1422
Қазипа Мұхаметқали: Елге «не аламын?» деп емес, «не беремін?» деп келдім
Қазипа Мұхаметқали: Елге «не аламын?» деп емес, «не беремін?» деп келдім
Бүгінде атажұртқа келіп, өз кәсібін жүргізіп отырған іскер қандастарымыз аз емес. Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, этнодизайнер, Нazifa брендінің негізін қалаушы, «Ұлттық бренд» сыйлығының иегері – Қазипа Мұхаметқали солардың бірі. Отанына оралып, еңбек жолын шағын ғана тігін ательесін ашудан бастаған ол – бүгінде іскерлік әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырған кәсіпкер. Ұлттық ою-өрнектеріміздің бай мұрасын бүгінгі көзқарас пен талғамға сай түрлендіріп, сұранысқа ие жоғары сапалы өнім өндіріп, көптеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Талай қиындық пен сынаққа мойымаған батыл, ұлтжанды, еңбекқор жанмен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Қазипа Қалиқызы, атажұртқа қашан, қай жақтан көшіп келдіңіз?
– Мен Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында тудым. Мектепті, жоғары оқу орнын сол жақтан тәмамдадым. Сол жақта мемлекеттік мекемеде жұмысым да болды. Елге келу үшін Алматыдағы аграрлық университетке аспирантураға құжат тапсырып, оқуға түстім. Сөйтіп, 1997 жылы біржола көшіп келдім. Көші-қон бойынша қиындықтар болған жоқ. Ол кезде елге оралғандарға арнайы жәрдемақы, квота, үй де берілетін. Бірақ мен ешқандай құжат жинамадым. Бір жағынан, «не аламын?» емес, керісінше «мен Отаныма не бере аламын?» деген ұстанымым болды.
– Елге келгеннен кейін немен айналыстыңыз, бірден өз кәсібіңізді аштыңыз ба?
– Иә, аспирантурада оқып жүріп, өз күшіммен шағын бизнес бастадым. Бір бөлмелі пәтер жалдап тұрдым, сол жерде тігіншілікпен айналысып, «Әз сән» атты ателье аштым. 1999 жылы ательемді кеңейттім, заңды түрде тіркедім. 2001 жылы 40-қа жуық адамды жұмысқа алдым. Қазақ әйелдеріне жұмыс беріп, еңбекке араласуына ықпал ету – менің сол кездегі мақсатымның бірі еді. Ұжыммен жұмыс істеу де оңaй емес қой. Тaпсырыс түскенде жинaп aлып, тaпсырыс aзaйғaндa тaрaтып отыруғa дәтім бармады. Сол үшін өзіме серіктестер іздедім. Шaпқылaп жүріп 14 сауда нүктеcімен жұмыс істеуге келісім aлдым. Осылaйшa, қол aстымдaғы қызметшілерімнің де жұмыс орнын сaқтaп қaлдым. Одан соң «Азия дауысы» фестивалі аясында ХІ халықаралық жас модельерлердің байқауында бас жүлде бұйырып, кәсібім одан әрі өрлей түсті. Алматыдағы «Сымбат-сән» академиясында оқыдым.
Сөйтіп жүргенде аяқ астынан болған оқыс жағдай бір-ақ сәтте өмірімді түбегейлі өзгертті. 2000 жылы аяғым ауыр жараланды. Бар қаражатым ем-домға жұмсалды. Талай ауыр оталар жасаттым. Кәсібім де тұралап қалды. Солайша төрт жыл бойы орнымнан тұра алмай, төсек тартып жатып қалдым. Бірақ сол кезде де құр жата алмадым, орыс тілін үйреніп, одан әрі дамытуға бар күшімді салдым. Аяқталмаған оқуымды үйде отырып өз бетімше жалғастырдым, киімді кесіп-пішу технологиясын қытай теориясымен салыстыра отырып, «Киімді кесіп-пішудің қысқартылған үш өлшем теориясы» деген кітабымды жаздым.
