдағы уақытта сол оқу орындарының дәрістеріне қатысып көргім келеді.
– ІТ саласында жұмыс істеп жүрген жастардың айтуынша, Сингапурда стартап жобаларын дамытып жүрген қазақтар жетерлік. Ал сіз мұнда қазақтарды көріп тұрасыз ба? Жалпы, Сингапурда қазақтар көп пе?
– Дұрыс айтасыз, мұнда ІТ саласы бойынша қызықты жобаға қолдау табу оңай болғандықтан, жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген қазақтар баршылық. Ақпараттық технология саласы бойынша мұндағы нарықтың мықты екенін біліп, арнайы осында келетін көптеген қазақты кездестірдім. Өз бетімен түсетін қазақстандық студенттер тағы бар. Сонымен қатар жақсы қызмет жасайтын қазақтар да бар. Дегенмен Сингапур әлемдегі ең қымбат қала болғандықтан, мұнда кәсібіңізді бірден бастап кету қиын, алайда мұндағы үлкен нарық пен бәсі биік бәсекелестік есебінен біліктілігіңді арттырып, сұранысқа ие болатын дүниелер жасауға мүмкіндік зор. Сосын Сингапур экватордың қасында орналасқандықтан, мұнда күн сағат жетіге таяу батады. Күн қысқа. Жұмыстан үйге келгенше, қарайып, кеш батады. Сөйтіп, жұмыс, үй деп жүргенде мұндағы қазақтармен жиі бас қоса да бермейсің. Десек те, екі-үш айда кездесіп тұратын, үнемі хал сұрасып тұратын қазақтар баршылық.
– Әңгіме арасында елге келіп-кетіп жүргенде уайым қылатын мәселелер туындағанын айтып қалдыңыз. Сізді алаңдататын не нәрсе?
– Білім беру саласында қазақстандық оқытушылар, студенттермен араласып жүргендіктен, мені адами құндылық мәселесі қатты алаңдатады. Бұл тек Қазақстан емес, дамып жатқан кез келген мемлекет ішінде туындайтын мәселе. Әралуан қоғамның дәурені жүріп тұрған уақытта, біздің кім екенімізді жоғалтпасақ деймін. Әлбетте, өзге тілді білуің керек, десек те өз тіліңді бәрінен жоғары қою керек екенін өкшемізді басқан сіңлі-інілерім түсінсе екен деймін. Мәселен, Францияға барсаң, француздар ағылшын тілін жақсы білсе де, сенімен әдейі французша сөйлеседі. Сол секілді көптеген елге барғанда сол елдердің тілінде сөйлеуге мәжбүрміз, ал Қазақстанға келгенде орыс немесе ағылшын тілінде сөйлей жөнелеміз. Елге келген өзге елдің азаматы да қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүр болсын. Жырақта жүрген соң, кейде қазақ тіліндегі сөздерді ұмытып, есіме түсіре алмай әлек боламын. Бұл – менің қателігім, мойындай-мын. Десек те, ана тілімді ұмытпай, ертең артымда қалатын ұрпағыма аманат етіп, таза қалыбында жеткізгім келеді. Өйткені, олар өзге тілде сөйлеп, қазақ тілін ұмытып кете ме деп алаңдаймын. Мұнда шетел азаматтары «Қайдан боласың?» деп сұрағанда, «Моңғолияданмын, бірақ қазақпын, қазақша білемін» деп әдейі айтамын. Себебі бұл – менің құндылығым, менің олардан өзгешелігім. Бір елде, бір жерде жұмыс істесек те, мен тіліммен өзгешемін, өз тілімді білетініммен өзгешемін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