219
Ахуалың қалай, Алматы?
Ахуалың қалай, Алматы?
Алматының қашанда орны бөлек. Күллі қазақтың ғашығындай әсем қалада қандай оқиға болса да, бейжай қарамайтынымыз рас. Алатаудың бөктерінен алыс жүрсек те, елеңдеп, әркез құлағымыз түрік жүретіні де тектен-тек болмаса керек. Әлемді әлек қылған індеттің де әуелгі белгілері Алматыдан білінгені жанымызға батты, енді тез-тез Алматыдан аулақ кетсе, тұтас еліміз кесірлі кеселден құтылатындай көрінеді. Сондықтан мұндағы ахуалдың жақсарғаны бәріміздің көңілімізге медеу болары анық.
Жуырда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен Akimat LIVE бағдарламасында алматылықтардың сұрақтарына жауап берді. Эфир барысында әкім карантин шараларын жеңілдету барысы және шағын орта бизнес кәсіпорындары мен нысандары жұмысын қайта бастағаны туралы айтты. Қазіргі уақытта Алматыда 17,5 мыңнан астам шағын орта бизнес субъектілері жұмысын жандандырған. Қалалықтардың сұрақтарына жауап бере келіп, Бақытжан Сағынтаев эпидемиологиялық қауіпсіздік ержелерін сақтау өмірлік нормаға айналуы кереіктігін, індеттің беті қайтты десек те, босаңсуға болмайтынын қадап айтты.
Алматыдағы эпид ахуалға шолу жасасақ, 19 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-дың 13 938 оқиғасы тіркелген. 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 698,09-ге тең. Олардың ішінде 11 935 адам емделіп шыққан, бұл – науқастардың 85 пайызы. Вирусты симптомды жұқтырушылар саны – 8 322 адам болса, симптомсыз 5 616 адам тіркелген. Тәуліктік өсім 0,2 пайызға тең. Стационарлардың 86 пайызы бос.
Қала әкімі вирустың таралу тізбегін жою мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындарға баруға уақытша тыйым салынғанын да еске салды, оның ішіне Ұлттық саябақ аумағы да кіреді. Сонымен қатар демалыс күндері базарлар мен қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатады.
Шағын орта бизнес субъектілері жұмыстарын жандандырды
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысын қайта жандандыру infokazakhstan.kz порталында тіркелгеннен кейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұл мәселе 24 тамызға дейін толыққанды реттелуі керек. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен танысқан соң кәсіпкерлер санитарлық нормаларға сай акт алатын болады. Кәсіпкерлер нысанның толық жұмыс істеуі жөніндегі талапты орындауы тиіс.
Барлық субъектілердің 90 пайызы, яғни сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары (бутиктер), бөлшек сауда желілері және сыйымдылығы 30 пайыз және жалпы көлемі 4 шаршы метрден аспайтын жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараздар, СПА орталықтары, жалпы көлемі 4 шаршы метр болатын сұлулық салондары және тағы басқалары жұмыстарының қайта жанданғаны туралы хабарландыру беруге міндетті.
Ал вирустың таралу қаупі жоғары қалған субъектілер жұмыс комиссиясының тексеруінен өтетін болады. Олар – сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда алаңы
2 000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендер, сонымен қатар қызметкерлері арасында COVID-19 вирусының көрсеткіші жоғары нысандар.
19 тамыздағы жағдай бойынша 17 698 өтініш түскен екен, олардың 14 043-і (79 пайыз) мақұлданған. Оның үстіне, кәсіпкерлердің басым бөлігі (13 807) жұмысын шақыру тәртібі бойынша бастады. Қалғандары (236) аудандық әкімдіктер жанындағы мониторинг тобы тексеру жүргізген соң ғана жұмыстарына оралмақ. Егер белгілі бір себептер бойынша рұқсат етілмесе, онда кемшіліктерді түзетіп, жұмысты қайта бастауға болатыны да айтылды.
Қауіпсіздік ережелерінің сақталуы халықтың бақылауында
Әкім алматылықтарды санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелері бұзылған жағдайда бейжай қарап, салғырттық танытпай дереу хабарлауға шақырды.
