Жамбыл облысында 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады

Жамбыл облысында 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады

Жамбыл облысында 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады
ашық дереккөзі
ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев пен РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Жамбыл облысында минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану жөніндегі «ЕвроХим» минералдық-химиялық компаниясы» ААҚ жобасын іске асыру туралы Келісімге қол қойды. Жоба еліміздің оңтүстігіндегі Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруді және қуаты 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуды көздейді. Қазіргі уақытта инвестиция көлемі шамамен 270 млн долларды құрайды, алдағы уақытта тағы 800 млн доллар көлемінде қаржы салу көзделіп отыр. «Химиялық кәсіпорынның жұмысы Жамбыл облысында кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық бизнес байланыстарды нығайта түседі», – деді Ермек Көшербаев. Бүгінде «ЕвроХим» МХК» ААҚ фосфорит кен орнын барлау және игеруді бастау,  жыл сайынғы қуаты 640 мың тонна фосфорит ұны өндірісін құрайтын тау-кен өндірісі кешенін пайдалануға беру бойынша жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруды сәтті аяқтады. Жобаның екінші кезеңін іске асыру аясында қолданыстағы өндірісті кеңейту және келесі жылы химия саласындағы ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зауыт құрылысын бастау көзделіп отыр.