АҚШ радиолары Димаштың әндерін бере бастады

АҚШ радиолары Димаштың әндерін бере бастады

АҚШ радиолары Димаштың әндерін бере бастады
ашық дереккөзі
382
Америка Құрама Штаттарының радиостанцияларында Димаш Құдайбергеннің әндері тұрақты беріліп келеді. Бұл туралы dimashnews.com сайты хабарлады. Биылғы 28 мамырда «KMRD-LP.FM» радиостанциясы Димаштың әнін алғаш қойған күні аталмыш радио тыңдармандарының саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Қазақ әншісінің жанкүйерлері эфирді АҚШ-тың түкпір-түкпірінен тыңдаған. «KMRD» – Мадридтегі (Нью-Мексико) танымал радиостанция. Онда штатқа әйгілі жалғыз диджей Трифтидің (DJ Thrifty) бағдарламасы таралады. Бағдарлама күн сайын тау уақытымен сағат 21:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 9:00-де) әуе толқынына шығады. Қазақстандық орындаушының дауысына тамсанған диджей Трифти: «Расымен де, Американың радиоэфирлерінде бұл жігітке аз уақыт бөлінеді екен, ұзарту керек», – деген. Содан бері диджей Трифти өз бағдарламасына Димаштың әндерін тұрақты түрде қосып келеді», - делінген сайттағы ақпаратта. 24 мамырда «Dimash USA Fan Club» фан-клубының негізін қалаушы Алиса Келлог жұмыс істейтін галереяға Шон Грин (диджей Трифти) қонақ болып келген. Шонмен әңгіме-дүкен құру барысында Алиса сол күні оның туған күні екенін біледі. Алиса Келлог оған 24 мамырда дүниеге келген әншілердің бірінің фанаты екенін айтады. Диджей әнші туралы сұрастыра бастаған. Алиса бірден Димаштың композицияларының бірін қосып, тыңдатқан. Диджейдің қатты қызыққанын байқаған ол, радио эфирінде оның әндерін беріп тұруды ұсынған. Диджей Трифти ойланбастан келісімін берген. Кейін ол Д.Құдайбергеннің дауысын өзінің әріптесі – «KMRD» радиостанциясының тағы бір диджейі Гвендолин Заксусқа (DJ Gwendolyn Zaxus) тыңдатқан. Нәтижесінде, Гвендолин Димашты өзінің апта сайынғы екі сағаттық «Mad Talk» хабарына қосқан. Ал 17 маусымда ол қазақстандық орындаушының алты әнін эфирге беріп, хабарының 45 минутын Димашқа арнады. Сондай-ақ Техастағы «Dimash USA Fan Club Texas State» фан-клубының лидерлері осы штаттағы радиостанциялармен байланысқа шығып, Д.Құдайбергеннің әндерін қосу туралы ұсыныс жасаған. 18 маусымда Техас штатындағы «KKDA 730 AM» (DKnet.com) радиосының диджейі Кан Йери қазақстандық орындаушының «All by Myself» әнінің кавер-нұсқасын эфирге берді. Америкалық диджейлер қазақстандық әншімен таныстырғаны үшін фанаттарға ризашылығын білдірген. Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта Димаштың АҚШ-тың көптеген штатындағы фанаттары оның әндерін өз штаттарындағы радио толқынына шығару үшін белсенді жұмыс жасауда. «Бүгінде Американың радиостанцияларында Димаштың «SOS d’un terrien en détresse», «All By Myself», «Give Me Your Love», «Jamaica», «Лейла», «Любовь уставших лебедей», «Across Endless Dimensions», «Love is Like a Dream», «Сағындым сені» және «Be Happy» секілді әндері қосылды», - делінген сайттағы ақпаратта.  

Серіктес жаңалықтары