Қалалықтар режим талаптарын бұзғандар туралы infokazakhstan.kz порталы арқылы хабарлай алады. Ол үшін суретке түсіріп жіберу жеткілікті. Осы арқылы кәсіпкерлер мониторинг тобы келгенше кемшіліктер мен олқылықтарды түзей алады. Әкім бұл шаралардың да белгіленген нормалардың сақталуына ықпал ететінін айтты.
Шектеу шаралары кезеңінде кәсіпкерлердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын бақылау үшін іріктеу мониторингі Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 5 шілдедегі «Санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру мен өткізудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығы негізінде Әкімшілік-құқықтық кодексінің 802-бабына сәйкес жүзеге асады. Әкімшілік шаралар Әкімшілік-құқықтық кодекстің 425-бабының 1-тарауы бойынша қабылданады.
Мониторинг топтары биылғы 5 шілдеден бастап 7 550 нысанды тексерген, олардың ішінде 2 952 обьектінің карантин режимін және маска тағу талабын бұзғаны анықталды. Рейдтер нәтижесі бойынша 4 496 субъектіде түсіндіру жұмыстары жүргізілген, 696 нысан жұмыстарын өз еріктерімен тоқтатқан. Әкімшілік-құқық бұзушылық негізінде 3 150 хаттама толтырылды, оның ішінде заңды тұлғаларға – 126, жеке тұлғаларға 3 003 айыппұл салынған. Маскалық режимді бұзғандары үшін 2 952 адам 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.
177 көшеге жол салынады
Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде жол инфрақұрылымын жасқарту бойынша атқарылатын бірқатар іс жөнінде айтып берді. «Жол, сумен қамту желісін салу, жарықтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, балабақшалар мен мектептердің құрылысын жүргізу жөніндегі барлық маңызды шешім тұрғындармен кездесу арқасында қабылданды», – деп атап өтті Алматы әкімі.
Бұдан бұрын Түрксіб ауданындағы «Қайрат» ықшамауданының тұрғыны аймақтағы жолдардың жағдайы нашар екенін айтып шағымданған.
Биыл осы «Қайрат» ықшамауданындағы 51 көшеге сумен қамту және судан бөлу желілері тартылып жатыр. 51 көшенің 26-сына асфальт бұрыннан төселген. Қалған жолдар бойынша жұмыстар жүріп жатыр, оның ішінде 7 жолда жұмыс толық аяқталыпты. 25 топырақты көшелердің 10-ына инертті материалдар төселген, 15-і бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған көшелерге жаңа жол салу келер жылға жоспарланыпты.
«Бірінші кезекте қандай мәселені шешу қажетін сол аумақта немесе ауданда тұратын адамнан артық ешкім білмейді. Мен тұрғындармен кездесу кезінде нақты ақпарат алатыныма талай рет көз жеткіздім. Мұндай кездесулердің қаншалықты пайдалы екені жөнінде сұрақ қойған жанмен толық келісемін. Әрине, жұмыстың бұл түрі одан әрі жалғасатын болады. Мен өзім ашықтықты әрі қала тұрғындарымен еркін әңгімелесуді қолдаймын», – деді әкім.
Жалпы, Алматы қаласы бойынша биыл ұзындығы 47,4 шақырым болатын 177 көшеде жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 18,6 шақырым болатын 112 көшеде жұмыстар сәтті аяқталған. Жыл соңына дейін ұзындығы 28,8 шақырым болатын қалған 65 көшедегі жолдардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа жолдар «Өжет», «Ұлжан-1», «Ұлжан-2», «Шаңырақ-2», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Дархан-Байбесік», «Трудовик» («Томирис»), «Алғабас-АЗТМ», «Жас қанат», «Қарасу», «Көкқайнар», «Ақбұлақ», «Саялы-2» ықшамаудандарында пайда болады. Бұларда шамамен алғанда 122 мыңнан астам тұрғын бар.
2020 жылға ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде ұзындығы 62,6 шақырым болатын 91 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қаланың 300 мың шаршы метр көше-жол желілеріне асфальт төсеу де көзделіп отыр. Ал жоспарланған тротуардың жартысынан көбі салыныпты. Бүгінгі күні 151 мың шаршы метр аумақтың жұмысы аяқталған.
Бұл – Akimat Live бағдарламасының үшінші эфирі, осы жолғы тікелей эфир барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының 20-дан астам өзекті сұрағына жауап берді.