Қайтадан аяққа тұрған кезде алдыңғы кәсібім бұрынғысынша жақсы жүрген жоқ. Ол кезде елде Қырғыз Республикасы, Түркия сияқты елдердің тауарлары көптеп таралып кеткен еді. Мен оған, өкінішке қарай бәсекелесе алмадым. Ғимараттарды жалға алу бағасы да біршама шарықтап кеткен. Қазақ тіліндегі сән журналын ашқым келді, бірақ оған да аса қызығушылық болмады ол уақытта. Содан туризм саласында біраз жұмыс істедім.
– Қолөнерге, өзіңіздің сүйікті кәсібіңізге қалай оралдыңыз?
– 2008-2009 жылдары өз кәсібіме қайта келдім. Сонымен бірге түрлі менеджмент курстарында оқыдым. Қытайда бастау алған «Ұлттық үлгідегі үй бұйымдары» атты шығармашылық жобамды қайтадан қолға алып, түрлі ою-өрнектерді зерттеп, үлгілерін жасаумен төрт жылдай айналыстым. Кейін мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істедім. 2004 жылы мектеп формасына қатысты жаңа заң қабылданып, мектеп оқушылары арнайы форма киетін болды. Мектеп формаларын тіктік, біраз жобалармен жұмыс істедік.
Кейіннен Aлмaтыдaн «Қуырдaқ» aтты aсхaнa aшып, ол жерде қуырдaқтың 20 түрін ұсындық. Дeгeнмeн бұл кәсіпте ұзaқ тұрaқтaп қaлуды мaқсaт eтпeдім. Кәсіппен айналысып жүріп тез шешім қабылдауға, тез әрекет етуге үйренеді екенсің. 5-6 айдың ішінде бірaз қaржы жинaп, ұлттық нaқыштaғы үй бұйымдaрын жaсaуды қолға алдым. Сөйтіп, қазіргі Hazifa жоғары сапалы үй бұйымдары брендінің негізі қаланды. Көптеген шетелдік тауарлармен иық тірестіре алатындай бұйымдар жасаймыз деп сеніммен айта аламын.
2016 жылы Астанада Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай «Ұлы дала мұрасы» атты алғашқы шығармашылық көрмеміз өтті. Көрмеде ою-өрнектері қайталанбайтын 25 түрлі тұскиіз картинасы және 25 метрлік кестелі қызыл жол кілемшесі көрермен назарына ұсынылды. «EXPO-2017» аясында Тәуелсіздік сарайында «Ұлы дала мұрасы» көрмесінің екінші бөлімі қойылды. Онда көрермен назарына ұлттық үлгідегі үй бұйымдары, ұлттық нақышта тігілген перделер, дастархандар, жастықтар мен көрпешелер, тұскиіз картиналары мен қоржын сөмкелер қойылды.
– Отандастарға деген сезіміңіз, қандастарға, жерлестерге айтар лебізіңіз қандай?
– Мен қайда барсам да, қайда жүрсем де ұлттық ою- өрнектерімізді дәріптеуге, насихаттауға, заманға сай етіп қайта жаңғыртуға тырысамын. Ою-өрнек біреуге қызық, біреуге таңсық, біреуге шимай болып көрінетін шығар. Ал сол шимай менің өмірімді жаңғыртты. Соның арқасында есімді жинап, ұмытқанымның бәрі санамда қайта жаңғырды. Өмірге көзқарасым өзгерді, мақсатымды айқындадым. Жарқын болашақтан үміт күттім, армандай алдым. Екі аяғымды тең басып, орнымнан тұрдым, таянған балдағымды қоқысқа тастадым. Сол ою-өрнектің арқасында этно-дизайнер болдым, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі атандым, Еуразия дизайнерлер одағының «Құрметті дизайнері» төсбелгісін тақтым. Сол ұлттық нақыштарымызбен алда әлі де талай биіктерді бағындыратынымызға, ұлттық құндылықтарымыз брендке айналатынына сенімдімін.
Менің түсінігімде, ұлтыңды сүю – сол ұлтыңның салт-дәстүрі мен құндылықтарын жоғары бағалаумен өлшенеді. Заман талабына сай ою-өрнектермен кестеленген ұлттық бұйымдарымыздың кез келген бір нұсқасы туған халқымның кәдесіне жараса, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.
Сұхбаттасқан Ділда УӘЛИБЕК