Илон Масктың жобасында жұмыс істейтін қазақ қызы: Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынсақ...

Илон Масктың жобасында жұмыс істейтін қазақ қызы: Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынсақ...

Илон Масктың жобасында жұмыс істейтін қазақ қызы: Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынсақ...
ашық дереккөзі
429
Әлемге аты мәшһүр америкалық кәсіпкер және өнертапқыш Илон Маск 2013 жылы жылдамдығы жоғары Hyperloop вакуумды пойызының жобасын ұсынған болатын. Қазіргі таңда бұл жоба жан-жақты әзірленіп, түрлі тексерістен өту үстінде. Десек те, бұл жобаның маңызын арттыру және Hyperloop концепциясы бойынша мұның прототипін құрастыру мақсатында Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының АҚШ-тың Калифорния штатындағы базасында студенттік командалар арасында жыл сайын байқау ұйымдастырылады. Аталған байқауға қатысу мүмкіндігін иеленген, Hyperloop вакуумды пойыз құрастырумен айналысатын студенттік команда сапында отандасымыз Жанна Ықылас та бар. Жанна қазіргі таңда Флорида университетінің студенті. Отыз адамнан құралған студенттік команданың ішінде жалғыз қыз инженер болып қызмет етіп жүрген небары жиырма жастағы Жаннамен арнайы сұхбаттасқан едік. – Жанна, әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды ақтарсам, әу баста инженер емес, қонақүй менеджменті бойынша білім ал­ғыңыз келген екен. Әдетте қыз­дар инженер маманды­ғы­ның қыр-сырын меңгеруге он­ша ұмтыла бермейді, әйтсе де сіз­ді инженерия саласы несімен қы­зықтырды? – Сізге бір қызық айтайын, 14 жа­­­­сымда әйгілі Marvel киностудиясы әзірлейтін «Темір адам – 3» ки­но­сын көріп, мұндағы басты кейіпкер Тони Старктың әлемді құтқару жо­лында көрсеткен ерлігі мен өжет­тілігіне таңғалып, өзім де бұл кейіпкердің әйел нұсқасы болуды ар­мандайтынмын. Оның үстіне, бұл кейіп­кердің Илон Масктың прототипі бойынша құрастырылғанын білген кезде, мен тіпті мұндай адам­ның тек кинода емес, өмірде де бар еке­ніне ерекше қуанып, мұндай өнер­тапқышпен бірге немесе дәл қа­сында болмаса да, оның иелігіндегі жобада жұмыс істегім келген. Десек те, есейе келе өзімді қай саланың маманы болғым келетінін білмей, ұзақ ойланып, қайда оқуға ба­рарымды білмей жүрдім. Сөйтіп, шетелге оқуға тапсыру үшін түрлі агенттіктердің көмегіне жүгіндім. Сондай агенттіктердің бірі Швейцарияның бір жоғары оқу орнындағы қонақүй менеджменті мамандығын жақсылап жарнамалаған соң, көңілім соған сеніп қалды. Сөйтіп, соған түсу үшін француз тілін оқуды қолға алған болатынмын.  Алайда менің болашағыма алаңдаған ата-анам бірде: «Мұны бітірдің делік, сосын кім болып жұмыс істейсің? Қонақүйде ресепшнде тұрасың ба? Басқа жөні түзу мамандық таңда!» деп қарсы болды. Сосын француз тілін үйретіп жүрген мұғалімім Францияның оқу орындарына түсу үшін бағымды сынап көруді ұсынды. Оның үстіне, үйден оқу орындарын жарнамалайтын көрмелердің бірінен алып келген кітапшаны тауып алып, мұның арасындағы бір оқу орнына ерекше қызықтым. Бұл