441
Б.Сапарбаев: Жұмыс істемейтін билік өкілдері жұмыстан кетуі керек
Б.Сапарбаев: Жұмыс істемейтін билік өкілдері жұмыстан кетуі керек
"Халық биліктен жағдайының жақсаруын күтеді. Ол үшін билік жұмыс істеуі керек. Жұмыс істемейтін билік өкілдері жұмыстан кетуі қажет. Одан кейін билікте жершілдік, рушылдық болмауы керек. Бізде бір ру, бір жер бар", - деді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев баспасөз өкілдерімен кездесуінде.
«Қазақстанның Конституциясына сәйкес Қазақстан азаматы еліміздің түкпір-түкпіріне барып жұмыс істеуге құқығы бар. Енді біздің өңірдегі болып жатқан кадрлық өзгерістерге келер болсақ, өздеріңіз білесіздер, келген кезде, одан кейін де барлық басшыға айтып, талап қойдым. Жұмыс істейсіз, менің тағар кінәм болмайды. Жұмыс істемейсің, жұмыстан босатамын. Мен жігіттерге 9 ай уақыт бердім. Көбі тапсырманы орындаған жоқ. Сондықтан кейбіреулері орындарынан кетті. Мысалы, аудан, тіпті қала әкімі ауысты. Басқарма басшылары кетті», - дейді Бердібек Сапарбаев.
«Кейбірі әкімді алып тастауы керек еді деп айтқан. Қазір «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, әкім тағайындау үшін олар «А» корпусында болуы керек. Өкінішке қарай, облыста «А» корпусында 4 адам бар. Олардың ішінде әкім болатын ешкім жоқ. Шалқар, Темір аудандары әкімдерінің кемшіліктері бар. Тағы бір мүмкіндік берілді», - дейді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев өз қызмет жолында қызметінен айрылған шенеунікті жұмыссыз қалдырмағанын жеткізді.
«Мен еш уақытта жұмыстан босаған кісіні жұмыссыз қалдырмаймын. Өзінің деңгейіне қарай жұмыс беремін. «Әкім бола алмайсың, мына жұмысты істейсің» деп айтамын. Егер жұмысынан кеткен адамдар маған қарсы жұмыс істесе, олардың Ақтөбедегі тұрып жатқан халыққа қарсы жұмыс істегені деп білемін», - дейді өңір басшысы.