Алматыда террорлық әрекет орын алды

Алматыда Алмалы аудандық ІІБ маңы қоршауға алынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Куәгерлердің айтуынша, Никольский базарының аумағында атыс болып жатыр. Бұл жерде аудандық полиция басқармасы орналасқан. Сонымен қатар, куәгерлер көрші ғимараттардағы адамдарды кеңселерінен шығармай отыр екен.Таяу маңда орналасқан кеңседегілердің айтуынша, 10 рет оқ атылған. «Бастапқыда тапаншамен бір-бірден оқ атылды, кейін жылдам атыла бастады. Белгісіз біреу қолына автомат ұстап алып, Байтұрсынов көшесінің бойымен жүгіріп өтті, кейін артынан полицейлер қуды», – дейді олар.

Іле-шала антитеррорлық орталық Алматыдағы ІІАБ және ҰҚКД жасалған шабуылға байланысты мәлімдеме жасады. Алматыда 18.07.2016 жылғы сағат 12.20-дан бастап, Алматыда террористік қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Мұндай қадамға барудың себебі: Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚК департаментіне жасалған шабуылы түрткі болған. «Бұл шешімді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы ҚР Президентінің 2013 жылы 9 тамыздағы №611-ші Жарлығымен бекітілген, ақпараттарға мемлекеттік мониторинг жасау және лаңкестік қауіптіліктің туындауы туралы тұрғындарды хабардар ету жүйесін ұйымдастыру және жүзеге асыру бойынша қабылданды», – делінген ҚР ҰҚК-нің сайтында.

Алматыдағы ҮҰК Департаментінің ғимараты да қоршауға алынды. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем мен полиция ғимарат алдына келіп тұр, жарақат алғандар туралы хабарланып отыр.

18 шілде күні сағат 11 шамасында қылмыскер қалалық ІІД-нің Алмалы аудандық бөлімшесіне келіп, посттағы қызметкерді жаралаған. Кейін қаруын тартып алып, қашып кеткен. Қылмыскерді іздеу барысында «Боран» патруль экипажының екі қызметкері  оқ жарақатын алды. Кейін күдіктінің тұлғасы анықталып, қарулы қарсылық көрсеткен қылмыскер»Қазақконцерт» АҚ ауданында ұсталды. Күдіктіні ұстау барысында 2 полиция қызметкері оқ жарақатын алған. Өкінішке қарай, күдіктілер қаланың бейбіт тұрғынына оқ атып, ол оқиға орнында қаза тапқан. Жазықсыз жеңіл көлік жүргізушісінен бөлек, ауруханаға жеткізілген үш полиция қызметкері де көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, күдікті 27 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны. Ол демалыс күндері әйел адамды өлтірді деп айыпталуда. Қалада күдіктілердің бірін ұстау үшін барлық шаралар жүргізіліп жатыр.

Антитеррористік операция өтіп жатқандықтан алматылықтардан үйден шықпауы сұралды.  «18.07.2016 жылы Алматы қаласының территориясында антитеррористік операция жарияланды. Осыған байланысты барлығынан үйден шықпауды, адамдар жиналған жерлерге бармауды, күмән туғызған адамдар туралы құқық қорғау органдарына хабарласуды сұраймыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің әрекетіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.

Алматыда болған атыстан кейін жеті полицей жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметкерлерін қаруланған күзет қоршауға алғаны хабарланып отыр.

Осы жағдайға байланысты Алматы мен Астана қалаларындағы қару-жарақ дүкендері жабылды.

Back to top button