оқу бағдарламасының ережесі бойынша, алдымен екі-үш жыл бойы Францияда, сосын қалған екі жылын әлемнің кез келген мемлекетінде оқып, нәтижесінде қос уни­верситеттен қос диплом алып шы­ғасың. Сөйтіп, 2016 жылы Ақтау­дағы экономикалық лицейді бітірген бойда Францияның Антип қа­ласының маңында, анығырақ айт­қанда, Ницца мен Канн қала­сының ортасында орналасқан Ницца-София Антиполис университетіне (University of Nice-Sophia Antipolis) биз­нес және инженерия факультеті­не оқуға түстім. Францияда үш жыл оқыған соң, бағдарлама ережесі бойын­ша мұндағы университетпен серік­тестік орнатқан өзге оқу орын­дарының арасынан келесі оқитын жер­ді таңдау қажет болды. Сөйтіп, бұл тізімнен әлем бойынша жетекші университеттердің бірі саналатын АҚШ-тағы Флорида университетін таңдадым. Осылайша, Еуропадан Америкаға көшіп, мұндағы Фло­рида университетінде білім алып жатқаныма бір жарым жыл болды.  width= – Еуропа мен Американың оқу жүйесі бір-бірінен несімен өзгешеленеді екен? – Айта кетерлік жайт, Франция­дағы оқуымның бірінші тоқсаны ма­ған қиынға түсті, себебі өзіңіз бі­­­­ле­сіз, елде ағылшын тілді ака­де­мия­лық деңгейде оқытпайды. Оған қоса, мектепте физика пәнін жақсы оқы­сам да, ағылшын тілінде оқыма­ғанмын. Бастапқыда көп нәрсені тү­сінбей, әлекке түстім. Сол себепті күн сайын физика туралы оқулықты алпыс беттен оқып отырдым, ма­ғы­насын сан мәрте тексеріп жүрдім. Сон­дай-ақ  ол жақта біздегідей еш­кім­нен көшіре алмайсың немесе оқы­ғаныңның тек мазмұнын баяндап немесе жазып бере алмайсың. Са­бақ үстінде есеп шешуің керек. Де­сек те, мұнда профессорлармен ты­ғыз байланыс орнату мүмкіндігі жо­ғары болды. «Мен – профессормын, ал сен – студентсің, ара­қа­шық­тық ұста!» деген қатынас тіпті жоқ. Ал Америкада олай емес, мұнда сұра­ғың келген нәрсеге профес­сор­дың көмекшісі жауап береді әрі мұн­да бір аудиторияда үш жүзден ас­там студент отырады. Жалпы, екі ай­­мақтың тұрмыс дәстүрі өзге­ше­ле­неді. Мысалы, Францияда мен тұр­ған кішігірім қалашықта кез кел­г­ен жерге жаяу барып келе ала­тын­мын. Ал Америкада көліксіз жү­ре алмайсың. Мұнда дүкендер мен тұрып жатқан жеріңнің арасы соншама алшақ. Дүкенге барып, азық-түлік сатып алу үшін үнемі бі­реуге өтінуім керек. Сосын Аме­ри­каға алғаш барған кезде, араласатын ортам жоқ, қолдау білдіретін таныстарым болмады. Францияда орыс­тілді ортада жүріп, еш жалғыз­сырамап едім. Сол себепті Америкада жергілікті аймақта тұратын­дар­мен дос болып, сол менталитетке бой үйретуге тура келді. Жалпы, еу­ропалық және америкалық мен­та­литет біз үшін тұтастай батыс мә­дениеті секілді көрінгенімен, екеуі­нің арасы жер мен көктей. – Сол Флорида университе­тін­де оқи жүріп, аз уақыттың ішін­де вакуумды пойыз құрас­ты­румен айналысатын Gatorloop студенттік команда са­пына қалай қабылдандыңыз? – Америкаға оқуға келген соң, мұн­да сабаққа және кітапханаға бару­мен шектелгім келген жоқ. Со­ны­мен қатар практика жағынан да жетілуді көздедім. Қолымда сту­дент­­термен алмасуға негізделген ви­за болғандықтан, маған жұмыс іс­теуге рұқсат жоқ. Сөйтіп, ин­же­не­риялық жобаларға қатысы бар сту­денттік ұйымды іздедім. Бір күні біз­дің факультет ұйымдастырған көр­меге келсем, мұнда түрлі сту­дент­тік ұйымдар, соның ішінде қа­зір құрамында мен жұмыс істейтін Gatorloop командасы да болды. Сөйтіп, бұл команданың баннерінде «Біздің қатысушыларымыз SpaceX, Tesla секілді компанияларда та­ғылымдамадан өтеді» дегенді кө­ріп, оларға жақындап, команданың тыныс-тіршілігі туралы сұрадым. Осылайша, олар бірер күннен кейін өте­тін өздерінің бірінші жиналысы­на қатысуға шақырды. Бұл жи­на­лыс­қа қатысқан соң, мұндағы жауапты мамандар командаға тіркелу­дің жолын түсіндіріп, алдағы уа­қытта командаға қай жағымнан пай­дам тиетінін қарастыратынын айт­ты. Негізі, мұндай командаға екі­нің бірі қабылдана бермейді. Де­сек те, команданың аяқ алысына үл­гере алмай, орта жолда шығып қал­ғ­андар да баршылық. Студент­тер­дің көпшілігі уақыт жағынан үлгермей жатады, бұған қоса, бұл – еріктілер атқаратын жұмыс, осылайша еңбекақы төленбейтін іс бол­ғандықтан, бұған маңыз беріп қа­ра­майды. Олар бос уақытында мұн­дай тегін жұмыс істегеннен гөрі, мей­рамханалар мен кафелерде нә­па­қа тапқанды құп көреді. Ал маған өз салам бойынша жетілу, алдағы уақытта мықтының мықтысы болу бә­рінен де маңызды болды. Сол се­беп­тен қазіргі күнге дейін сол команда қатарындамын.  width= – Жалпы, кезінде Илон Маск ұсын­ған Hyderloop жобасының қа­жеттілігін бірі білсе, бірі біле бер­мейді. Бұл жобаның басы-қа­сында жүрген сіз оның маңы­зын түсіндіріп берсеңіз. – Hyderloop жобасы негізінен екі компоненттен құралған: капсула және тоннель. Капсула вагоны іс­­петті дүние. Капсуланы вакуумды тон­нель арқылы жүргізеді. Кап­су­ла­ның іші ұшақтағыдай жасақталады, яғ­ни мұның ішіне кірген жолаушы өзін ұшақта отырғандай сезіне алады. Жалпылама айтсақ, аталған ин­новациялық технология пойыз бен ұшақтың қосындысы. Десек те, мұны пойыз немесе метро секілді қолдану оңай, қалаған станцияңыз­ға келіп, жоғары жылдамдықпен діт­теген жеріңізге лезде жете аласыз. Мәселен, болжаулы түрде айтсам, бұған мінсең, Ақтаудан Алм­аты­ға екі сағатта жетуге болады. Мұ­ны қазір мамандар бесінші транс­порт түрі деп атап жүр. Қазіргі таң­да бұл жоба тек бірнеше маманнан құралған топқа ғана қолжетімді. – SpaceX компаниясы осы жо­ба шеңберінде капсула құ­рас­тырудан үш-төрт жылдан бе­рі өз базасында студенттік ко­­­мандалар арасында байқау ұйым­дастыратыны белгілі. Был­тыр сіз командаңызбен атал­ған байқаудың келесі кезеңіне өткеніңізді хабарлап жаздыңыз. Қазіргі таңда пандемияға байланысты бұл байқау жалғасын таппай қалғаны түсінікті жайт, әйтсе де бұған қатысты қандай жаңалықтар бар? – Иә, біз былтыр командамыз­бен Флорида штатынан Калифорния штатына арнайы барып, SpaceX ком­паниясының ұйымдастыруымен өте­тін байқауға қатысқанбыз. Тү­сінуім­ше, бұл сайыстың мақсаты – Hyderloop концепциясын іске асы­руға болатынын дәлелдеу, жоғары жылдамдықты транспорт жасауға болатынын көрсету, сонымен қатар студенттерге және әуесқой инже­нер­­лерге бұл жобаның құрас­ты­рылуы­на атсалысуға мүмкіндік беру. Мұнда тек америкалық коман­да­лар емес, сонымен қатар өзге құр­лықтан да студенттік топтар бақ сы­насады. Қатысушылар SpaceX ин­женерлері құрастырған тон­не­льдің ішінде өздері әзірлеп әкелген кап­сулаларын тексерістен өткізеді. Ке­лесі кезеңнің өтетін мерзім бас­тап­қыда 2020 жылға шегерілді, кейін­нен ұйымдастырушылар 2021 жылға дейін шегеріп тастады. Бұған қоса, жарыс өтетін жерде жаңа тон­нель салынып жатыр. Мұның өзі бі­раз уақытты алады. Оның үстіне, пан­демия себебінен біз жұмыс іс­тейтін гараж да жабық. Сол себепті қол қусырып отырмау мақсатында бас­қа жобалармен жұмыс істеудеміз. Ал негізі көздегеніміз – әлгі сайыс­та топ жару. Біздің команда мен келгенге дейін 2016 жылы бұл сайысқа қатысқан болатын. Жалпы, сайыс­қа әзірлеп апарған капсуланы SpaceX инженерлері егжей-тегжей тексереді, студенттер өз бетінше құ­рас­тырған капсуланың қауіп­сіздігін тексереді. Бұрындары өзге ко­мандалардың капсуласы сол тон­нельдің ішінде тексерістен өту ке­зін­де жарылып кеткен жайттар бол­ған екен. Сол себепті де қыруар қа­ражатқа салынған тоннельді құр­тып алмау үшін, мұның әр бұрышы дерлік мұқият тексеріледі. Менің ко­мандам сол 2016 жылы бұл жа­рыс­қа қатысып, қауіпсіздік тестінен ары өте алмаған. Десе де, былтыр тағы бір мәрте бағымызды сынап көрелік деп, екінші мәрте қатыстық. Илон Масктың өзі «Компанияма жұмысқа тұрғың келсе, жоғары біліміңді растайтын диплом керек емес. Бастысы – бірдеңе құрастыра білсең болғаны» деп айтады. Сол се­бепті бұл – оның таланттарды танбай тануға арналған жобасы.  width= – Команда ішінде сізге жүк­тел­ген міндет қандай? – Мен мұнда бизнес және инновация саласы жөніндегі вице-прези­дент қызметіндемін. Бұл қызмет­ке мені команда мүшелері сайлады. Он­да мен екі рөлді атқарамын: бірін­шісі, команданың бренд имиджіне жауаптымын, екіншіден зерт­теу ісіне басқару жүргіземін. Мә­се­лен, докторант студенттер және зерт­теумен айналысатын профессорлармен байланыс орнату, зертханада тәжірибе жүргізу үшін рұқ­сат алу, түрлі эксперименттер жүр­гізу үшін университет әкімшілігімен байланысу секілді қызметке жауаптымын. Сосын әлбетте, инженер ретінде капсуланың құрылымына ат­салысамын, соның ішінде 3D дизай­нын әзірлеймін. Бұл – жалпы, өте ұзақ процесс. Десек те, командада әркім өз міндетін мінсіз ат­қаруының нәтижесінде жұмысымыз да өнімді болады деген ойдамыз. – Суреттеріңізге қарасам, ко­манда құрамындағы жалғыз қыз инженер екенсіз. Кілең ерлерден құралған топта жұмыс істеу қиынға соқпай ма? – Иә, мен – командадағы жал­ғыз қызбын. Жалғыз қыз инженері бы­лай тұрсын, кілең америкалық­тар­дың арасында жұмыс істейтін жал­ғыз шетел азаматымын. Командада жалпы саны отыздан астам адам жұмыс істейді. Олармен жұ­мыс істеу еш қиын емес, мұнда ген­д­ер­лік теңсіздік немесе қандай да бір шектеулер не болмаса кө­реал­маушылық жоқ. Мен олар секілді ко­ман­даның толыққанды мүшесі­мін. Негізінен олар мені қатты ба­ға­лайды десем, артық айтпаймын (кү­ліп).  width= – Жазбаңыздан белгілі бол­ған­дай, ара-тұра сізді «біздің ана­­­мыз» деп те атайды екен... – Иә, негізі қалжыңдап айтады. Жұ­мыста әркімнің лақап аты бар. Кейде жұмысқа небір тәттілер әзір­леп әкелемін. Сосын үнемі хал сұр­а­сып, жағдайларын бақылап жүре­мін. Жалпы, бұл біздің менталитетімізде бар дүние ғой. Оның үстіне, жоғарыда айтып кеткенімдей, бөгде елдің азаматымын. Олар менен Қазақстан туралы көп сұрайды. Сол себепті олар командасында мен секілді өзіндік ерекшелігі бар инженер қыз жұмыс істейтініне разы. –Жаңа бір сөзіңізде мұндағы оқудың аяқталуына үш тоқсан қалғанын айтып қалдыңыз. Оқу аяқталғанда, аталған командадан кетесіз бе, әлде қалай? –Иә, команда құрамында қалу үшін студент болуың керек. Ал мен үш тоқсаннан кейін оқуымды тәмамдаймын. Әлгі байқаудың келесі кезеңі оқуым аяқталғанша өткізіледі деп үміттенемін. Оның үстіне, Илон Маскты көзбе-көз көргім келеді. Себебі ол жыл сайын бұл байқаудың шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйлейді. Сосын жарыс барысында студенттермен ара­ласады, өз ойымен бөліседі. Сол себепті онымен жақыннан танысу арманым орындалса екен деймін. – Қос университеттің дипломын алған соң, қай жерде жұ­мыс істеуді жоспарлап отырсыз? Әлде оқуды әрі қарай жал­ғас­тырасыз ба? – Алдағы екі-үш жыл бо­ла­шақ­тың технологиясын әзірлеумен ай­налысатын ірі компанияларда ин­женер ретінде жұмыс істегім келеді. Ол болмаса, балама энергия көз­дерімен айналысатын компанияда қызмет еткім келеді, себебі өзім тек мұнайды қолданудан алшақтау ке­рек екенін қос қолмен қолдап жүр­ген болашақ инженердің бірі­мін. Сосын әлбетте, бакалавриат бө­лімімен шектеліп қалмай, магис­тратура бойынша білімімді ұшта­ғым ке­леді. Жалпы, Gatorloop ко­ман­­дасын­да жұмыс істеу білімім мен біліктілігімен үлкен ықпал ти­гізді, бұл кәдімгі жұмыс өтілі ре­тінде есеп­­теледі. Сізге айтарым, мен ма­ман­дық таңдаудан жаңылыс­паған жанмын. Осы ретте мамандық таң­дауда екіойлы болып жүрген жас­тар­ға айтарым, әркім өз жүрегін тың­дау керек екен. Сосын өз-өзіңе де­ген сенімің нық болуы қажет. Мен ин­женерияны таңдар кезде көп­ші­лігі түрлі пікір айтса да, ешкімді тың­­дамадым. Бізде көп ретте ма­ман­дықтың мәніне бойламай, жүр­дім-бардым таңдай салады ғой. Де­сек те, болашақта «өз табысым өзі­ме жетеді» деп отыратындай, еш­кімге алақан жаймайтындай дең­гей­де жұмыс істейтіндей өзіңе ұнай­тын маман иесі атануың керек. Со­сын жастар тың дүние жасаудан қо­рықпаса екен деймін. Уақыт өз­геруде, заман ағымына бейімделу ке­рек. Бұл – табиғат заңдылығы, кім бұған бой үйретпесе, эволюция­дан қалыс қалады. Сол себепті не­бір үрдістер мен жаңалықтарға іле­сетін қазақстандық студент бо­ла­шақтың технологиясын құрас­тыра­тын мамандар қатарынан табылатынына сенімдімін.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары